Әдебиет

Тынымбай Нұрмағамбетов. Қар астындағы ауыл (Әңгіме)

 

1951 жылдың 1952 жылға қараған қысы айрықша қарлы болды. Күндіз де, түнде де жауған қар көз жетер жерді түгел басып қалған. Тау да қар, дала да қар… Ал ас­панда тіпті қардан өзге ештеңе жоқ дер­сің… Әйтеуір, кейде жібектей түтіліп, кейде жа­палақтаған қардың бәрі де сол жақтан тү­сіп жатыр ғой…

Ауылдардың жатағандау тамдарының өзі жауған қармен бірдей болып қалғанда, азан­нан кешке дейін қар күреп, ана үй мен мы­на үйдің арасына жол салудың өзі кә­дім­гідей бейнет еді.

Бұғалтерлер дайындайтын курсты облыс орталығынан таяуда ғана бітіріп келген Сағымбайдың үйі осыдан екі жыл бұ­рын халық көптеу тұратын өзеннің бас жа­ғынан жаңа мектеп салынғанда, босап қал­ған ескі мектептің шеткі бөлмесіне ор­на­ласты да, ұзын дәліздегі қаңғыр-күңгір көп үйден бөлініп теріс беттен есік шыға­рып алған-ды. Шешесі, әйелі, інісі – төр­теуі­не әуелгіде бұрын класс бөлмесі бол­ған үй әңкиген үлкен, әрі суық көрінді де, жаз­да әрқайсысы әр бұрышта шашырай жа­тып, қыста бәрі де темір пеш орналасқан бұрыш­қа сығылысатын. Төсеген алашалары тылтыйып, өздері жататын бұрышты әзер жапты да, бір кебеже, бір сандықтары бұлардан қарадай үркіп, екінші бұрышта қалып қойды.

«Оқып, шаршап келдің ғой, біраз демал. Әзір­ге босай қоятын орын көрмей отырмын» деп, басқарма Исабай көңілін басып тас­таған соң-ақ Сағымбай үйінің төрінде күз­ден бастап жатып алған. Ауылда қолдан қол­ға тимей жүрген екі-ақ кітап бар. Бірі – «Мың бір түн», екіншісі – «Батый». «Мың бір түнді» екі рет, «Батыйды» бір рет оқып шы­ғып, енді не істерін білмей іші пысып, аш қарнын алақанымен сипап жатып бір жо­лы іштей «Немістермен соғыстың да ер­те бітіп қалғанын қарасайшы. Тым болмаса «Қай қала алыныпты?» «Гитлер жеңе ме, әл­де Сталин жеңе ме?» деп елеңдесіп оты­ра­тын» – дегені бар. Онымен де қоймай, бір топ іші пысқандардың ортасында отырып: «Жұрттың қара қағазын таситын поч­талық қызметтің де бұйырмай қалғанын қа­расайшы» дегені тағы бар. Сонда мұның сө­зіне үйіне қара қағаз келмегендер күлді де, үйіне қара қағаз келгендер күле алған жоқ. Сұқ саусақтарымен астарындағы ала­ша­ның бетін сызғылап, төмен қараған күйі отырып қалды.

Күнде таңертең Нұрлыбай інісі оқуға ке­теді. Шешесі ертеңгі шайдан соң-ақ қо­лы­на ұршығы мен бір шүйке жүнін ұстап көр­шілеріне барады. Үйде оңаша қалған ке­ліншек пен жігіттің әңгімесі біткен бе, тәйі­рі. Оның үстіне қосылғандарына жыл тол­маған болса… Сағымбай әңгіме айтса – Әкүл таң, Әкүл айтса, Сағымбай таң.

Дастарханға жүгері қуырып салып, қай­та-қайта шай ішетін әдеттері бар. Ондайда Әкүлдің құйған қара шайы бал татып тұрғандай дерсің. Бұл ауылда бидайдың ұнынан пісірген нанның өзі ілуде-біреу­ді­кін­де… Кәмпит те күнде көретін нәрсе емес. Қайсыбіреулердің кәмпит орнына құрт тістеп отыратын әдеттері бар.

Ұзақ оқудан кейін қатты сағынып кел­ге­нінің әсері ме, бұларға таңертеңнен кеш­­ке дейін бірінің бетіне бірі қарап отыру да таң болмай қалған. Дегенмен екеуі қа­шанғы өбісе берсін, Сағымбайдың кейде ер­мек үшін келіншегін жоқ жерден ашуландыратын да әдеті бар. Ашуландырарда ай­татыны – «Сенен бұрын Көлтоғанның бір қы­зымен әуейі болғанмын. Сен болмағанда соны алайын деп жүр едім. Серттесіп те қойып едік» дейді. «Сол қызыңа неге үйле­не бермедің?» деудің орнына Әкүл жылап қа­лады. Мінезі ұяң. Күйеуінің әзіліне әзіл­мен жауап беруге де айласы жетпейді. Со­ны біліп Сағымбайда жас келіншекке мә­тіби болып алған. Көлтоғандағы әуейі бол­ған қызының әңгімесі ескіріп, Әкүлді та­ғы бір жылатып алғысы келген кезде «Түр­кістанда да бір қызым бар еді, менен екі­қабат болып қалған» дейді. Бұл жолы Әкүл көбірек жылайды.

Сағымбайдың Әкүлді қайта-қайта жы­лату­ды қызық көретіні… кешкісін құрақ көр­пешенің үстінде құшақтасып жатып, та­туласулары қызық… Тәтті…

Ертеңіне інісі оқуға, шешесі көршілерге қы­дырып кеткенде Сағымбай зарлап сөй­леп, құрақ көрпешеге рахмет айтып жатады. «Сен болмасаң Әкүл екеуміз татуласа ал­май тарасып кетер ме едік… Сен бол­ма­саң аққудай Әкүлімнен айрылып, арманда қа­лар ма едім» деп…

Әкүл сылқылдап ұзақ күледі. Күлгені қан­дай! Күліп әрі ұялып отырып, бір-екі ауыз бірдеңе дегені қандай! Құдайым-ау жас адамдардың сезім құштарлығына дауа бар ма, сірә… Сосын екеуі бірін бірі жаңа­дан көр­гендей, ал кеп құшақтасады… ал кеп сүйі­седі…

Екеуі үйленерде шешесі тіккен құрақ көр­пеше, обалы не керек, бұларға күндіз де қызметін аямады…

Қар қалың түскен соң-ақ Сағымбай қо­лына күрек алып, қар күреуге кірісіп кет­кен-ді. Түске шейін күреді. Кешке шейін күре­ді. Сонда бітсейші… Оң жақтағы көр­шіге дейін жүз қадам… Сол жақтағы көр­ші­ге дейін жүз қадам… Мал қораға дейін елу қадам. Отын қораға дейін елу қадам. Там жанынан жаңа там соққандай қар де­ге­нің тау болып үйілді де қалды. «Ұзынмын» деп жүрген батырдың өзі дәл қазір тау ара­лап келе жатқан ергежейлідей ғана.

Келіншегі бір жүгіріп келіп «Тер қатып қа­лар» деп үстіне күпәйке жауып кеткен… Екін­ші келіп «Шай қойып жатырмын» деп жұ­батты. «Шай қойып жатырмын» деп мақ­тан­ғаны бұл аралықта енесі Омар қай­ны­сының үйіне барып, төрт-бес кілә бидай сұ­рап әкелген. Бидайды Әкүлмен екеуі еден­ге төгіп жіберіп, тазалап, қол диір­менге салып дығырлатып отырып тартты да, ұн екі табаға жететіндей болғанда, енесі қамыр ашытып, Әкүл шай қойды.

Содан Сағымбай да қар күреуден шаршап, жалыққан кезде Әкүл тағы да жүгіріп келіп «Бидай нанды табадан шығардым… шай да қайнады» – деді-ау. Бұл сөз «Етті қа­заннан түсірдім, ағаш табақта буы бұр­қы­рап тұр» дегенмен бірдей. Сағымбай ен­ді күрегін иығына салып, үйге қарай жүр­ді.

Бұлар шай ішіп жатқанда мектептен Нұр­лыбай да келді. Кітап-дәптерлері са­лын­ған шүберек қалтаны иығынан алмас­тан, дастарханның шетіне келіп жайғасқан. Аяғындағы етігін де шешер ме еді, шешпес пе еді, шешесі: – Алдымен етігіңді шеш­сең­ші, – деп тастамағанда. Сонда Нұрлыбай етігін шешіп жатып та, көздері таба нанды тесіп тұрды-ау. Дастархан шетіне жайғаса беріп, алғашқы айтқан сөзі де: – Бидай нан­ды қайдан әкелдіңдер-ей? – болды.

– Қайдан әкелуші едік? Өзіміз қолдан көм­дік те, – деді шешесі.

Бидай қайдан келді. Ұн қайдан шықты – Нұрлыбайдың онымен шаруасы жоқ. Таба нанның жартысын опырып алып: – Не­­ге күнде бидай нан көмбейсіңдер? – де­ді осы сөзімен өзгелердің бәрін айып­та­ған­дай қабағын түйе қарап: – Жүгері нан… жүгері нан… Менің жүгері нанды жегім келмейді.

Сағымбай мен Әкүл үндеген жоқ. Жауапты тағы да шешесі берді:

– Шырағым, жүгері нанды да табылып тұрса жерсің…

Енді дастархан басына үнсіздік орнады. Бірақ қарап отырған ешқайсысы жоқ. Бірі нан жеп, бірі шай ішіп отыр. Әлгінде опы­­­рып алған жарты таба наннан Нұр­лы­бай дастарханға қыйқым да қайырған жоқ. Түгел өзі жеді. Қалған жарты таба нан­­ның да көбісін Сағымбай жеді. Ене мен келін бір жапырағын ғана өзара бөліп, ауыз тиген болды.

– Кешке де бидай нан көмесіңдер ме? Жар­­тысын таңертең мектепке ала кететін – деген Нұрлыбайдың сөзіне де ешкім жа­уап қатқан жоқ.

Сағымбай түс ауа тағы да қар күреуге шы­ғып, отын қораға қарай жол салды. Ше­ше­сі шай ішіп отырып: – Омбылап барып, ом­­былап қайтып сұрағанда бидайды бер­геніне де рахмет. Балаларым бір тойды… Күнде-күнде бізге кім бидай бере берер дейсің, одан да отын қора мен мал қора­ның ­­жолын аш… – деген.

Әлгінде жеген бидай нанның күшімен бі­раз қимылдаған. Денесі терши бастаған кез­де үйден Әкүл шығып «Тер қатып қалып жү­рер» тағы да иығына күпәйке жауып, екінші күрекпен ол да қар күреген болды. Жұмысы өнімсіздеу болғанымен әдемі келіншегінің осылай жанында жүргенін Сағымбай жек көрген жоқ.

Ауылда өздері сияқты жаңа үйленген­дер де, үйлене алмай сораңдап, жер-көкке сыймай жүрген жігіттер де бар еді. Со­лар­дың үйлене алмағандары қар күрей жүріп, анадайдан мойындарын созып, бұларға қарады. Әрине қызықты. Бәлкім қызғанды. Осының өзі не тұрады. Ісі өнбесе де, әдемі көйлек киіп, әдемі орамал тартқан әдемі келіншегі қызыл пүлішпен тысталған жылы әрі ықшам елтірі күртешесімен ана тұстан, мына тұстан көз сұғын қадағандарды қы­зықтырып, жанында әлі де жүре бергенін қалап-ақ еді, кенет келіншегінің өз-өзінен «іш-ш-шай!» дегені. Деді де қолындағы кү­ре­гін қалың қарға қадай беріп, жүгіре ба­сып үйге кіріп кетті. Үйге қарай жүгіре бас­қ­анының өзі қандай сүйкімді еді. Дауыс­тап «іш-ш-шай» деуі де, үйге қарай жүгіре басқаны да бір есептен күйеуіне еркелегені сияқты-тын. Оны Сағымбай тү­сінді. Түсініп тұрып ішінен: «Осындай келін­шекті түнегүні ішім пысқанда Көл­тоғандағы қызымды бір, Түркістандағы қызымды бір айтып, жылат­қа­ным-ай» деп өкінді. «Осындай келіншегін де дені сау адам жылатар ма? Өкпелетер ме?» деп бірауық өзіне-өзі ұрысқан болды.

Отын қораның жолын ашып болып, енді мал қораға қатынайтын жолдың қарын кү­рей бастаған кезде күпәйкесінің бір жеңін сұғынып, екінші жеңін жолай сұғы­нып, аяғына гөрпілдеген саптама етік киіп, үйден Нұрлыбай шықты. Өзі ашулы. Бұр­қыл­дап, бірдеңе деп күңкілдеп жүр. Бірақ онысын ешкім де түсінбейді. Оның осылай жұрт түсінбейтіндей етіп бұрқылдайтыны да бар. Шамасы шешесі, әлде Әкүл «Сен де ағаңа көмектессейші» деп айтқан. Әншейін­де жұмыс істе десең, аяқ астынан басы әл­де іші ауырып, болмағанда ұстап отырған кі­табының кез келген бетін ашып, оқи қоя­тын қияңқы ғой. Әкүлден қалған күректі ұстай беріп:

– Сабақ оқиын десең, бір-р, – деді бұл жо­лы Сағымбайға әдейі естірте күңкіл­деп…

Сағымбай үндеген жоқ. Сосын саптама еті­гін әзер көтеріп, қарды ебедейсіз кешіп жү­ріп, ол да қар күрей бастады. Күреп жүр деген аты ғана. Қарды бір оң жағына, бір сол жағына шашып жүр. Әттең қолындағы күрегін лақтырып жіберуге ағасынан бата алмайды.

Нұрлыбай қар күреп жүріп те жайына қалмады. Есігінің алдын күреп жатқан құрдасы Мүтәліпті тілін шығарып мазақ­таған болып, анау бірдеңе айтып мұны келемеждеген еді: – Ертең мектепке бара жатқанда көресің көресіні, – деді. Ана бала жым болды. Осы кезде қар кешіп, алпа-салпа болған Мүтәліптің иті тұсынан өте қалып еді, қолындағы күрегімен белі­нен бір салғанда, ит қыңсылап қаша жөнел­ді.

Одан соң да қарап тұрмай бір кезде шал­барының бауын шешіп үюлі қардың бетіне сиді. Сигені де қызық. Шаптырып тұрып бір жазу жазды, онысы да оңған сөз емес. Сосын жазуды оқып тұрып, өз-өзінен жырқылдап күлді. Күлген күйі әлгі қардағы жазуды күрегімен сипап жіберіп қайта өшірді.

Зілдей саптама етігімен екі шақырым жердегі мектепке барып, қайтып келген соң пеш түбінде етпеттеп жатып сабақ оқы­ған, сосын қар күреген бала әбден сі­л­е­сі қатып шаршап, кешкісін ерте ұйықтап қалған. Жетілік шамның түбінде«Мың бір түннің» қайсыбір тұстарын аралап қана оқып отырған Сағымбай бір сәт кітабын жа­ба беріп: – Апа, осы балаң мектепке ба­р­са – мектеп у-шу, асық ойнаса – асық у-шу, мал қайырса – мал у-шу, ержеткенде қа­лай болар екен өзі? – дей беріп еді, кем­пір қиналмастан: – Қатын алған соң басылатын шығар, – дегені.

– Ойпырмай, апа, осы балаңның жыны бір қатынмен басыла қойса қанеки, – деп еді, шешесі бұл сөзіне де абыржымады.

– Бір қатынға жыны басылмаса, екі қа­тын алар да… Күйеуінің өтірік қиыстырған Көл­тоғанның қызы мен Түркістанның қызы есі­не түсті ме, кемпір екі қатын алуды айт­қан кезде Әкүл қызарақтап қалды. Әкүл қызарақтаған соң Сағымбайдың да үні өшті.

Қар күреу біткен соң Сағымбайдың қо­лы босады. Оқиын десе оңған кітап жоқ. Қар қалың түскелі ауданмен де байланыс үзілген. Газеттер келмейді. Күзде ғана Ресейдің бір облысынан келген рацияның тілін білетін жалғыз Пәзілбек қана. Оның өзі әлгі темірдің бұрандасын жарты сағат бұ­рап «Эрфви кратка-а… Эрфви кратка-а… один, два, три, четыре, пять… пять, четыре, три, два, один… Эрфви кратка-а» деп қай­та-қайта әлпештегенде аудан орталығынан көп қырыл-дырылдың арасынан:

– Бұл кім әй? – деген дауыс әзер естіліпті.

– Тау қыраны! – депті сонда Пәзілбек колхоздың паролін айтқан болып.

– Әй, «Тау қыраны», тірімісіңдер? – деп­ті әлгі дауыс.

– Тіріміз! – депті Пәзілбек сонда ерекше қуанышпен. – Бәріміз де тіріміз… жолдас… – дей бергенде рация үзіліп қалып, «Эрфви краткасын…» қанша қайталаса да, қайтып іске қосылмай-ақ қойыпты.

«Ол кімнің дауысы екен, сонда…» дегендерге Пәзілбек өз абыройын біраз көтеріп тастау үшін, әлде далбасалап… «Райкөмнің бірінші хатшысының дауысы… секілді» депті. Өзі райкөмнің бірінші хатшысын өмірінде көрмеген жанға да ауылдағылар кәміл сеніп «Біздің Саханың Пәзілбегі ауданның бірінші хатшысының өзімен-ақ сөйлескен екен сабаз… «Тірімісіңдер-әй» депті ғой. Жаны ашыған басшының сөзі осындай-ақ болмай ма?» деп бір-біріне айтып, дуылдатып әкетіпті. Сол дуыл енді ба­сылсайшы. Өзеннің бас жағындағы ауыл­дарда да осы әңгіме… өзеннің аяқ жа­ғын­дағы ауылдарда да осы әңгіме… Кол­хоздың кеңсесінде де… Мектеп пен дүкенде де осы әңгіме… Ағаділ ұстаға арба жасатуға барғандар да осы әңгімені есітіп­ті. Естіпті емес-ау, өздері осы әңгімені ай­­тып-айтып ұстаханадан ауыздары көпі­ріп шығыпты. Шығайын деп те шықпаған секілді. «Көп сөйлеп маған жұмыс істет­пе­діңдер» деп Ағаділ ұста бәрін қуып шы­ғып­ты-мыс…

Белгісіз адамның «тірімісіңдер-әй!» де­ген жалғыз ауыз сөзі тау арасында қар ас­тын­да қалған «Қазақстанның 30 жыл­дығы» атындағы колхоздың үлкен-кішісін бір серпілтіп тастады.

Осы сөзге екі-үш адам қосылған жерде мақтанатындар табылыпты. Табылғаны ғой, осы сөзді жуған болып, Пейіздің дүке­нін­де екеуара бір бөтелкеден арақ алып ішіп, қылжалақтап мас болып қалғандар да болыпты. Сонда «мас болғандар өзара нендей әңгіме айтты екен» дерсіздер-ау». Арманда қалмағаныңызды қалап айта салайық. Бірінші мас бірінші хатшының гүжілдеген даусымен айтыпты:

– Әй, «Тау қырандары», тірімісіңдер? – деп, сонда екінші мас аяғын әзер басып, өзін құлап кетуден әзер сақтап қалтаңдап тұрып, Пәзілбектің шіңкілдеген дауысымен:

– Тіріміз! – депті қуанып. Сосын екі мас қосылып, қол соғыпты да, соңынан құшақ­тасып сүйісіпті.

«Тірмісіңдер-әй» деген сөзге Сағымбай мақ­танған да, малданған да жоқ. Және Пәзілбек ағасымен шынымен бірінші хат­шының өзі сөйлескеніне күмәнді-тін. Күмән қылатыны – Пәзілбектің рация хабарын тыңдап отырған да ауданның бір Пә­зілбегі екенін ол шамалады.

Қайткен күнде де 1952 жылдың жел­тоқсанының үшінші онкүндігінде бұл ауыл­дың ең үлкен жаңалығы – қар астында жатып-ақ рациямен ауданмен байланыс­қаны ғана болды. Мәскеуде не болып жатыр, Алматыда не болып жатыр, ешкім еш­теңе білмейді. Орыс жаңа жылын бұл ауыл өмірі тойлаған емес. Мектеп пен кол­хоз кеңсесінде ғана «Ертең жаңа жыл екен» деген қаңғыр-гүңгір әңгіме болса бол­ған шығар. Мектептің қабырға газетіне бір суретші баланың елканың суретін салғаны анық. Бірақ анық не үшін салғанын ол баланың өзі де айтып беруі екіталай. Өйт­кені, бұл ауылда үлкеннің де кішінің де ойын­да «бұл орыстардың ғана тойы» деген ұғым.

Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан күні бойы жатып Сағымбай кейде «Ойпырмай, мынадай ішпыстылықтан қалай құ­тылсам екен, ә?… Не істесем екен ә?» деп қиялдайтыны бар. Көлтоғандағы өзімен әуейі болған қыз бен Түркістандағы өзінен екіқабат болып қалған қызды айтып, соңғы аптада келіншегін екі жылатты ма, әлде үш жылатты ма, анығы есінде жоқ. Әйтеуір сықсыңдап жылап отырып-ақ келіншегінің шай құйып бергені, сықсыңдап жүріп-ақ отын қорадан күйеуі бұтаған отынды құшақтап әкеліп, үй жылыту үшін от жаққаны есінде. Бәрінде де екеуі түнде татуласып, ертесіне келіншегі ештеңе бол­мағандай жайрандап кеткен.

Ол әңгіме енді ескіріп барады. Қайталай беру өзіне де қызықсыз. Ал «ішпыстылық­тан қа­л­ай құтыламын» деген қиял басынан шы­ғар емес. Құрақ көрпешенің үстінде шал­қасынан жатқан сайын ойлағысы кел­ме­се де ішпыстылық жайы ойына өз-өзі­нен орала кетеді. Істерге іс, айтуға сөз із­деп шерменде болған адам да ақыры мұ­рат-мақсатына жетеді екен-ау.

Өзеннің басқа иінінде тұратын Сейі­л­бек, Рәш деген құрдастары бар-тын. Со­лар­ға әртүрлі хат ұйымдастыруды ойлады да, құрақ көрпешенің үстінде әрі-бері аунап жатып, әлгі хаттарынан бірдеңе шыға­тынына анық көзі жеткен кезде барып, қолына қалам, қағаз алды. Қолы да жазуды сондай сағынып қалған екен, ақ қағаз­дың бетінде қаламды ой, қақшаңдатты-ау.

Әуелгі хатты өзі сияқтанып жұмыс таппай сенделіп жүрген құрдасы Сейілбекке жаз­бақ болды. Хатты көрші «Бірлік» колхо­зының басқармасы, өздерінің туысы Тасболат Жанпейісовтың атынан жазды.

«Қалқам Сейілбек!

«Бірлік» колхозының қой фермасының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзің­ді лайық көріп отырмын. Қолың тисе, ке­ліп жолыға аласың ба? Он күнге дейін ға­на сақтауға мұршам бар. Аудан басшылары «мынадай қыста мал фермасын бір күн­де басшысыз қоюға болмайды» деп ма­зам­ды кетіріп жүр. Оның үстіне жергілікті жер­де де«ферманы басқаруға мен ылайық­пын» дейтіндер жетіп жатыр. Алдыма күніге екі-үшеуі келіп кетеді. Өзіңді күтемін.

«Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов.

1952 жылдың 29-шы желтоқсаны».

Сағымбай хат соңына «басқарманың қо­лы да осыдан аспас» деп қайқайтып Жан­пейісов болып қол да қойды.

Қайтып оқып көріп еді, қатып тұрғандай көрінді. Іштей «Сейілбек осындай хатқа сен­бей отырса, Сағымбай атым өшсін» деп өзін-өзі жұбатып отырды да тағы да «Сен­беуі мүмкін емес» деп өзін-өзі жұбатты.

Өйткені, өткен жазда бұл бұғалтерлер әзір­лейтін курсқа аттанарда екеуінің Пейіз­дің дүкенінен екі бөтелке арақ алып, өзен жағасында оңаша бөскендері бар. Сонда Сейілбек «Айналайын Сағымбай-ау, мал санауды білемін. Өлген малды тірі малдан айыра аламын. Және оларды көп ұзатпай есептен шығарып тастауды да білемін. Ал ауырған малды емдейтін Павлов деген орыс бар. Әрқайсысына түйе­кештен төрт түйе алып берсең қойшылар қыста да, жазда да өзі көше береді. Қой­шы­­ларға қора мен кепе салатын жұмыс­шылар бар. Олар қыста жұмысшы болса, жазда шөпші. «Шөп жетілді, кірісіңдер» десең болды, әр малқораның басына екі кө­деден шөпті үйіп тастайды. Ал енді маған «фермабастық бола алмайсың» деп айтып көрші… Бір жараулы айғырға мініп алып кейде қойшыларды аралап, кейде кеңсе жағалап жүруді білмейді ме екенмін» деп бар арманын жайып салған. «Шіркін жыл­қы фермасын берсе, жылдағы соғымың менің мойнымда болар еді-ау» дей беріп «Әй, құрдасым, қой фермасының бастығы да сені аштан өлтірмес» деп, жырқылдап кү­ліп те алған. Солай күліп тұрып, қырлы с­та­кан­мен тартып жіберіп еді-ау са­ба­зың.

