Туристерді тоғыстырған Ақшағыл
Балқашта «Балқаш Tourfest – 2024» фестивалі басталды. Туризмді насихаттау мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілетін шара биыл Ақшағыл (рембаза) кентіндегі көл жағасында екінші мәрте ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасатын жағажайдағы жайдарлы сәттер туризмнің тынысын аша түсуге ықпал етеді дейді мамандар. Балқаш – еліміздегі ең Топ-10-ның қатарында. Бұл – туристік маусым уақытында ұйымдастырылған ауқымды шара «Тұран жолбарысын» басты нышан етіп алып отыр.
Көл жағасындағы сахнада күй төгіп, кернейлетіп бастаған «Жошы» этно-фольклорлық тобы игі шараның дүбірін көпшілікке жеткізді. Балқаш көлі мен қаласы туралы деректі кино көрсетілді. Көл бетіндегі қоқыстарды, суды тазалайтын аппарат іске қосылды. Еліміз бойынша алғаш қолданысқа енгізілген аппараттар саны келешекте артатын болады.
– Бұл фестивальдің мақсаты – Қарағанды облысында туризм саласын дамыту және қызметін арттыру. Және осы фестиваль арқылы туризмді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Балқаш қаласында 20 қонақ үй және Тораңғылық, Шұбартүбекті қосқанда 1224 нөмірлі 58 демалыс орны бар. Бүгінгі күні 7 демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Туристік қызметтен 2023 жылы 243 млрд. теңге салық түскен. Былтыр 362 мың турист демалуға келген. Балқаш көлі, бүгінгі Қазақстан – көптеген шетелдіктерге танымал, сұранысқа ие және белсенді дамып келе жатқан туризмдік бағытқа жатады, – деді шараның ашылу салтанатына қатысқан Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
«Балқаш Tourfest – 2024» фестивалін ұйымдастырушыларының айтуынша, Балқаш маңындағы туризмді дамыту қала халқы мен көлге демалуға келетін қонақтар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізу көзделіп отыр. Келешекте фестиваль уақыт ағымына, халықтың сұранысына қарай түрленіп, жетілдіріліп отырады. Фестиваль бағдарламасы екі күнге есептеліп жасалған. Бағдарламада отбасылық, спорттық, мәдени-көпшілік іс-шаралар бар. Биыл ашық аспан астындағы кинотеатрда қазақстандық режиссерлердің отандық фильмдері көрсетілмек. Сондай-ақ, мерекелік жәрмеңкелер, бірқатар қызықты конкурстар ұйымдастырылады. Халыққа фестиваль өтетін жерге барып-қайтуына ыңғайлы болу үшін тегін көлік қатынасы ұйымдастырылған. Таңертеңгі сағат 9.00-ден түнгі сағат 24.00-ге дейін 15 минуттық интервалмен екі автобус қатынайды. Santorini демалыс аймағына қарама-қарсы жерде ақысыз көлік тұрағы бар, мұнда полиция бекеті де жұмыс істейді. Фестиваль мақсатының бірі – көл жағалауын таза ұстауға шақыру болғандықтан, «Жасыл ел» жасағының балаларымен бірлесіп жалпыхалықтық экологиялық акция өтеді.
– Биыл біз фестивальді өткен жылғы тәжірибені ескере отырып ұйымдастыруға тырыстық. Біз өткен жылмен салыстырғанда екі есе туристер келеді деп күтеміз. Ересектер мен балалар екі күн бойы әртістердің, жарқын шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалап, спорттық жарыстар мен экоакцияларға қатыса алады. Balhash Tour Fest біздің қаламыздың визит карточкасына айналуы және туристер ағынын арттыруы тиіс, – деп есептейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Айта кетейік, фестиваль бағдарламасында ересектерге де, балаларға да арналған шаралар бар. Фестивальге келген балалар аквагрим жасап, футболкалар мен банданаларды бояй алады. Олар үшін құм сарайын салу, батпырауықтарды ұшыру бойынша қызықты шеберлік сабақтары өтеді.
Спорттық іс-шаралар да қарастырылған, соның ішінде, волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ, тағы басқа сайыстар ұйымдастырылады. Мұнда ұлттық аспаптардың жылжымалы мұражайына баруға, фитнеске, йогаға қосылуға, волейбол, кір көтеру спорты және армрестлинг жарыстарына қатысуға болады. Фестиваль аясында суда жүзуден, желкенді қайықтармен жүзуден жарыстар өткізіліп отыр. Қолөнер шеберлері үшін арнайы алаң бөлініп, онда олар өз бұйымдарын көрсетіп, сауда жасауына жағдай жасалған. Жағажайда үлкен фуд-корт пен қолөнершілер дүкендері орналасқан. Мұнда дәмді тамақтанып қана қоймай, қолөнершілер жасаған ерекше кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарды сатып алуға болады.
Концерттік шаралар мен биден конкурстар өтеді. Кешке диджей Никита Филатовпен және Алматыдан келген кавер-топтың орындауымен «Музыкалық толқын» шоу-бағдарламасы мен би шайқасы өтеді. Сонымен қатар, фестивальдің хедлайнерлері – Astana.kz командасы, Дастан Оразбеков және Say Mo өнер көрсетеді.
(Фестиваль туралы толығырақ газеттің келесі санынан оқи аласыздар).
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz