Жаңалықтар

Туберкулезбен күрес – үздіксіз

Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – бұл туберкулезге шалдыққан барлық науқастарға кешенді және ең бастысы үзіліссіз ем жүргізу. Себебі, туберкулезге қарсы препараттарды қабылдаған науқастың бактерия бөлінуі тоқтап, сәйкесінше, жұқпаның қоршаған ортаға таралуы тежеледі. Құрт ауруымен күресудің әдістері, кешенді тексерілу шаралары Туберкулезбен күрестің халықаралық күні қарсаңында арнайы ұйымдастырылған айлық кезінде кеңінен насихатталды.

Туберкулез – медициналық және әлеуметтік мәселе. Сондықтан сырқаттың алдын алу мақсатында әлеуметтік және медициналық тұрғыдағы шаралардың кешені жасалады. Туберкулездің алдын алу екі бағытта жүргізіледі. Арнайы, яғни, тікелей ауру қоздырғышына бағытталған ем және сау адамдардың ауруға шалдығуының алдын алуға бағытталған санитарлық шаралар.

Арнайы алдын алу шаралары ағзаның туберкулез қоздырғыштарына қарсы төтеп бере алуын арттыруға бағытталған және нақты бір адамға негізделеді. Сау адамның туберкулез жұқпасына төтеп бере алуын вакцинация арқылы арттыруға болады. БЦЖ вакцинасы көптеген елдерде ерекше мәнге ие. Ол әлемнің 64 елінде міндетті шара болып есептелінеді, ал 118 елде ресми түрде ұсынылған. Аталған екпе әлем бойынша жас ерекшеліктері әртүрлі 2 млрд. адамға жасалады.

Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы жаппай вакцинация дүниеге келген сау нәрестелерге перзентханада жасалады. Оны нәрестенің анасының жазбаша түрдегі келісімімен арнайы егуге арналған бөлмеде орындайды. БЦЖ вакцинасының құрамы туберкулез микробактерияларының тірі, әлсіз штамдарынан тұрады. Олар адам ағзасына түсе салысымен көбейіп, туберкулезге қарсы арнайы иммунитетінің дамуына әсер етеді. Әлсіз микробтар ауруды тудыра алмайтындықтан, аталған екпелер адам үшін қауіпсіз болып келеді. Жаңа туған нәрестеге вакцина жасалғаннан кейін иммунитеттің бірден қалыптасуы мүмкін емес, ол шамамен 4-6 аптаны қажет етеді. Сондықтан, бұл кезеңде баланың туберкулезді жұқтыруынан аса сақ болу керек.

Туберкулезге қарсы вакцина егілгеннен кейін ағзада қалыптасатын иммунитет нақты бір уақыт аралығында ғана сақталады. Сондықтан, бірнеше жылдан кейін оны қайталау керек, яғни, ревакцинация жасау қажет. Елімізде ревакцинацияны 6-7 жылда бір рет жүргізу тағайындалған. Бұл баланың орта мектептің бірінші сыныбына барған кезіне сәйкес келеді. Ревакцинация жасау алдында туберкулезбен ауырған-ауырмағандығын анықтау мақсатында баланы толық тексеру шаралары жүргізіледі. Ревакцинация туберкулиндік сынама (Манту сынамасы) теріс нәтижелі болған балаларға ғана жасалады. Бұл кезеңде отбасында туберкулезбен ауыратын адам болса, балаларды ревакцинацияға дейін бір айға және одан кейін 4-6 аптаға оқшаулау қажет.

Ата-аналары жасалған вакцина баланы туберкулез жұқпасынан толығымен қорғай алмайтындығын білулері тиіс. Сондықтан да олар туберкулездің алдын алу мақсатында қосымша шараларды орындаулары керек. Ондай шараларға баланы жұқпадан оқшаулау, ағзаны шынықтыру, дұрыс тамақтану жатады.

Санитарлық алдын алу шараларының мақсаты сау адамдардың туберкулезді жұқтыруының алдын алу. Туберкулез жұқпасының ең қауіпті жайты – тыныс алу жолдарының зақымдануы мен өкпе тінінің ыдырауы. Мұндай науқастар жөтелген, қақырынған, түкірген кезінде туберкулездің қоздырғыштарын көп шығарады. Науқастың айналасындағы ауа туберкулез микобактерияларынан тұрады. Мұндай ауамен тыныс алған сау адам туберкулезді жұқтыруы әбден мүмкін.

Туберкулез жұқпасының таралу қаупі адамның тұрмыс жағдайына, оның тұратын елді мекенінің мәдениеті деңгейіне, науқастың әдетіне және онымен қарым-қатынаста болатын адамдарға байланысты. Қайда болса, сонда түкіре салу сияқты жаман әдеттерді жоюымыз керек. Әрбір жөтелуші адам қақырығын өзіне тән қақпағы бар, кішірек ыдысқа жинаған жөн болар.

Туберкулез жұқпа ошағы дегеніміз – шартты түсінік. Оған бактерия бөлетін адамның мекен ететін орнын, қоршаған ортасын қосады. Туберкулез науқастармен бірге тұратын сау адамдар өз еркінен тыс олармен қарым-қатынаста болады және ауру адамның қолданған заттарын ұстайды, яғни, науқас адамдармен тұрмыстық жағдайда болады. Көбінесе, науқас адамдармен жиі қарым-қатынаста болатын осындай адамдар туберкулезді жұқтырып алады.

Егер науқас адамның өзіне тән жеке бөлмесі немесе тым болмағанда ортақ бөлмеде бөлек бір қоршалған бұрышы болмаса, үйде тазалық сақталмаған жағдайда сау адамдар да туберкулезге шалдығу қаупі арта түседі. Сондықтан туберкулез науқастарымен тұратын адамдар барлық жағынан гигиеналық талаптарды орындап, ауру адамның жеке заттарын, сонымен қатар тұратын орындарын жиі дезинфекциялап отырулары керек. Ең басты есте сақтайтын жайт, туберкулезді жұқтыру қаупі ашық ортада емес жабық ортада көп орын алады. Сондықтан бөлмені барынша жиі желдетіп отырған жөн. Бөлмеде тазалық жүргізу туберкулезді жұқтырудың алдын алады. Жай ғана сыпырғымен сыпыра салу немесе шаңсорғышпен тазалау тазалыққа жатпайды. Өйткені, одан пайда болатын шаң, жоғары көтеріліп, кейін еденге, жиһазға басқа да заттарға қайта түседі. Сол себептен бөлмеде дымқыл тазалық шараларын жүргізу аз да болса туберкулез микробактерияларының таралуы мен олардың адам ағзасына түсуін азайтады. Адамдардың барлығында туберкулез бактерияларын жұқтырып алу қаупі бар. Бірақ, олардың тек 10%-ында ғана қарқынды туберкулездің дамуы мүмкін. Жұқтыру мен сырқаттанудың нәтижесі ағзаның көптеген жұқпаларға қарсы тұруы мен оның кезкелген жұқпаға төтеп беруіне байланысты. Аурудың алдын алу мен анықталған жағдайдағы ем-дом шаралары туралы хабардар ету 24 наурызға дейін өтетін айлық кезінде барлық жерде кеңінен жүргізілуде.

Әсел АХМЕТОВА,

Қарағанды қаласы №3 емханасының балалар фтизиатры.

Басқа материалдар

Back to top button