ҚарқаралыПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Туризм тұраламасын десек…

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аудандағы туризмнің дамуына ықпал етуде. 112,1 мың гектар жерді қамтып отырған парк аумағында төрт жүзге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соңғы уақытта жыл сайын келетін турист саны жиырма мыңға жетіп отыр.

 

Қазақтың кез келген жері тарихымен ерекше және табиғаты да тамсана тамашалауға тұрарлық. Алайда, сол жерлерде лайықты туристік сервистің болмауы туризмнің дамуына қолбайлау болып отыр.

Келушілерге ауданда орналасқан 2,8 мың төсектік 35 демалыс орны қызмет көрсетеді. Оларда 300-ден астам адам еңбек етіп, туристердің демалысын қамтамасыз етуге күш салуда. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірге тоғыз мыңға жуық турист келген. Соның арқасында жергілікті бюджетке 265 млн. теңге кіріс кірген.

Мұндағы 21,3 мың гектар аумақ туристік-рекреациялық бағытқа арналған. Онымен қоса реттелетін туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аймағынан 4 жер учаскесі – 9,44 гектар ұзақ мерзімге жалға берілді. Қысқа мерзімге 9 жер учаскесі беріліп, 13 тұлғамен келісімшарт жасалды.

Туризм саласын дамыту мақсатында парктің бас жоспары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісіле отырып, сараптамадан өткізілу үстінде. Оның қорытындысы бойынша туризмге арналып ұзақ және қысқа мерзімдерге учаскелер берілмек. Сонымен қатар, ұлттық парктің ақылы қызмет көрсетуі үшін жалпы алаңы 10,5 гектар болатын 15 учаске қаралуда.

Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 785,8 шақырым болатын 11 туристік маршрут бекітілген. Биыл стандарттарға сәйкес 6 млн. теңге сомасына 4 маршрутты таңбалау жүргізілді. Олар – «Шайтанкөл», «Тас ертегісі», «Үш үңгір» және «Қызыл кеніш» маршруттары.

Қарқаралы қаласының бас жоспарына сәйкес, осы саладағы жобаларды іске асыруға арналған қала аумағындағы әлеуетті учаскелерде туризмді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы қала аумағында орналасқан 8 жер учаскесі туризмнің жаңа нысандарын ашу үшін пайдалануға берілді. Мұндай іс-шаралар қазіргі күні де жалғасын табуда. Шағын демалыс аймақтарын ашу, қаланың батыс бөлігінде кемпинг салу жоспары бар.

«Айса» шаруа қожалығы жанындағы 150 орындық кафе, сауна және басқа да қажетті инфрақұрылымы бар «Familу һouse» қонақ үйінің құрылысы бойынша жоба аяқталу сатысында. Мұндағы демалыс базасын ет, сүт, жұмыртқа мен балық, көкөніс сияқты өз өнімімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталмыш нысан келесі жылы іске қосылмақ.

Құны 40 млн. теңге болатын 40 орындық «Жасыл аймақ» демалыс үйінің құрылысы аяқталуда. Жеке кәсіпкер Жұмабеков шағын қонақ үй ашуды қолға алуда. «Акимбеков А» ЖК ескі қаланың қазандық ғимаратын жөндеп, қонақ үй ашуды жоспарлауда. Жас кәсіпкер Айжан Оңғарбай «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, оған өз қаражатын қосып, «Тасбұлақ» шатқалында заманауи демалыс орнын ашты. Киіз үй пішіндес демалыс орындары келешекте туристердің қызыға келетін жеріне айналмақ.

Бұдан басқа, туризм саласындағы жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бойынша көптеген жұмыстар жасалуда. Әлгінде айтқан «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасының гранттық қаржыландыру бағыты бойынша «Қарқаралы бағдары» демалыс орнын дамытуға 5 млн. теңге қаржы бөлінді. Кент ауылындағы жас кәсіпкер аудан әкімінің грант қаржысына шағын қонақ үй ашуды жоспарлауда. Ауданға қарасты Бұғылы шатқалында туристік аудан салу жобасының құжаттары әзірленуде.

Бүгінде аудан кәсіпкерлеріне туризм саласының тетіктерін үйрету шаралары қолға алынуда. Жуырда ауданға Қазақстанның туристік ассоциациясынан бір топ маман келіп, Қарқаралы мен Егіндібұлақта екі күндік семинар-сабақ өткізді. Мақсат – әлгіндей демалыс орындары мен шағын қонақ үйлер ашу жолдарын үйрету және кәсіпкерлерді бизнеске тарту. Бизнеске қаражат табу, оларды тиімді пайдалану жолдары да айтылды. Егіндібұлақта өткен семинарға Қарқаралыдағы шағын қонақ үйлер қожайыны және аймақ туризмі қауымдастығының реттеуші маманы З.Мырсымақова өз пікірімен бөлісті. Жастарды осы жұмыстармен айналысуға ниеттеу, өңірге туристік сапармен келушілерге жағдай жасау сол арқылы кәсіпкерлікті дамыту да сөз болды.

Ауданда туризмді дамытудың алғышарты – жол. Бүгінде жол мәселесі өз кезегінде шешілу үстінде. Таулы, орманды өлкелердегі орналасқан демалыс орындарын байланыс желілерімен жабдықтау, қонақ үйлерді заман талабы мен келушілердің сұранысына сай етіп дайындау басты мақсат болып отыр.

Аталмыш саланың өңірдегі іргетасы әлдеқашан қаланғаны белгілі. Ендігі міндет – қолда бар алтынды қадірлеп, халық кәдесіне жарата білу.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button