Ресми

«Ветеринария адамзатты емдейді»

Былтыр бюджеттен өңір аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға 1,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Есепті кезеңге арналған ветеринариялық іс-шаралар толығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы жануарларының 12 және түрлі аса қауіпті ауруларына (сібір жарасы, аусыл, оба, қарасан, жоғары патогенді құс тұмауы, ринопневмония, жылқы сақауы, сальмонеллез, нодулярлы дерматит, шешек) қарсы 5,5 млн. вакцинация жүргізілді, зертханаға 1,4 млн. биологиялық сынама (қан, патологиялық материал) жеткізілді және зерттелді.

Сурет: басқармадан

Ауруларға оң нәтиже көрсеткен жануарлар қолданыстағы ережелердің талаптарына сәйкес санитарлық союға тапсырылды, иелеріне жалпы сомасы 72,8 млн. теңгеге өтемақы төленді.

Аталған кезеңде облыс аумағында аса қауіпті аурулардың 9 түрі (сібір жарасы, қарасан, құтыру, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, туберкулез, бруцеллез, құстардың ньюкаслы, туберкулез) бойынша 22 қолайсыз ошақ тіркелген. Одан әрі таралуына жол бермеу үшін карантиндік/шектеу шаралары уақытылы енгізілді. Бүгінгі таңда 17 ошақ сауықтырылды, 5 ошақта тиісті іс-шаралар жалғасуда.

Естеріңізде болса, былтыр Абай ауданының Топар кентінде тіркелген сібір жарасы адамға да жұғып, көз жұмған еді. Ветеринарлық тексеруден өтпеген бұқашықты сойған болатын. Осы ретте ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің назарын талаптарды сақтамау эпизоотиялық тұрақтылықтың нашарлауына ғана емес, сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратынына аударғым келеді.

Эпизоотияға қарсы ауруларға егілген мал басын уақытылы есепке алу және алдын алу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қажет. Бұл мақсаттарға 2023 жылы 162 млн. теңге бөлінді.

Жалпы, облыс бойынша 663,9 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары (ІҚМ – 198,1 мың, ұсақ мал – 305,9 мың, жылқы – 60,2 мың, шошқа – 99,1 мың, түйе – 344 бас) сәйкестендіріліп, дерекқорға енгізілді. Аудандар мен қалалар сәйкестендіруді жүргізу үшін қажетті атрибуттармен толық қамтамасыз етілді.

Мал қорымдарына тоқталатын болсақ, Қарағанды облысының аумағында эпизоотиядан өлген немесе алдын алу тәртібімен алынған ауыл шаруашылығы және үй жануарларының өлекселерін ұзақ уақытқа көмуге арналған 105 орын жұмыс істейді. Бұл 42 – типтік, 63 – қарапайым. Қосымша 18 инсинератор (өлекселерді жағатын пештер) бар, олардың 4-і – жылжымалы.

Мал қорымдарын ұстауға көзделген 42,6 млн. теңге ағымдағы жөндеуге бағытталды. Осы бағдарлама аясында 8 типтік нысанға жөндеу жүргізілді (Шет ауданы – 2, Бұқар жырау ауданы – 1, Ақтоғай ауданы – 3, Қарқаралы ауданы – 1, Приозерск қаласы – 1). Шет ауданында 7 және Абай ауданында 1 мал қорымын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Есепті кезеңде Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде ветеринариялық пункт салынып, пайдалануға берілді.

Ветеринариялық станцияларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасын жаңарту мақсатында: 1 «КамАЗ», 1 «Нефаз 8560-0» тіркемесі, 1 «УАЗ» автокөлігі, 1 рефрижератор-фургон, жаппай егуге арналған 273 аспап (Шилов аппараты), 17 Дьюар ыдысы, 136 Чип оқу сканері және дезинфекциялау жүргізуге арналған бүріккіштері бар 13 рюкзак сатып алынды.

Бұдан басқа, басқарманың құзыретіне мемлекеттік қызметтер көрсету кіреді. Өткен жылы барлығы 48 579 қызмет көрсетілді, оның 40 398-і ветеринария­лық анықтама беру, 8 181-і ветеринария­лық паспорт беру бойынша. Бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандық және қалалық ветеринариялық станциялар ішкі бақылаумен қамтылды.

Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыруға қатысты. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге облыс­тық бюджеттен 146,7 млн. теңге бөлінді.

Ағымдағы жылға, ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында іс-шараларды жүзеге асыру үшін 162,159 млн. теңге бөлініп, олар келесі, «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау­ды және жансыздандыруды ұйымдастыру» 010, «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау» 032, «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды бірдейлендіру» 033, «Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау» 034, «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын бірдейлендіру» 035 бюджеттік бағдарламалары бойынша бөлінді.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес үй жануарларын есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты, жануарларды қорғау ұйымдарының басшыларына, сондай-ақ ветеринария саласында емдеу­-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерге, есепке алудың «TANBA» ақпараттық жүйесі пайдалануға берілді.

«Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңына патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін қосымша ақы белгілеу жөніндегі заңға тәуелді актілерге сәйкес облыстың ветеринариялық мамандарына республикалық бюджет қаражаты есебінен жалақысы 35%-ға өсті және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру үшін жәрдемақы белгіленді.

Бүгінгі таңда жалақыны көтеру бойынша қабылданған бірқатар шараларға қарамастан, білікті мамандардың тапшылығы мәселесі бар: қажеттілік 66 бірлікті құрайды, оның ішінде жоғары білімді 41 маман. Бұл қызметтің сапасы мен тиімділігіне әсер етпей қоймайтыны анық.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметке ветеринария саласында орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша реформа жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, саланы цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрларды даярлау және жалақыны арттыру қажеттілігін атап өтті.

Уәкілетті органға ветеринариялық қызметтер арасындағы функциялардың аражігін ажырату бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Президенттің жүйені реформалау жөніндегі міндеттерін табысты іске асыру – ветеринарлық қауіпсіздік саласындағы көптеген өзекті мәселелерді шешеді.

Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ,
облыстық ветеринария басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button