Екі бөтелке арақ бітер кезде келешекте бірі фермабастық, екіншісі колхоздың бас бұғалтері болуға келісіп тараспап па еді… Тіпті, серттескендей, екеуі құшақтасып сүйісті-ау… Әлде сүйіскен жоқ па еді… Ия соң­ғы жағы бұлдырлау бірдеңелер еді. Әй­теуір төбелесіп тараспағандары анық.

Сағымбайдың сүйісу мәселесіне күмән келтіргені… екеуінің де мас күйінде тарасу­ларынан да емес-ті. Бұл ауылда еркек пен еркектің сүйісуі бола бермейтін жай. Ең бас­тысы екеуі екі саланы басқаруға уәде­лес­кендері ақиқат…

Демек, Сейілбектің «фермабастық бо­ласың ба?» деген сөз естілсе болды-ақ, құс­тай ұшары анық. Және туыс болған­дықтан Тасболаттың мына шақыруынан секем алмайды. Сенеді. Әзірге Сағымбайға керегі де осы ғана еді.

Екінші хат жазуға тиіс адамы – Рәш бо­латын. Ол осыдан екі жыл бұрын Қазалы техникумын бітіріп келіп, малдәрігердің көмекшісі қызметін атқарып жүрген момын жігіт еді. Соңғы айларда ауырып, төсек тартып жатқанын естіп, бір рет көңілін сұ­рап қайтқаны да бар. Аурулығын есіне алып, хат жазудан айнығысы келіп, біраз отыр­ды да «Құрдасыммен ауруынан айық­қан соң ойнаймын» деп күтіп отыратын қа­зақ бола ма?» кенет өз-өзінен еліріп, ал­дында жатқан қалам-қағазға ентелей түскені. Қолының қандай да болса жазуды сағынғаны сондай, әлгіндегі Сейілбектің атына жазылған хатты місе тұтар емес. Та­ғы да бірдеңелерді жазғысы келіп сау­сақтары өз-өзінен жыбырлап тұр.

Не керек, Сағымбай Рәштің атына жа­зы­­латын хатты да бастап кетті. Рәштің Қа­­залыда бір баламен қалған нақсүйері болып жазып отырғандықтан Рәштің ке­лін­шегі Бейбіт түгілі, ересек адамдарда се­ніп қалатындай, аман-саулықтың өзін өте салмақты бастады да, сосын барып ғашықтық мақамға көшті.

«…Рәш-ау, өзіңді, баяғы бақытты күн­дерімізді ұмыта алар емеспін. Қазалының шетіндегі шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген аласа тамда екеуміз қанша күнді, қанша түнді бірге өткіздік. Құдайым-ау, түнімен отырушы едік-ау. Қанша рет сол себепті сабағыңа да кешігіп қалғансың.

Ал енді сенің қазіргі тәртібіңе келейін. «Ай сайын соғып тұрамын. Жолаушылар пойы­зына міне алмасам, жүк пойызына жар­масамын, сөйтіп Жаңақорған мен Қа­залының арасын жол қыламын» деген уәдең қайда? «Аман болсам қаракөлден ішік тіккізіп беремін» деген сөзің қай жерде қалды? Дегенмен мен сенен әлі күдер үзген жоқпын. Үмітімді үзер жөнім де жоқ. Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір бір жарым жаста. Ол бала туралы да анда-санда ойлап қоятын шығарсың? Қазір ол қаз-қаз жүре бастады. Былдырлап бірдеңе дейтіні де бар. «Сенің әкең қайда?» десем «Оу-у-у-у» деп шығыс жақты нұсқайды. Сосын орындыққа жармасып шығып, сенің қа­бырғада ілулі тұрған суретіңді көрсе­те­ді.

Жақында жылқышы ағам жарты жыл­қының етін әкеліп тастады. Жолаушылар пойызымен-ақ жарқырап келіп, бір жеті мау­қымды басып, жатып-демалып кет­пейсің бе? Ғаламатпен екеуміз есіміз шы­ғып қуанып қалайық. Осылай етер деп ен­дігі жерде өзімді-өзім жұбатып отырған да жайым бар.

Ғаламат екеуміз күтеміз. Хош. Ынтық ықы­ласпен!» дей беріп Сағымбай енді жас келін­шекке тәуір ат іздеді. Өзіне салса ең тәуір ат Әкүл сияқты. Бірақ бұлай жазса бар еңбегі зая кетеді ғой. Бірауық ойланып, «Сәлима» дей салуға қаламын оңтай­лай берді де, қайта айныды. Сосын қо­лын­дағы шошаңдап тұрған қаламын ақ қағазға тірей беріп «Гүлайна» деп жазды. «Келін­шектің атының осылай әдемі болмағы Рәштің Бейбітінің қызғанышын лаулатпаққа керек» деп шешті іштей. Сосын құрақ көр­пешенің үстінде шалқасынан жатып «Сөзі де, аты да нағыз сылқым келіншектің өзі бо­лып шыққан жоқ па!?» деп масаттанды.

Екі хатты екі конвертке салып, желім­деді. Екеуіне де осы ауылдың адресі, құр­дастарының аты-жөндері жазылар жерде Сағымбай кенет ойланып, оң қолындағы қаламын сол қолына ауыстырды. Әрине мұның жазуын құрдастары аңдамаған күн­де, ауылда жазбай танитындар бар. Солар тұрып: «Ой мұны жазған өзіміздің Сағымбай екен ғой» деуі әбден мүмкін.

Сол қолымен жазылған адресі мүлдем бас­қаша шықты. Тіпті, Рәшқа арнап жазған хат шынымен әйел заты жазғандай болды ма-ау, немене…

Мына ісіне масаттанғаны сонша, Са­ғымбай тағы да құрақ көрпешенің үстіне аунай кетіп, қарқылдап күлді. Осы кезде пешке салатын отын көтеріп, есіктен кіре бер­ген Әкүл, сыңғыраған әдемі дауысымен: – Саған не болды? – деп еді, Сағымбай ойланбастан: – Жай нәрсе… Ана Көлто­ған­дағы алмай кеткен қызымның бір айтқан сөзі есіме түсе қойып… – деді. Әкүлдің үні өшті. Тіпті, түрі бұзылып та кетті. Бірақ бұ­рын­ғыша аяқ астынан сықсыңдап жылай ал­ған жоқ. Есесіне Сағымбай тағы да қар­қылдап күлді. Еркек деген осы… Келіншекті алып алған соң не десе де, не істесе де еркі… Ал Әкүлді аларда бетегеден биік, жу­саннан аласа болып осы Сағымбай Әкүл­дің ауылына қанша рет барды… Әкүл­дің «Райымды беремін» деген жалғыз ауыз сөзіне зар болып, үйіне тура соға алмай, Әкүлді бір көруге де ынтық болып, жақын жеңгелерінің аузын бағып, жағынып, жа­ра­мсақтанғаны ай… Қалай келін етіп, бо­са­ғасынан аттатты, көңілі тынды. Енді, міне, күніге үш жылатып, үш жұбатып отыр­ға­ны…

Әкүл де ашуын сол арқылы басқандай, пеш­тегі лаулаған шоққа әкелген ағаштарын салып жатты… салып жатты.

Ертеңіне таңғы шайды ішіп бола бергенде Сағымбай келіншегіне: – Мен колхоз кең­сесіне барамын, – деді, салмақтана сөй­леп. Әкүл «мұны неге айттың?» деген жоқ. Орнынан лып етіп көтеріліп, кебеженің іші­нен шоқпен қыздыратын өтекті шығар­ды. Киім ілгіштен Сағымбайдың жаңа көй­лек, костюм-шалбарын, пальтосын алды. Шал­бары мен көйлегін үтіктеп, костюмі мен пальтосын шөткелеп, күйеуінің үстіне кигізгенде Сағымбай жай бұғалтер емес, бас бұғалтерлікке де лайық жігіт болып шы­ға келгені… Өзі де сымбатты жігіт еді. Қар күреп, келіншегіне отын бұтап, қор бо­лып-ақ жүр екен, жаңа киімдерімен жа­сарып, жасанып кетті. Әкүл пальтосының іш­кі өңіріне әтір септі.

Газетке орап, алдын-ала әзірлеп қой­ған екі хатты ішкі қалтасына салған бойда, сырт­қа шыға бергенде ертеңгі аяз бетті қа­рып-ақ тұр екен. Сағымбай етігімен қар­ды қарш-қарш басып, үйден ұзап шыққанша келіншегі көйлекшең күйі селтиіп, соңынан қарап тұрды-тұрды да, екі қолын кеудесіне айқастыра қатты басқан күйі «іш-ш-шай!» дей беріп, жүгіре басып үйіне кірді.

