Жаңалықтар

ҚУЫРШАҚ театры бар, ҚАЗАҚ труппасы жоқ

Қарағандыда «Буратино» қуыршақ театры бар. Бірақ, онда қазақ тілді труппа жоқ. Тек, бірді-екілі қазақша ертегіні көрермен назарына ұсынып келеді. Өзі бірнеше жылдан бері Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының құрамында. Ал, мамандардың айтуынша, қазақ тіліндегі қойылымдарға әртіс те, режиссер де тапшы көрінеді.

Шындығында, кейбіреулер бұл театрдың бар екенін де білмейді. Қуыршақ театры қойылымдарын тек теледидардан көргенін айтады. Бала күнімізде көк жәшіктен қуыршақ театрының актерлері жүргізетін бағдарламасын тамашалайтынбыз. Солардың ертегісін асыға күтетін едік. Осылай театр деген түсінік пайда болды санамызда…

Қуыршақпен ойнап өскен кішкентайлардың театрға келіп, қуыршақтың сөйлейтініне, қимылына таң қалары сөзсіз. Өйткені, олар қуыршақты «жаны жоқ ойыншық» деп біледі. Сүйікті қуыршағы сөйлесе, бала қиялын ұштай түспей ме?

Театр мамандары карантинге байланысты онлайн жұмыс істеп отырғанын айтады.

– Қазақ труппасы керек. Бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрміз. Алайда, труппа ашуға қаржылық жағдайымыз мүмкіндік бермейді. Арасында Сәкен театрының актерлерін шақырып, ұсынамыз. Әзірге «Буратино» қуыршақ театрында 25ке тарта маман бар. Облыстың бас санитар дәрігері рұқсат берсе, спектакльдер қайтадан басталады, – дейді Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев.

«Буратино» қуыршақ студиясының режиссеры Мария Якимчук та маман тапшылығын айтады. «Қазақ тілді актер, режиссер, басқа да кадрлар ауадай қажет. Мамансыз қойылым дайындау қиын. Бірақ, «Счастье Кадыра», «Медвеженок Рим-Тим-Ти» сынды қойылымдарының қазақша нұсқасы бар. Сұраныс та аса көп емес. Наурыз мерекесіне мемлекеттік тілде концерт қойдық. Билет сатып алғандар саусақпен санарлық», – деді ол.

Басқа жағынан ешқандай қиындық жоқ. Қуыршақтарды дайындау, оған әуен, жарық қою, сахнаны әрлеу сынды жұмыстарды атқаруға мүмкіндік бар. Әр спектакльге жеке қуыршақ, киім, декорация дайындалады.

Театр залы 65 көрерменге шақталған. Сенбі, жексенбіде күніне 3 қойылым қойса, сәуір-қыркүйек айларында жұма күні де қосылады. Сонымен қатар, 1 жастағы бүлдіршіндерден бастап, кішкентайларға арналған зал да жұмыс істейді. Оған аудан, ауылдарға шығатын іссапарларды қосыңыз. Балабақшаға да барады. Десек те, негізінен, тілі – орысша. Репертуарда 60-қа жуық спектакль бар.

Қуыршақ театры актерлері «сегіз қырлы, бір сырлы». Өйткені, мұнда қуыршақтың көңіл-күйі, қимылы һәм дауысы сәйкес келуі керек. Бұл – оңай іс емес. Дерекке сүйенсек, елімізде қазақ тілді қуыршақ театры актерлерін Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана дайындайды. Ал, олардың облысқа келуі қиын. Үй, жалақы мәселесі алқымнан алады. Олар мегополистерде қалып, жекеменшік кішігірім театр ашып, өздеріне жұмыс істейді, табыс табады. Тапсырыспен қойылымдар қояды, сериалға, киноға түседі.

– Қуыршақ театры секілді миды қозғайтын өнерге насихат жоқ. Насихат болмаған соң, сұраныс та кем. Насихатталса, сұраныс түсуі мүмкін. Қазір бәрі әнші, дыбыс жазушы, вайнер атанғысы келеді. Бізде қуыршақ тетрының актерлерін дайындайтын да маман қат. Табылған күннің өзінде, сол орыс труппасынан. Содан кейін, баяғыша орыс тілді актерлер шығады. Сондықтан, бұл өте күрделі мәселе, – дейді Тәттімбет атындағы өнер колледжі директоры Сержан Мұсайын.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымовтың айтуынша, театрда балдырғандарға арналған ертегілер қойылады. «Қуыршақ театрының балалар үшін жөні – бөлек. Әр қуыршақ театрында қазақ труппасы болуы тиіс. Өйткені, қуыршақ театры драма театрының көрермендерін дайындайтын киелі орын. Қуыршақ театрына барып үйренген бала, өскенде драма театрына қиналмай келеді.

Ал, қуыршақ театры актерлерін дайындайтын мамандар өте сирек. Алдағы уақытта жағдай тұрақталса, театр жанынан қазақ тілді қуыршақ театры труппасын ашу ойымда бар», – деді ол. Ал, «балалардың мейірімді, тәрбиелі болып өсуіне қуыршақ театрларының зор көмегі бар» дейді мамандар. Қазақ тілді қойылымның аздығы, оның насихатталмауы, қазақ труппасының жоқтығы мемлекеттік тіл мәртебесіне де кері әсер ететіні белгілі…

Наурыз мейрамы қарсаңында орыс труппасы «Бауырсақ» ертегісін екі тілде көрерменге ұсынған. Алайда, карантин қол байлады.

Жезқазғанда екі тілде труппа жұмыс істейді.

– Аптасына 2 рет спектакль қоямыз. Карантинде біршама қиындықтар туындағаны рас. Дегенмен, желіге жаңалықтарды жариялаймыз. Облыс біріктірілгенде жабылуға шақ қалып, С.Қожамқұлов театрына қосылды. Театрдың қуыршақ труппасы қазір соның қарамағында. «Қарлы гүл», «Кірпітайдың тоны» сынды ертегілер сұранысқа ие. Екі тілде қоямыз. Сұраныс түссе, қосымша сеанс ұсынамыз. Билет балаға 500 теңгеден басталады. Драма труппамызда «Маугли» сынды кең тараған туындылар бар. Әр мерекеге орай мерекелік қойылымдар да қоямыз, – дейді С.Қожамқұлов театрының басшысы Досхан Сәкен.

Қала тұрғыны Думан Нұрланұлы балаларын арасында қазақ тілді қойылымдарға апарады екен. «Кейде орыстілді қойылымдарға да барамыз. Бірақ, өз баба тілінде көргенге жетпейді ғой. Драма театрында ертегілер қойылады. Алайда, кейде оның балаға ауырлау екені де шын. Қуыршақ театры бала психологиясына тамаша әсер ететіні даусыз. Сонымен қатар, бала ондағы кейіпкерден үлгі алады. Сол себепті, қаламызда қазақы қойылымдар көптеп назарға ұсынылғанын қалаймыз», – деді ол.

Байқасақ, түйінді мәселе көп. «Үмітсіз – шайтан» демекші, алдағы күннен үміттіміз. Былтыр осы мәселе облыс басшылығы деңгейінде көтерілген еді. Сонда аймақ басшылығы: «Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына жаңа басшы келіп жатыр. Алда жаңалықтар боларына сенеміз» деп бұл мәселені жауапты басқарма басшысына жүктеген-тін. Сол жаңалықты әлі күтіп жүрген жайымыз бар…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button