Мәселе

Қуатты өңір болу үшін…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек», – деп мемлекетіміздің өркендеуі, аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты екеніне ерек тоқталған болатын. Президент Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолында әбден сараланған іргелі істерді алға тартты.

Сегізінші тармақ не дейді?

Жолдаудың сегізінші тармағына үңілер болсақ, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру қажеттігі сөз болды. Жақсылап ойланып алған болсақ, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті екеніне еріксіз көз жеткіземіз.

Еске салып өтсек, тәу етер Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бірнеше облыс елдегі ауыр ахуалға байланысты біріктірілген еді. Алайда, ұлан-байтақ жеріміздегі аумақтарды қысқартуға кей өңірлердің аудан, қала мәртебесінен айырылуына тұрғындар едәуір қарсылық та білдірген сол кезде. Осы ретте 2022 жылдың 16 наурызында жария болған Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанда бірден үш облыс жасақтау ұсынысын алға тартып, тарихи реформа жасады. Қарағанды облысынан еншісін алып, Ұлытау облысы бөлініп шықты. Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы дербес болды. Жер жәннаты Жетісуда екі облыс құрылды. Бұл теңдессіз қадамдар – Президент реформасының нақты іске асып жатқандығының айқын көрсеткіші. Жаңадан құрылған үш облыстың да өзіндік орны бөлек. Семейде Абай облысын құру әлемге әйгі тұлғамызды ұлықтау ғана емес, Семейдің әлеуетін көтеру екендігі һақ. Ішкі инфрақұрылымы әбден тозған, заманында Алаш арыстарының басын қосқан Семей шаһарының ахуалын жақсартуды көздеген Президент өз сөзінде тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиісті екенімізді қаперімізге салды.

Жаңа өңірдегі жаңа мүмкіндік

Ұлт кіндігі саналған Ұлытау облысы бұрнағы Жезқазған облысының аумағында құрылды. Бұл облысты құру экономикалық қана емес рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақияның дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындардың осында өткені халықтың жадында. Мұнымен қоса, Сарыарқаның төрі саналған бұл аймақтың туристік болашағы да зор сенім ұялатады. Иә, Ұлытау аймағының өз жолы айқындалуда бүгінде. Облыс орталығының шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына бұл күнге дейін қиындық тудырып келгені аян. Енді ілкімді шаралар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін беруде.

Мәселен, бұрнағы Қарағанды өңіріндегі апатты үйлері ең көп қала – Жезқазған. Бас жоспарға сәйкес, алдағы бес жылда мұнда 262 үй сүрілуі тиіс-тұғын. Бірақ ондағы тұрғындарды өзге баспанамен қамту мәселесі қиындық тудырып келген еді. Осының өзі бір қайғы болған. Енді облыс орталығына айналған, аймақта бұл мәселе оңтайлы шешіледі. Екі облыс болған қос өңір қақпанның екі жағындай кез келген мәселені жағымен қарыстырып барып шешер ұстаным ұстанатындай.

«Егер өңірдің өндірістік әлеуетін, туризм мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланса, талай шаруаның басы қайырылғалы тұр», – дейді жергілікті жұрт. Тұсамысы шешіліп, тұсауы кесілген үр жаңа облыстың жолдары да оңалмақ. Мәселенки, биыл жұртшылық көптен күткен «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары бастау алады. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үш жылға дейін созылады деп күтілуде. Дегенмен, Мемлекет басшысының күні кешегі алқалы жиында Ұлытау облысын құру туралы тапсырмасы Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жолдың құрылысын жеделдете түседі деген пікірде жол саласының білікті мамандары.

– Жалпы, еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын ең төте автожолдың тезірек аяқталғаны, біріншіден, көршілес екі облыс үшін ғана емес, тұтас оңтүстік өңірлердің жол-көлік логистикасын едәуір жеңілдетеді. Екіншіден, қанша жылдан бері жол азабын тартып келген халықтың қатынасы артып, екі өңірдің барыс-келісі, алыс-берісі мен байланысы нығая түседі. Үшіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі арқылы Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің жүк тасымалы да «Қызылорда-Жезқазған» автожолы арқылы өтетін болады. Сондықтан, дербес облыс атанған Ұлытау өңірінің басшылығы бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, автожолды мерзімінен бұрын аяқтауды көздейді деп ойлаймын, – дейді ардагер жолшы Мадияр Наркешбаев.

Айта кетейік, «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 204 шақырымы – Сыр өңіріне тиесілі. Жоба бойынша қаланың айналма жолы 14,6 шақырымы І санатты болады. Әрі қарай 12-216 шақырым аралығына ІІ санатты жол салынады. Бүгінде жобаны жүзеге асырушы мердігер компаниялар белгіленді. Наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ. Жол құрылысына шамамен 3 мың адам жұмылдырылады деп күтілуде.