Су жаңа киініп шыққаны мұндай абырой болар ма? Кеңсеге кірер жерде атынан енді түсіп жатқан басқармамен ұшы­ра­сып қалғаны. Исабай алдынан шығып, қос қолын ала жүгірген сымбатты жас жі­гітке көз қырын елеусіздеу тастаған болып тұрып:

– Шырағым, қар ерігенше шыдашы, – деді.

– Қар ерте еріп кетсе қайтемін, көке?

Сирек күлетін ауыр мінезді Исабай мырс етті. – Кішкентай колхоздың шашылып жатқан қызметі де жоқ. Сен біреудің ор­нын алу үшін, ол біреудің орнын алуы керек.

«Түсінемін ғой көке» дегендей Сағымбай төменшіктеп қалды. Төменшіктемеске амалы да жоқ еді. Ол білетін Исабай кез келгеннің алдында осылай сырын да аша бермейтін жан.

Исабай кеңседегі бөлмесіне бұрылған кезде, Сағымбай бас бұғалтер Әбішке кірген. Ақкөңіл Әбіш: – Інім-ау, менің орныма сен лайықсың ғой, – деп аңқылдап қарсы алды. Сосын екеуі суық бөлмені күлкілерімен жылытып отырғанда Әбішті басқарма шақыртты да, Сағымбай осы кез­де Әбіштің столында жатқан мөрді қо­лына ала беріп, қойнынан конверттерді шы­ғарып екеуінің етегіне бір-бірден ба­сып-басып жіберді. Мөр ізі көмескілеу түсті. Сағымбайға керегі де мөрдің осылай көмескі түсуі еді. Өйткені, мөрі жоқ хатқа бұл ауылдың сауатсыздары сенбейді. Қай жақтың мөрі деп үңіліп жатқан да еш­қайсы­сы жоқ.

Әбішпен асығыс қоштасып, енді почта­ға кірсе, Сарыбай көкесі ауданнан бір айдан бері әзер жеткен газеттерді олай, бұ­лай бөліп, әлекке түсіп жатыр екен.Са­ғым­бай бұл кісімен де емен-жарқын аман­дасып тұрып, көзімен мөрін іздеген. Сарыбай көкесі бүкшеңдеп жатқан кезде, Сағымбай биылғы қардың көптігін, әлі де жауатынын әңгімелеп тұрып, конверт­тері­нің етегіне почтаның мөрін бір-бірден басып жіберді де, енді таратылуға тиіс хаттар­дың арасына тығып жіберді. Сосын кішілік білдіріп, көкесіне көмектескен болып, Ескі мектептегілерге тиесілі бір буда газетті қолтығына қысып сыртқа шықты.

Пальтосының омырауынан әтір исі бұр­қы­рап Сағымбай ауылына қайтты. Өзеннің ана бет, мына бетін мекендеген Ескі кеңсе­ден де, Герой (Сапарбай) ауылынан да сырт­та қыбырлап жүрген ешкімді байқама­ды. Бірақ үйлердің мұржаларынан көтеріл­ген түтіндер жүндей түтіліп, биікке көтеріліп жатыр. «Әкүл әтір сеуіп, шөткілеп кигізген пальтомды ешкімнің көрмеуін-ай» деп ойлады ішінен. Осы ойы өзін көңілдендіріп те жіберді.., бірақ басқарма мен бас бұғал­тер көрді ғой. Олар мұның жаңа киіміне мән берді. Мұрындары бар ғой, әтір исін сезінген де болар. Сол екеуінен басқа­сы­ның дәл қазір маған қажеті қанша? Ең бастысы – хаттар жіберілді.

Сағымбай енді көңілденіп қана қоймай, төбе етегіндегі оқушы балалардың мектепке қатынайтын жалғызаяқ жолымен келе жатып, өз-өзінен күлді де. Төменде қарлы аңғарға иіріліп түскен қара жіптей болып Ақүйік ағып жатыр. Жағалауындағы қа­быр­шықтанып қатқан мұздар аязды күннің сәулесімен жақұттай жалтырап, жарқырап көрінді. Және сол түстің кісі қарағанда қы­зарып, қызғылттанып, көгілдірленіп, сарғыштанып мың түрлі болып құбылып, жас жігіттің жанарын әдейі арбағысы келгендей құлпырғаны-ай!

Аяз әлі күшінде. Жігіттің екі бетін қа­рып келе жатыр. Бірақ ертемен жүгері тал­қан мен шай ішіп алған жас жігіт ауыл арасының көкбет аязынан жасқансын ба, тәйірі. Етігімен қарды қарш-қарш басып сол көкбет аязыңның өзіне айбат көрсетіп келе жатты.

Күйеуі қызметке бүгін тұрардай көрін­ген­дігінен шығар, Әкүл күйеуін тағы да көйлекшең күйде сырттан күтіп алды. Сосын жаурағанын білдірмей, күлген болып: – Басқарма қайнаға не деді? – деді.

– Басқарма қайнағаң қар ерігенше келіншегіңнің жанында жата тұр, – деді.

Әкүл сыңғырап күлді. Келіншектің осы әдемі күлкісі күйеуін бір сәт бақытты етіп жібергендей еді. Екеуі осылай күліп тұрған­да көкбет аяз да қауқарсыз секілді. Аязды күні шиқылдап ашылатын сыртқы есіктен үйлеріне екеуі де күліп кірді.

Хат Сейілбектің қолына кешкі апақ-сапақтың кезінде тиді. Атына су беріп, ал­дына шөп салып, үйіне енді кіре берерде «почта шал беріп кетті» деп шешесі Фати­ма­ның ұстата салғаны. «Қаңғырып жүрген бұл неғылған хат?» деп Сейілбек әуелі кон­вертке шошып қараған. Сонан соң балалар үйіндегі інісі есіне түсіп, саптама етігін босағаға шешіп, төрге шықты. Үйде жөнді жарық та жоқ еді. Бір мас болғанда шынысын сындырып, шамдарына қағаз қалпақ кигізіп отырған. Дегенмен сол ақ қалпақ шамға төніп келіп отырғанда хаттың «Бір­лік» колхозының басқармасынан келгенін білді. Және басқа колхоздың басқар­масы­нан хат алғанына бір сәт таңданды да, кон­вертті асығыс ашамын деп отырып ішін­­дегі хатты қоса жыртып алғанын да аң­дамай, жыртылған жерді қолымен тү­зетіп отырып, болмашы жарықпен «Қалқам Сейілбек! Колхоздың қой ферма­сының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзіңді лайық көріп отырмын» деген жерге дейін ежелеп әзер оқыса болар ма? Басына қағаз қалпақ кигізген мы­на шамнан көрген қорлығы-ай… «Осындай маңызды хат алып отырғанымда, жарығың сығы­ра­йып… Ой әкеңді… Осы дүниеден шамсыз өт­сем де… деп шамын бір теуіп жібергісі келіп отырды да, өзін-өзі тоқтатты. Әттең, ішінде жарты бөтелке арақ болмады. Егер ол болғанда… шамның ке­рә­сіні бір жаққа ша­шылып, сарғайып кеткен қалпағы екін­ші жаққа шашылып-ақ қалатын жері еді…

Ол саптама етігін асығыс киіп, жартысы жыртылған хатты қолына ұстаған күйі көр­шісі Жұмабек шалдың үйіне қарай ұмтылған.

Жұмабектің үйінде жарқыраған ондық шам. Сейілбек шамға жақындап келіп, бір тізерлей отырып хатты асықпай оқыды.

– Немене рәйкөмнен келген хат па? Шұқ­шиып оқыдың ғой, – деді Жұмабек мысқыл араластыра сөйлеп.

– «Бірліктің» басқармасынан келген хат екен.

– Е, «Бірліктің» басқармасы не депті?

– Мал фермасының бастығы қызметі босаған екен. Соған мені қолай көріп…

– Немене божбандардан фермабастық болар жігіт табылмай қалып па?

– Кім білсін…

Сейілбек енді қайтадан босағадағы саптама етігіне қарай ұмтылды. Хатта айтылған мәселе өте маңызды болғандық­тан ол бірден жолға дайындалуды ойл­а­ған.

– Фермабастық болып кетсең шапаға­тың тиер ме екен, отырып ет жеп кетсейші, – деді Жұмабек шал да көздерін сығырайта қарап отырып, мысқылдай сөйлеп. Сейіл­бек аялдамады. Өйткені, қазанда қайнап жатқан бірдеңе болған күнде, оның анық ет емес екенін Сейілбек сезді.

