Владимир Тимофеев, музыкант: «Қазақ әні әлемнің ажарындай»

Төрт жасында Арқа перзенті болған Владимир бүгінде Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің сырнайшысы. Сырбаз сырнайда қазақ музыкасын әуелеткен жанмен мереке қарсаңында  бір ауыз тілдесе кеткенді құп көрдік…

– Владимир Петрович, өзіңіз һақында аз-кем тоқтала кетсек…

– …Көзімді ашқаннан бері Арқа төсіндемін. Әке-шешем Ресейдің Кемеровосынан техникум тәмамдаған соң жолдама алып,  Қарағандыға келіпті. Музыка әлеміне іңкәрлігім де осы жерден басталды. Әуел баста Октябрь ауданында орналасқан балалар музыка мектебінен орта білім алдым. Кейінірек Тәттімбет атындағы музыкалық училищенің шәкірті болдым. Одан соң Новосібір мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылдандым. Оқу бітірген соң педагогикалық училищеде жеті жылдай мұғалім болдым. Содан соң,  Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің сырнайшысы болып қызмет етудемін.

– Оркестр сырнайшысы ретінде ұлттық музыкаға деген көзқарасыңыз қандай?

– Алдымен Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестріне тоқталып өтсек, жарасар. Бұл жерде қызмет атқарып жүргенімді  ерек мақтан тұтамын. Себебі, бұл оркестр – республикамыздағы ең үздік шығармашылық ортаның бірі. Тәттімбеттей біртуар күйшінің есімін алған  оркестр халқымыздың саз өнеріндегі бай дәстүрді сақтап қана қоймай, оны дүние жүзінің сан түпкірінде насихаттауда. Біз қазақ халық аспаптары оркестрі болғандықтан, негізінен қаракөз халқымыздың бай мұрасын әспеттейміз. Сан жерде болып жүрміз. Көп халықтың музыкалық мәдениетімен таныспыз. Көзге көлгірсігендік емес, шынайы пікірім деп қабылдаңыз. Қазақ ән мұрасы әлемге әр беріп тұр. Қазақ әні әлемнің ажарындай.

– Өнер адамы туралы сөз қозғап, ол туралы оқырманға ойыңды жеткізу, оның жан дүниесін толық түсінбей қалам тербеу қиынның қиыны. Ал, әннің, саздың, күйдің құпия, сұлу, сиқырлы әуезін жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні аян…

– Сенесіз бе? Саз тілді қажет етпейтін құбылыс. Өнеріңіз үстем болса, тыңдарман, тіпті, орнынан тұрып, қошеметке бөлейді. Бірақ музыканы да адам шығарып, адам орындайды. Бәрі сазгер мен орындаушыға тікелей байланысты. Тегінде атқаратын сазыңыздың шып-шырғасын шығармай тың­дарманыңызды  еліту саяқтардың қолынан келерлік іс болса керек.

– Бүгінгі тыңдарман қандай өзі? Осы сауалымызға жауап бере аласыз ба?

– Қоғам бір орнында тұрмайды. Түсініктер мен құндылықтар алмасқан алмағайып бір заман. Ішкі жан дүниесіне үңіліп, ой қорытып отыратын буын кеміп барады. Ол – айқын нәрсе. Сондықтан, біз бен сіздің алдымызда жас өркенді музыкамен тәрбиелеу ісі тұр. Себебі, Тәттімбеттер болмаса, оның туындылары халқымызды тербетіп тұрмаса, қазақ та қазақтығынан әлдеқашан ажырап қалар ма еді деген күдік бар екендігі рас. Әлбетте, кез келген ұлттың төлқұжатына айналған алтынға бергісіз қазынасы бар. Қай халық болмасын, сол қазынасын ұмыт қалдырған күні болмысынан ажырайды. Бұл – факт.

– Алда 1 мамыр –  Қазақстан халқы бірлігі күні. Бәлкім, бұқараға жеткізер бір тілегіңіз бар болар…

– Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінде бейбіт өмір мен ынтымағы жарасып,  тұрмыс кешіп отырған еліміз үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің ізгі дәстүріндей, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің риясыз мейрамы. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең құнды һәм маңызды байлығымыз! Сондықтан, тілек – біреу. Ынтымағымыз жалындасын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.