Таразы

Сонымен. Облыстың екіге бөлінуі өңірдің әрі қарайғы дамуына кері әсер етпейді. Бұған дейінгі жоспарланған барлық инфрақұрылымдық жобалар кестеге сәйкес жүзеге асырыла бермек. Иә, кенді өңірдің тұрғындары үшін алпауыт компаниялар өзге облысқа кеткенде өңірдің өмірі не болмақ деген сынды сауалдардың көлденең тұрғаны рас-тын. Сандарға жүгініп келгенде жүйе құраушы алпауыт екі компания облыс бюджетінің тек 21 пайызын ғана беріп отырғаны аян болды. 17 пайызы – шағын және орта кәсіпкерліктің үлесіне тиесілі. Сондықтан, «Қазақмыс» компаниясының Ұлытау облысына өтуі Қарағанды облысының әлеуметтік міндеттемелерді өтеуге еш кедергі келтірмейтіндігі айтылды.

– Жергілікті бюджет облыстар біріктірілген сәттен бастап негізгі облыс орталығы Қарағандыға жеткізіліп тұратын еді. Қазір, менің ойымша, өңірдің «Қазақмыс» және ArcelorMittal секілді ірі компанияларының барлық бас кеңселері Астанада шоғырланған. Олар сол жерде салық төлейді, сондықтан жергілікті салықтардың көп бөлігі Астананың бюджетін толықтырады. Бұл Жезқазған, Сәтбаев және бірқатар аудандардың бюджеттеріне пайдасын тигізуі екіталай. Ірі компаниялар Қарағанды облысының бюджетіне қатты әсер еткен жоқ. Салықтардың негізгі бөлігі республикалық бюджетке түсті. Жергілікті бюджет шағын және орта бизнес есебінен толықтырылуда, – деді кәсіпкер Эльмира Мәлікова.

Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, сондай-ақ Ұлытау және Жаңаарқа аудандары Ұлытау облысына бөлінгеннен кейін, оның өз қаржыландыруы қайтадан пайда болды, бұл өңірдің дамуына мүмкіндік береді. Кәсіпкер жергілікті бизнес ғимараттар салуға және инфрақұрылымды жөндеуге, жұмыс орындарын құруға және жақын маңдағы аудандар мен ауылдардың тұрғындары үшін қаланың тартымдылығын арттыруға инвестиция салады деп күтеді. Ал, оны Қарағанды облысымен іскерлік белсенділікті күшейте алатын сапалы жол байланыстыратын болады.

Қарағанды облысы үшін «Атамекен» жергілікті кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов те айтарлықтай кері өзгерістер күтпейді. Оның пайымдауынша, өңірлер арасындағы өзара іс-қимыл логистикалық инфрақұрылымды жақсартқаннан кейін, атап айтқанда Қарағанды-Көкшетау жолын жөндеуден кейін ғана күшейеді. Онсыз да кейбір инвестициялық белсенділікті күтуге болады, бірақ өте қарқынды емес.

– Қарағанды облысы бөлінуден көп ақша жоғалтпайды: Ұлытау облысына бөлінген елді мекендерге жұмсалатын бұрынғы шығындарға пропорционалды бюджет қана кетеді. Бұл Қарағанды облысында инфрақұрылым сапасының нашарлауына әкелмейді. Бизнес үшін жаңа кедергілер болмайды. Қазақстан – біртұтас мемлекет, әкімшілік шекаралардың өзгеруінің мұндай салдары болмайды, – деп санайды Ернар Дауылұлы.

Сөз түйіні

«Бәрінен бұрын сөз бастау қиын» деген дана халықтың бүгінгі Президенті ақ сөзін Алаш баласына жолдады. Сөзіне дүйім ел сенді, жас-кәрісі тең сенді. Тұтас Мемлекет басшысының сөз бастағаны – жол бастағаны. Әу басында ойы онға бөлінген қамкөңіл елдің күдігі мен үміті таразы басын тең түсірген кездері болғанмен, салмақты байыпты реформалар жиыны іңірден шыққан күндей болашақ көкжиегін айқындай бастады. Әлеуметке әр кіргендей, тарғыл тасқа жан біткендей. Қомданған қыранын төстен қақпаған қырағы жұрт құс жолына байыппен қарап тұр. Еркіне қойған еркін елдің ертеңіне мұрат – бір, мақсат – мың! Бастысы – байыппенен іс тындыру. Әр бастаманың қадір-парқын жете түсіну. Райынан қайтпас ел ағалары алысты көріп, әділдікке құлаш сермесін деген тілек қылаңытады. Артқа емес, алға қадам басқан мемлекеттің кез келген бастамасы саламат болғай!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button