Үйіне қайтып кірген бойда келіншегі Адашқа:

– Су жылыт… жуынамын. Таңертең жол­ға шығамын. Сандықтан ақ көйлек-дамбалымды шығар, – деді.

– Көк көйлек-дамбалың да жуылып, дайын тұр ғой, – деп Адаш жуас уәж айтқан болып еді, Сейілбек бұқа мойнын жалт бұрып қарап: – Фермабастыққа ақ көйлек-дамбал жарасатын шығар, – деп сөзді бір­жола кесіп тастағаны. Дауысы күндегі күйеуінің дауысы емес. Аюдай гүжілдеп тұр.

– Мақпай қайнағаның (Сақпай ферма­бас­­тықты айтқаны) орнына ма? – деп еді, Сейілбек шарт кетті.

– «30 жылдықтың» фермабастығы болмасам болмай ма? «Бірлікке» ферма­бас­тық болсам ше? Әлде, ол жаққа көшкің жоқ па? «30 жылдығыңды» енді желкемнің шұқыры көрсін!

Осы кезге дейін үндемей, ақ қалпақ киген шамның жарығымен жүн түтіп отыр­ған шешесі Фатима осы сәтте ғана дыбысын шығарып: – Е, құтты болсын! Божбан­дар­дың арасына көшсек несі бар… Оған қуанудың орнына ашуланғаны несі… – деді ернін бір сылп еткізіп.

Әрі қарай әңгіме үзілді. Адаш зыр жү­гіріп, сырттан шелекпен қар тасып, қазан­ды толтырды. Мұнысы түн ішінде өзенді қашықсынғаны. Баласы үй ішіне жуынатын болған соң Фатима жүні мен ұршығын көтеріп, Жұмабектікіне кетті.

Бозала таңнан жолға шыққан Сейілбек күн шығып, дүние ай-жай болған шақта Ақтайдың диірменіне жетіп те қалған. Жолының өнген себебі – диірменге қаты­наған арбалы, аттылылардан сүрлеу түс­кен екен. Жол қиындығы содан әрі басталды. Ақтайдың диірменінен әрі қарай жортқан тышқан ізі болсайшы. Астындағы аты сауырынан келген қалың қарды кешті де отырды. Жануар бағулы әрі жарамды еді, қозы көш жерге дейін сыр бермеді. Әйтеуір қарсыз ғой деп өзенді кешіп жүр­ген кезі де болған. Бірақ тасты, ойлы-қыр­лы өзен іші жүріске қолай болмаған соң, әрі атының табанына таяуда ғана қақтыр­ған тағасының да түсіп қалуынан сақтанып, Сейілбек қарагерін қайтадан қалың қарға салды.

Жануар Ержігіттің диірменіне алпа-салпа болып жетті-ау. Қырғызалыға күйеу болған соң, Ержігіт даудырап-ақ қарсы алды. Екі қолын қоса ұсынып амандасты. Қонағына шай қойып, атының алдына шөп салды. Жөн сұрады.

– Тасболат ағам шақырған екен, мал фермасы бастығының орны босады деп…

– Ойпырмай, қырғызалылар жер-көкті басқармасаңдар болмай ма? Атқа отыруға жарайтын божбандар да баршылық сияқты еді ғой, – деді Ержігіт біржағынан әзілге бұрған болып.

Оның «қырғызалылар жер-көкті бас­қар­масаңдар болмай ма?» дегеніне Сейіл­бек қоқырайып қалды. Сол жер-көкті бас­қарушылардың бірі – өзі болғалы тұрғанына масаттанғанын да жасырмай, ырсың-ырсың күлген болды.

Шайдан соң Сейілбек біраз тынығып, шөп жеп әлденіп алған атына қайта мініп, жолға шықты. Бір жақсысы, «Бірлікпен» аралықта да диірменге қатынағандардың арқасында жап-жақсы сүрлеу түскен екен. Аты қиналмады. Жұлқына тартып, үзбей жүргенде, күн ұясына енді бата бергенде Сейілбекті «Бірліктегі» басқарманың кеңсесіне жеткізді-ау.

– Басқарма әлгінде үйіне қайтқан деп алдынан жұпыны киінген, бурыл сақалды кеңсенің қарауылы шықты.

Сейілбек ат үстінде аңтарылып қалды. Басқарманың үйіне жетіп баруға бірден тәуекел етпеді. Өзге бір түсетін үйі өзіне ішетін көже тауып бергенімен, астындағы атының алдына салатын шөбі болуы екіта­лай қоңторғайлау отбасы еді. Ол ат үстін­де бір сәт ойланып отырды да, «Неде бол­са түбі туыс кісі ғой, әрі хат жазып, шақыр­тып отырған өзі» деп тәуекелге бел буып, бас­қар­маныкіне қарай ат басын бұрды.

Басқарма әлі саптама етік, гәлипе шалбар, шолақ тонымен, түлкі тымағын қоқырайта киіп, есігінің алдында тұр екен. Шамасы, үйіне жеткен беті де осы болар.

– Оу, таудың қазағы, қайдан жүрсің? – деп Тасболат басқарма мұны көңілді қарсы алды.

Сейілбек ішінен бұған да шүкіршілік етті.

– Иә, төрлет батыр. Мынадай қыста… мынадай қарда жол жүріп келе жатқан сені батыр демеске де болмас.

Сейілбек атын байлап келген соң, екеуі тізіліп үйге кірді. Әйелі де жылы шырай беріп амандасты.

Сейілбек саптама етігін босағаға ше­шіп, төрге шықты. Молдасоқынып отырды. Тасболат та шешініп келіп, мұның жанына жайғасты.

– Ал жол болсын?

– Әлей болсын… Өзіңіз бір хат жазып шақыртқан екенсіз. Содан жеткенім осы… – деді Сейілбек фермабастық болып алған жандай, басқармадан ыға сөйлеп.

– Қайдағы хат?

Сейілбек ішкі қалтасынан бүктеулі хатты шығарды. Тасболат хаттың бүктеуін жазып, мұның түнде жыртып алған жерін қолымен түзетіп отырып оқыды. Сосын мырс етіп күлді.

– Інім-ау, бұл хатты саған кім жазып жүр?

– Қайдан білейін… Өзіңіз ғой… – деді Сейілбек күмілжіп. Әлі де хатты басқар­ма­ның өзі жазғандығынан күдерін үзгісі келмей.

– Мен саған мұндай хатты қайдан жазамын, інім-ау? Сардар деген мал ферма­сының бастығы аман-есен жұмысын атқа­рып жүрсе… Тіпті, сол қызмет ойда-жоқта босай қалған күнде, сені шақыртсам, божбан­дар мені таспен ұрып қумай ма… «Өз ауылымыздан фермабастыққа лайық кісі таппадың ба?» – деп…

Әңгіме осымен үзілді. Бірақ басқарма көкесі Сейілбектің дәл осы келісіне аса ренжімеген де сияқты. Есік жаққа бұры­лып: – Ау, әйел қазан көтер, – деді екпіндей сөйлеп. Мына қайның түу-у сонаудан келіп отыр, ағайындарымыздың сәлемін алып.

– Ет асылып жатыр. Самаурын қайнап тұр. Қайным ол жақта да бізді мақтап жү­ре­ді екен, – деді әйелі де көңілдене сөй­леп.

– Е, бәсе-е… – деді Тасболат та енді көңі­лі біржола бірленгендей.

Ет піскенше екеуі ақ бауырсақпен шай ішті. Әңгімеден де ауыздары босаған жоқ. Тасболат ананы-мынаны сұрайды, Сейіл­бек жауап береді. Әрине, фермабастық қыз­меті болмайтынға бет бұрған соң-ақ Сейіл­бек басылып қалған. Дегенмен, қазан кө­теріп, алдына ақ бауырсақпен дастархан жайған туысқандық көңіл де оны тым жерге қаратқан жоқ. Басқарма көкесімен тең отырып, қырлы стаканмен арақтан екі тартып жібергеннен кейін, фермабас­тық­тар­дан кемдігі де болмай қалды. Қарқын­мен сөйледі. Лекітіп күлді. Өзін көңілді, әрі еркін ұстауы бір есептен «Тым болмаса, фер­мабастыққа лайық екенімді байқатып ке­тейін» деген арам ойының да әсерінен болса керек.

