Руханият

Қылқаламдағы Қарағанды ажары

Қарағанды Суретшілер одағына биыл 60 жыл толып отыр. Қылқалам шеберлерінің басын біріктіріп отыр­ған одақ өзінің мерейтойын облыстық бейнелеу өнері музейінде атап өтуде. Өнер сүйер қауымға арнап көрме ұйымдастырды. Көрмеге одақ құрамындағы суретшілердің туындылары қойылды.

Сурет облыстық бейнелеу өнері мұражайынан

Бүгінде Қарағанды Суретшілер одағының құрамында 57 кәсіпқой суретші бар. Одаққа суретшілер ғана емес, өнертанушылар да қабылданған. Шеберлердің көбі мемлекеттік наградалармен марапатталған, беделді халықаралық байқаулар мен фестивальдерде жүлде алған.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрме экспозициясында танымал шеберлердікімен қатар өнер жолына енді қадам басып жатқан жас суретшілердің туындылары қойылған. Суреттің көбі – пейзаж.

Көрмедегі танымал графиктер мен суретшілердің арасында Владимир Троценко, Хайниса Мұстафина және Евгения Казакованың туындыларын көруге болады.

Айдархан Қалмахановтың, Виктор Аренттің, Сергей Чеченов­тің мүсіндік композициялары да осында.

Сәндік-қолданбалы өнерге де ерекше орын берілген. Мұнда Надежда Болюхтың жұмысымен танысуға болады. Көрме 8 қаңтарға дейін жалғасады.

– Қарағанды өңірінде талантты қылқалам шеберлері баршылық. Олардың әрқайсы сурет өнерінің түрлі жанрында табанды еңбек етіп, аймағымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып келеді. Осындай талант иелерінің басын қосып, өнерін елдің назарына ұсынуға алтын көпір болып отыр­ған Бейнелеу өнері мұражайына шексіз алғыс айтамыз. Мен пейзаж жанрындағы туындыларды қатты ұнатамын. Пейзаждардан өмір көремін. Жалпы, кез келген өнер туындысынан өмірдің шынайы бейнесін іздеймін. Өзімнің де өнерге жақындығым бар. Бірақ, нағыз суретшілердің қаламының құдіретін сыйлаймын. Сурет өнерінің жанкүйерімін. Маған әсіресе, Сергей Щеголихин, Мәдихан Қалмаханов, Фания Исламованың көркем суреттері ұнайды. Аталған өнер иелерінің еңбектерін тамашалап, ләззат алу үшін көрмеге арнайы келдім. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Риза болдым, – дейді қала тұрғыны Жәмилаш Сағитова.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button