Ұлы Жеңіске – 76 жыл

ТЫЛДАН – майданға

Екінші дүниежүзілік соғыста Отанын қорғау үшін кеудесінде жаны бар әр азамат үлес қосты. Соғысқа қатысуға жасы мен денсаулығы келмегендер тылда еңбек етті. Түрлі өндіріс ошағы мен ауыл шаруашылық орындарда аянбай тер төгіп, майданды қажетті жабдықпен, азық-түлікпен қамтуға атсалысты. Ақындар өткір жырларымен сарбаздарға рух сыйласа, әйелдер отбасына иелік етіп, әке орнына әке бола білді. Осылайша, жұдырықтай жұмыла еңбектенудің арқасында Ұлы Жеңіске қол жетті.

Тыл тақырыбы қозғалса, тілімізге даңқты балуан Қажымұқанның соғыс кезіндегі ерлігі оралады. Ол тылда еңбек етпесе де, тектілік таныта білген біртуар тұлға.

Соғыс кезінде ауыл-ауылда өнер көрсетіп, 100 мың сом қаржы жиып, Мәскеуге телеграмма жолдайды. Онда Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталин жолдастан өз ақшасына ұшақ жасатып, майдандағы ең үздік қазақ ұшқышына табыстауды сұраған. Аталған ұшақ аға лейтенант Қажытай Шалабаевқа табысталса, сол кездегі Қазақстан комсомол-жастары жинаған қаржыға жасалған екінші ұшақты Рашит Бекетов тізгіндеген.

Майдан аспанында «Қазақстан комсомолдары» атты ұшақпен бірге, төсінде «Қажымұқан» деген жазуы бар истребитель қатар самғағанына қалай масаттанбайсың?.. Жеңіске үлес қосқан қос ұшақ кейін Балтық бойындағы әскери мұражайға табысталыпты.

«Балуанға оң-солы бір» деп осындайда айтса керек. Жасы келгеніне қарамай, майдандағы бауырларымен жүрегінің бірге соғуы, батыр болып туған атпал азаматтың өскелең ұрпақ санасындағы бейнесін асқақтата түседі.

Қазір, облысымызда соғыс жылдарында тылда еңбек еткен 9 мыңға жуық азамат тұрады. Алайда, олар жайлы көп айтылмайтыны шындық.

Қажымұқан атамыз сияқты қарағандылықтар да майдан даласына көптеген көмек жіберген. Басқасын айтпағанда жерлесіміз Нұркен Әбдіров майданда ерлікпен қаза тапқан соң да, оның есімі берілген ұшақ фашизмнің төбесінде әңгір таяғын ойнатуын тоқтатпаған.

1943 жылы Нұркен Әбдіровке Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін беріледі. Көп кешікпей, Қарағанды кеншілері Нұркен Әбдіров атындағы ұшаққа қаржы жинап, жауға аттандырады. Бұл самолет кейін Жеңіске жеткенше қатарда болып, жауды талқандаған. Осындай көзсіз ерлікке оның 23 қазанда алғашқы жауынгерлік ұшуының алдында: «Егер біз фашистердің көзін жоймасақ, олар біздің көзімізді жояды, содан бізге бақытты, қуанышты өмір қайтып келмейді» деген сөзі рух берген болар, сірә.

Майданға сыйлық толы эшелондар 1942 жылдың ақпанынан аттана бастағанда еліміздің 14 облысы бірбір эшелоннан жөнелткен. Жалпы, 100-ден астам вагонның бірден жіберілуі – сол кездегі елдің ымыра-бірлігі мен Жеңіске қосқан үлесі.

Жұртшылықтың бірігуінің арқасында қарағандылық жұмыскерлер майданға аз уақыт ішінде 28 вагон азық-түлік, киім-кешек басқа да керек-жарақ жіберген.

Ал, Қарағанды еңбекшілерінің фашистік басқыншылардан азат етілген Украина шаруашылықтарына 22 мың пұттан астам астық, 55 трактор, 40 трактор соқасын, 11 мың ірі қара, 40 мыңдай қой-ешкі, 2 млн. сомдай ақша жіберуі – үлкен ерлік. Қарағанды әйелдері Донбасс балалары үшін балабақшалар салуға 3 млн. 307 мың сом ақша жинап, жөнелтіпті.

Соғыстың алғашқы жылында «Қарағанды көмір» трестінде даярланған мамандандырылған 3268 жұмыскердің 1354-нің әйелдер болуы Жеңіске деген елдің арман-тілегін айғақтайды.

Жау қолында қалған аймақтардағы кәсіпорындардың да бірқатары Қарағандыға көшірілген. Жұмысын Арқа жерінде жалғастырған ғылыми-зерттеу институттары һәм басқа да мекемелерді айрықша атап айтуға болады.

– Аймағымыз соғыс кезінде барлық жағынан белсенді болды. «Қарағанды шахтері», «Қарағанды темір жолшысы» танк колонналары мен «Қарағанды әйелдері» санитарлық авиация звеносын құруға да мол қаржы жиналған. Қарқаралылық Алдажұмановтардың өзі майданға көмек ретінде 100 мың сомдай қаражат бөліпті. Кеңес Одағы бойынша жиналған ақшаға 32 мың танк жасалған. Мұның ішінде Қарағандының да үлесі бар. Жалпы, сол кезде соғысқа 100 мыңға жуық танк жасалса, соның 3/1 бөлігі тыл еңбеккерлерінің қаржысына алынған, – дейді Қарағанды университеті тарих факультетінің аға оқытушысы Нұртас Смағұлов.

Жуырда тыл ардагері Нина Мисоченкомен болған кездесуден де көп мәлімет алдық.

Нина Алексеевна Отан деген киелі ұғымды толыққанды түсіну – әр адамның өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігінен бастау алатынын өз өмір өткелдерінен мысал келтіре отырып баяндады. Соғыс басталғанда ол кішкентай бала болған. Отбасы Беларусь елінде тұрған. Небір аумалы-төкпелі заманды көрген батыр әже қазір 83 жаста, әлі тың. Осының бәрі тынымсыз еңбектің арқасы.

Сонымен қатар, кейуана отты жылдар туралы «Дети войны помнят свое детство» атты кітап жазған. Қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, «Суайчыннікі» беларусь этномәдени бірлестігінің өкілі ретінде жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп келеді.

Байқасақ, ерлік – мезгіл де, жағдай да, жыныс та таңдамайды. Рухыңыз ояу болса жеткілікті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button