Ертелеп шығып, ауылына қайтып келе жатқан Сейілбек өзінің мықтап алданғанын білді. Бірақ тап кім алдағанын біле алмай ғана дал болды. «Менімен осынша ойнап, қалжыңдасатындай кім бар?» – дегенді ойлап, өзеннің бас жағында тұратын бірер жігітті есіне алды. Олардың реті келмейтін секілді. Аяқ жақтағы ауылдарды да ой сүз­гі­сінен өткізді. Таба алмады. Осылай ойнаса жарасар қайнылары таудың арғы бетінде. Мынадай қалың қарда олардың Ынтымақтағы Сейілбекке хат жіберердей мұршалары жоқ. Және мұнымен әзілдес­пек түгілі, арқардың құлжасындай анадайдан одырая қарап тұрған қолапайсыз бір­еулер.

Сейілбек енді құрдастарын бөлек сұрыптады. Бас жақта тұратын құрдаста­ры… Олар тіпті қалжыңнан қашықтау жігіт­тер. Аяқ жақтағы ауылдардан… Рәш анау төсек тартып, ауырып жатыр. Сау болған күнде де оның біреумен дәл осылай ойнай қоятын әдеті жоқ. Қалтай… Сағымбай…

Сағымбайды есіне ала беріп, Сейілбек іркіліп қалды. «Айтпақшы, ол оқуын бітіріп, үйін­де жатыр екен-ау» деп бір қойды. Сосын оның жұмысқа орналаса алмай, үйінде зерігіп жатқанын да ескерді. Мынадай хатты жазу әрине, оның қолынан келеді. Келгенде қандай! Кешегі соғыс кезінде мектепте оқып жүріп-ақ талай келіншектің әскердегі күйеулеріне хат жазып беретін. Сонда жаз кезінде жанында бидай орып, пішен баулап жүретін Сейілбек сияқты маубастарға «Хат жазып бергенім үшін ана келіншек белінен құшақтатты, мына ке­лін­шек бетінен сүйгізді» деп мақтанушы еді-ау.

Осылай ойлай беріп, Сейілбек қойны­нан хатты шығарды. Хаттың алғашқы жолдарын оқи бере-ақ есіне әлдене сап ете қал­ғандай меңірейді де қалды. «Мынау Сағымбайдың қолы ғой. Мектепте бір клас­та оқыды. Тіпті, бір партада отырды. Осылай маржандай етіп, сұлу жазатын. Одан өзге балалардың бірде-бірі бұлай жаза алған емес.

Курста оқып жүрген кезде де ол дәл осы жазуымен Сейілбекке хат жолдаған жоқ па еді? «…Сенің фермабастық, мен бас бұғалтер болатын күніміз де жақындап қалған шығар», – деп…

– О, аузыңды ұрайын, суайт… Сайқы­мазақ! – деді бір кезде Сейілбек хат­тағы жазулардан әлі де көзін алмай отырып. «Сол ғой… Со-ол! Бәсе дұшпан алыстан келмесе керек-ті…».

Осылай ойлаған бойда ол атын тебінді. Дәл қазіргі ашуымен Ескі мектептегі ауыл­ға жетіп барғысы келді. Атынан түспестен қам­шысының тобылғы сабымен Сағым­бай­дың терезесін ұрып, сыртқа шығарып алып, қамшымен арқасына… құйрығына шықпыртса жараса ма, әлде қалың қарға аунатып, сол құйрықты саптама етігімен теп­кені дұрыс па? Қапелімде жанында ақыл қосар да ешкім жоқ… Әлгі екі тәсілдің қайсысы оңтайлы екенін анықтай алмай айдалада келе жатып алақтап сасқаны-ай!

Ойпырмай ашудың да қысқаны-ай… Өзін жұрт алдында әжуа қылатын осындай айла тапқан Сағымбайға бір ашуланса… осы хаттағы жазуларға абайлап қарама­ған, дұрыстап ойланбаған өзінің аңғал­ды­ғына екі ашуланды. Сосын бірауық соғысқа қатынаспай-ақ раный болып, ақ қалпақ киіп отырған үйіндегі жетілік шамға да жыны келді… «Қалың қарға жығып салып, менің құйрығыма тепкілейтін адам болсашы… Шіркін-ай, аяғымдағы саптама етігім­ді өзіне шешіп-ақ берер едім… күш алып тепкілеуі үшін осыны киші деп…». Ол осылай да ойлады, өзіне-өзі кіжініп отырып.

«Мына әңгіме ертең-ақ бүкіл Ынтымақ ауылына… өз ауылымызды да қойшы… «Бірлік» колхозына… одан әрі көрші колхоз­дарға да тарайды-ау. Бір ауылға қыз берген, бір ауылдан қыз алған… Әйтеуір, өзін білетіндер, өзін білмесе де ауылын білетін­дер, ой жырқылдайтын болды-ау. Бір-екі қыс өтіп, әңгіме ескіргенше ауылдан шық­пай жататын болдым-ау, масқара-ай!».

Бұл жолы Ержігіттікіне түскен жоқ. Өйт­кені кешелі-бүгін басынан өткеріп келе жатқан оқиғаны естісе, Ержігіттің өзеннің екі бетіндегі жартастарды жаңғыртып, қарқылдап күлетіні анық еді. Өзі ғана күліп қоймай, диірменге күндіз-түні тынбай қа­тынап жатқандарға қанша жырларын кім білсін.

Астындағы қарагерді алпа-салпа тер­ле­тіп, Ақтайдың диірменіне де жеткен. Бірақ бұл үйге де түспеді. Неде болса өз үйіне жетіп, атының басын бір-ақ тартпаққа бекінген ол кешке дейін нәр татпай, қарны­ның ашқанын да, аттың шаршауын да елең-құлаң етпеді.

Тасболаттың әйелі таңертең таба нан мен бір кесек етті газетке орап: – Қайным, қойныңа тығып ал, жолда қарның ашады ғой, – дегенде намыс қылып алмап еді, бір жағынан фермабастық болмасам да, фермабастықтыққа лайықтылығымды біліп қалсын» деген далбаса оймен.

Енді сол қияңқылығына өкінгендей бол­ды. Алдымен Ескі мектепке соғып, Сағымбайдың үйінің терезесін қамшысы­ның сабымен қағып, сыртқа шығарып алмақ болған ашуын да кейінге қалдырды. Ол әрекетін де, ана ауыл, мына ауылдағы іші пысып жатқан үлкен-кішілерге бір жыл, екі жыл күлкі болатынын да анық сезді де «Неде болса әуелі ашуымды басып алайыншы» деген сабырлы ақылға тоқтаған.

Кешкі алакөгімде мал қорасының жанында атынан түсе бергені сол еді, Жұма­бек те іргелес мал қорасында сиырларына шөп салып, күйбеңдеп жүр екен. Бұрылып қарап тұрып: – Тентектен тез хабар деген… Барғаныңнан келгенің жылдам болды ғой. Фермабастық болатын дүкіметтеріңді ұмы­тып кетіпсің бе, шырағым? – дегені.

Сейілбек үндемеді. Дәл осы сөзді қата­ры, әлде өзінен сәл кіші біреу айтса, қолын­дағы қамшысымен патырлатып сабап тас­тауы да кәдік еді… Әттең, жасы үлкен. Оның үстіне ауылға сыйлы кісі.

Үндемеген күйі атын жетелеп, қораға кіргізіп, белдеу ағашқа байлады да, аяздап жатқан қарды қарш-қарш басып, үйіне қарай жүрді. Бойындағы ашу да сол қарш-қарш еткен қар секілді. Әттең, сыртқа шы­ғару­ға себеп жоқ. Шама да жоқ. Өзі дел-сал болып екі күнгі жүрістен әбден-ақ шар­шаған. «Шіркін, тап қазір бір бөтелке арақ болса ғой» деп ойлады ішінен. «Екі бөтелкесі табылып жатса, тіпті қанеки…». Бірақ бұл ойы да фермабастық болудан гөрі орындалуы қиындау бөстекі арман еді…

Рәштің атына жазылған хат екі күн жол жүрді. «Жолдан мен бере кетейін» деп пош­ташыдан алып, қалтасына салған Мұса деген кісі жол-жөнекей бір үйден жүгері нанмен шай ішіп, екі үйден айран қатқан көже ішіп, арада бір қонып алғанда, қалта­сын­да жүрген хат әлденеше бүктелді, умаж­далды. Тіпті, бір үйде сол хат Мұсаның қалтасынан түсіп те қалып, «Сізден қалған болуы керек» деп соңынан әлгі үйдің баласы қуып-жетіп берген кезі де болған. Дегенмен, хат ақыры жетер жеріне жетті-ау. «Мұса жәкем беріп жіберіп еді» деп ертең­гілік қоңқақ мұрын қара бала хатты әкеліп, қазанға су жылытып жатқан Рәштің келін­шегі Бейбіттің қолына ұстатқанда, Рәш төрде төсекте жатқан-ды. Бірде мал доғ­дыр­ға, бірде адам доғдырға көрінгенде, әуелі сарып деген кесел деп еді, кейіннен безгектің бір түрі екен деп шешті. Олардың берген дәрілері де шипа болмай-ақ қой­ғаны. Доғдыр деп аттарын дардай етіп жүр­гендері де, ауыл фельдшері, Қазалы тех­никумын тәмамдаған мал дәрігері дәрежесіндегі біреулер-тін.

