Құқықтық дәріс біліктілікті арттырады
Қарағанды облысының прокуратурасында «Тиімді өкілеттілік» жобасы жүзеге асырылуда. Сотта мемлекет мүддесін қорғаушылардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жоба заң саласындағы бірқатар олқылықтарды жояды деп күтілуде. Мәселен, екі ай бұрын прокуратура тарапынан аталған жоба аясында талдау жасау басталған. Мұндағы басты мақсат – заңгерлік қызметтердің тиімді жұмыс атқаруы, мемлекет мүддесіне, сот актілерінің тұрақтылығына зиян келтіретін әрекеттерді жою.
Соған орай, облыс прокуратурасы 3 мыңға жуық сот актілеріндегі дыбыс және бейне хаттаманы қарап, сараптап шыққан. Заңгерлер мен қоғамдық ұйымдар арасында сауалнама да жүргізіпті. Нәтижесінде сот барысында қорғаушылар жиі қателікке бой алдыратыны анықталған.
Кең таралған қателіктер Бұзушылық реестріне тіркеліп, соның негізінде әдіснамалық нұсқаулықтар шығарылыпты. Ол нұсқаулықтар заңгерлерге іс жүргізу барысында көмек болады дейді прокуратура өкілдері. Сонымен қатар, заңгерлердің жүйелі түрде біліктілігін арттыру және нақтылауды қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Соның нәтижесінде, оқу базасының және сотта өкілеттілік мәселесі бойынша заңгерлерді қайта дайындықтан өткізудің жоқтығы анықталған.
Сондықтан, прокуратура бастамасымен Мемлекеттік қызметшілерді қайта дайындау және біліктілігін арттырудың аймақтық орталығы, Мемлекеттік қызмет істері бойынша департаментпен бірлесе, жеке құқықтық дәріс беру құрылды. Ол 24 сағаттан тұрады. Бұл дәрісті прокурорлар, судьялар, өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері өткізеді. Мамандардың айтуынша, бұл қадам сотта заңгерлердің мемлекет мүддесін кәсіби тұрғыда қорғауға ықпал етпек.
Жанна СЕДАЛИНА, облыстық соттың сот коллегиясы азаматтық іс бойынша төрағасы:
– Әрине, сот өкілдері сот процесі барысында тек кәсіби мамандар болғанын қалайды. Бұл сот жүйесін жандандырады. Жұмысты сапалы атқаруға септігін тигізеді.
Сонымен, аталған жоба мемлекет мүддесін діттейтін қорғаушылардың кәсібилігіне септігін тигізеді. Сот барысындағы олқылықтарды жойып, жаңа бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік беретіне сенімді прокурорлар.
Өз тілшімізден.