Аудандық ауруханаға кетпек болып, түйініп, киініп отырғанда мынадай қар жауып кетіп, жол қатынасының үзіліп қалғаны.

Қанша айдан бері ауру бағып, шаршап жүрген Бейбіт әуелі хатқа аса мән бергісі де келмей, умаждай ұстаған. Пешке толтырып отын салып, ол отыны гүрілдеп жанған кезде қолдан істелген ағаш орындыққа оты­ра беріп, қолындағы хаты есіне түсіп, үңіліп қарағаны.

– Ұйбай-ау, мына хат саған әйелден келіпті ғой, – деді Бейбіт «Гүлайна» деген жазуды аңдаған кезде ернін бір сылп еткізіп. Тағы да Қазалыдан жазыпты, – деді таңданып.

Өзін ауру меңдеп, қарадай ентігіп жат­қан Рәштің бұл сөздердің ешқайсысына да мән берер халі жоқ-тын.

Бейбіт хаттың аман-саулықпен бастал­ған тұстарын сабырмен-ақ оқыған, тіпті ғашықтықтың от-жалынына оранған сөй­лем­дерге де шыдап баққан. «Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір біржарым жас­та» деген жерде шыдай алмады.

– Әй, сенің Қазалыда әйелің, одан туған Ғаламат деген балаң бар екен ғой, – деді төсекте бетін іргеге беріп, ыңқылдап жатқан күйеуіне. Рәш үндеген жоқ. Бірақ жүзін әйеліне қарай бұрды.

– Сол әйеліңе «қаракөлден ішік тіккізіп беремін» депсің ғой.

– Қайдағы әйел? Қайдағы бала? – деді Рәш ентігіп.

– Е, мына хатты оқы. Шынымен ұмытып қалсаң, есіңе түсер.

Келіншегі лақтырып тастаған хат Рәштің көрпесінің үстіне түсті. Бірақ Рәш хатты ұстаған жоқ.

– Мен қарық болыппын да, сол әйелің қаракөл ішік кие алмай қалыпты ғой.Ойбай-ау, сен Жаңақорғанның ауруханасын қайтесің? Қазалыға тарт! Шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген тамға үш түнесең, жазылмаған нең қалады?

Рәш енді ашуланды.

– Ішігің не сенің?

– Оны келген хаттан оқы.

– Әктелмеген тамың қайдағы там?

– Қазалыдағы келіншегің ғой бәрін айтып отырған.

Рәш жан-жағын қармана бергенде, қолына іліккені дәріден босаған бір бөтел­ке еді. Енді соны келіншегіне сермей бе­рейін деп, кеудесін көтере бергенде, басы жастыққа сылқ құлағаны…

Сағымбай бұл әңгімелерді көп ұзамай-ақ есітті. Ана ауылдың да, мына ауылдың да айтып жүргендері өзі жазған хаттардың әлегі екенін біліп, әсіресе Сейілбектің әуре-сарсаң сапарына қыбы қанған. Үйін­де жалғыз өзі отырып, жынды адамдай кең­кіл­деп күлген. Бірақ өзінің кесірінен Рәш құрдасының өлім аузынан қалғанына қысылды. Айтушылар сол оқиғаны баян­да­ған тұста қызарақтап отырды. Өкінді де.

Арада әлденеше күн өткенде Ескі кең­се ауылында тұратын Темірбек деген ақса­қал дүние салды да, қырғызалылардың бас жақ пен аяқ жақтағы үлкен-кішілері түгел сонда жиналды.

Ескі мектептегілер де бір қауым ел болып, көңіл айтуға барған кезде, көрісуге қа­тар тұрғандардың ішінде Сейілбек те бар екен. Сағымбай да өзгелер қатарлы Сейілбекпен құшақтаса бергенде, Сейіл­бек келісаптың басындай жұдырығымен мұ­ның ішіне екі түйгені.

– Көрге мына шалмен қоса түсірейін бе, аузыңды…

Аюдай денелі Сейілбек, бітімі нәзік Сағымбайды көрге түсірмесе де жерге сұлатып салардай қайраты бар-ды. Соны білетін Сағымбай жуаси сөйлеп: – Шалмен бірге жатқаннан мен қор болмаспын, бірақ өзіңмен дұшпандай ойнап, достай табысып, құшақтасып тұратын құрдасыңнан айрылып, аспанға қарап ұлып қаласың ғой. Сонда шын сорлайтын сен боласың-ау. «Сағымбайым керек болып жатыр… Ауыл арасына хат жазатын да ешкім қалмаған екен…» деп көрді қайта қаздырып, шалдан оңбай таяқ жейсің ғой. Осыны бір ойладың ба? – деді толқып әрі күліп сөйлеп.

«Денелі жандардың жүрегі жылы болады» деген сөз тап рас екен-ау. Сейілбек өкіріп жылап жібергені.

Сосын Сағымбайды қайта құшақтады. Былайғы жұрт ойлады «Сейілбек Темірбек шалдың өліміне жылап тұр екен» деп… Құр­дасының неге жылап тұрғанын Са­ғым­бай ғана іштей білді. Білгендіктен өзі де көзіне жас алып кемсеңдеп қалды. Бірақ сөйтіп тұрып-ақ болмысындағы азды-көпті жағымсыздығына бағып… «Сейілбек екеу­міз қосылып осынша жылағанда Темірбек атамыздың да риза болмайтын не жөні бар» деп ойлады.

Ауданның таулы өлкесіне қалың қар түскелі бері аудандық партия комитетінің екі рет бюросы болып өткен. Бірінші бюрода малдың қысқы қамы жайлы мәселе қаралғанда «қалың қардың жауатынын алдын-ала біліп, бар малын сыр бойына түсі­ріп, аман сақтап отырғаны үшін «Қазақ­с­танның 30 жылдығы» атындағы колхоздың басқармасы Исабай Үсенбаевқа алғыс айтылды да, екінші бюрода аудан халқының әлеуметтік жағдайы қаралып, «Жарығы жоқ, радиосы жоқ, рациясы істен шығып, Со­вет өкіметінен бөлек өмір кешіп, бас­қар­ған колхозының әлеуметтік тұрғыдан артта қалып отырғаны үшін» деп Исабай Үсенбаевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Сын айтушылардың соңын ала сөйлеген Исабай аудандағы бірнеше колхозды, ме­кеме, мектептерді өз ауылдастарының басқарып отырғанын арқаланып: – Жолдас бірінші хатшы, біздің колхоз қанша артта қалса да, колхоздарға басқарма із­де­сеңіздер бізден аласыздар. Мектептерге директор іздесеңіздер, мекемелерге басшы іздесеңіздер бізден табасыздар. Осы отырғандардың ішінде фермабастық­тар­ды да бізден іздеп, мазамызды алып жүрген жолдастар бар. Әділіне келсеңіздер біздің колхозға, аудан шаруашылықтарына, мектептер мен мекемелерге сапалы, басшы кадрлар әзірлеп бергені үшін тағы бір үлкен алғыс тиесілі еді, соны қимадыңыздар. Осыған өкпелімін. Өзгесі дұрыс. Кемшілік­те­ріміз­ді мойындаймыз, – дегенде бюро мүшелері жарыла күліпті. Бір шетте отыр­ған «Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов жуырда ғана өзіне келіп кеткен Сейілбек Бұхарбаевты есіне түсіріп, күлкісін тия алмаған соң, өзгелер­ден қысылғанынан дәлізге шығып кетіпті.

Бюроны басқарып отырған аудандық атқару комитетінің төрағасы Зұлпықар Мұса­ханов та іс үстінде қатал болып көрін­гені­мен заты ақкөңіл кісі еді, ол да еріксіз мырс-мырс күліп, бюро тарқай бергенде Исабай Үсенбаевтың арқасынан қағыпты. – Осы уәжіңіз үшін де бір алғыс сізге тие­сілі! – деп.

Бұл Жаңақорған аудандық партия ко­митетінің соғыстан кейінгі тарихындағы соңы күлкімен біткен бірінші бюросы екен…

 

Басқа материалдар

Back to top button