Руханият

Туған жерінің темірқазығы

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Абылай мен Жарылғап» деген жазбасында: «Көкшетауда қырық сегіз жыл хандық құрған Абылай хан алпыс кісі жолдаспен бір жорыққа бара жатып, жазғытұрым Баянауыл тауына түнепті: елсіз екен, ел жоқ екен. Түнде аш жатыпты, таң атқан соң:

– Алдымызда тамақтанарлық жерде ел бар ма? – деп сұрапты. Бір Керейіт жігіт:

– Алдымызда Ағысы-Қудың Қуында, Қызылшілік деген жерде Қаракесек-Жарылғап бар, – депті…» Сөйтіп нағашысының ауылына алып кепті.

«…Жарылғаптың әдет ісі екен: «Өлім болжалсыз, келім болжалсыз» деген. Мейман қонақ: «Мен бүгін пәленшенікіне барамын» – деп, хабар салып келмейді. Күндіз келіп қала ма, түнде келіп қала ма? – деп, үй ішіне төсеніш төсетіп, құда-күйеу келетұғын үйдей қылып қояды екен. Маңқан деген бәйбішесі бар екен. Қаздауысты Қазыбектің баласының отауына түсіп, той болып, тойға кеткен екен. Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай деген төрт баласы бар екен. Екеуі жылқыда, екеуі қысыр сауғалы кеткен екен. Үйде Жарылғаптың жалғыз өз басынан басқа жан жоқ екен. Төсегінің үстінде ірге жаққа қарап жатыр екен. Бір уақытта үйге хабарлау үшін жиен сәлем беріп кіріп келді.

– Бұ қайсың? – дейді.

– Мен – жиен Керейіт пәленшемін, – дейді.

– Не қыл дейсің? – дейді.

– Үй сыртында алпыс қосшысымен Абылай хан түсіп жатыр, – дейді.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

Жарылғап семіздіктен біреу қолынан тартып көтермелемесе, өз бетімен олай-бұлай аунап жата алмайды екен:

– Кел, жиен, қолымнан тартшы, – дейді. Басын көтеріп, төсегінің үстіне орнығып отырды.

– Бар, меймандарды үйге кіргізе бер, – дейді.

Абылай хан кіріп келгенде:

– Ассалаумағалайкум, алдияр, бар әлім, жоқ жайым – осы, – дейді.

– Бұл кісілердің отызына мына сабадан қымыз құй, отызына ана сабадан құрт құй, – дейді (жиенге).

Ауылға кісі түскенін көріп, жылқыда жүрген екі бала да келді, биеде жүрген екі бала да келді. Төртеуінен басқа топырлаған жан жоқ. Және өздері әдемі киінеді екен. Тайжақы орнына кигендері – қара құндыз. Жалшылар малайлар сықылды қайыс жіп, шу буынып жүрген жоқ. Буынғандары – шымжиғақ күдері белбеу (белбау). Қызметі – құл сықылды, киім формы, кескін-түрі – ұл сықылды. Сонда сүйсінгеннен Абылай хан айтқан екен:

– Жарылғабым, ұлға да жарыған екенсің, құлға да жарыған екенсің! – депті.

Сөйтіп отырғанның үстінде Маңқан бәйбіше келіп қалыпты… Байпаңдап келіп, Жарылғаптың төменгі жағына, төсек үстіне оты­­рғанда, екеуі екі шоқыдай жарас­тықты болыпты.

– Бұл кісілер сусындады ма? – депті.

– Бар қымыз бен құртты бердік, – депті.

– Жүктің артында сүйретпеде байдың сыбаға асы – түнемелі тұр еді. Балалар, алшы, – депті. Алып, тегенеге құйып сапырған екен, алпысына түгел жетіпті. Бәйбіше байына:

– Неге мал алдырмадыңыз? – депті.

– «Пәлен жерде табысайық» деген батырлары бар екен, асығып, мал сойдыруға қарамады, – деген соң, бәйбіше:

– Ұрғашының асыққанды алдап жөнелту үшін даяр сый асы болады ғой, – деп, отызына табаққа салып екеуара жент қойыпты…

…Бұзаутайыншаның қарынына салынған бір қарын жентті ортасынан қақ жарып, ханның қоржынына салғызды дейді.

Жылқыға ие бақташы болған баласы Тастемір екен, Жарылғап:

– Тастеміржан, «Хан деген – жұрттың қазығы, қараша – оның азығы» деген. Мына жылқы бұлардың жолының үстінде жатыр ғой. Ханды ортасына түсір де, қасындағы төлеңгіттерінің ұнатқан, «мінуге жарайды» дегенін ұста. «Сойысқа жарайды» деген биенің семізін ұста, «құтым кетеді, сүтім кетеді» деме. Өздері: «Болды, енді қой!» – дегенде қой, – деп, ханды шығарып салуға Тастемірді қосты.

Жылқының ортасына хан барып түсті. Тастемір шатырлатып, төлеңгіттердің таңдаған, қалаған атын, биесін ұстап беріп жатыр.

Сонда Абылай хан қасындағы отыр­ғандарға сөйледі:

– Мен бағана «Жарылғап бар» дегенде, «Қай Жарылғап?» – дегенім, бұл Қаракесекте Қарсұн-Керней Жарылғап болушы еді. Оны жұрт: «Ер Жарылғап, батыр Жарылғап, бай Жарылғап, би Жарылғап» деп қай түрлі атпен атаса да, толық болған жан еді. Бұл Жарылғапты: «Тілеуке-Бертістің Тілеукесінің баласы – Шақабай-Жарылғаптың Жарылғабы, ұры Жарылғап», – деуші еді. Халық та қаңғып сөйлей береді екен. Бұл ұры болса, жылқы, түйе, қой, сиырды ұрлап алған шығар. Ана бәйбішені ұрлап алған жоқ қой! Ұрлап алса, жанды кісі бұған сіңіртіп қоя ма? Мына төрт баланы ешкімнен ұрлап алған жоқ қой! Бір төрт күшік кімнен тумайды?! Бірінен-бірі өтіп туған, туысы бөлек жандар ғой! Мынау өзі Құдай жарылқап қойған шын Жарылғап екен! – депті» (Көпейұлы М.Ж., Шығармалары. – Алматы, «Ел-шежіре», 2009. 9 том. 83-85 беттер).

Абылай хан таңдай қаққан Жарылғаптың кіндігінен қазақ халқының игілігі үшін қызмет еткен тұлғалар тарады. Мысалы, атақты Балта, Айтбай ақындар, меценат Қасен Ақайұлы, әйгілі әншілер Ғаббас Айтбаев пен Қуан Лекеров, Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов, көптеген ғалымдар, өнерпаздар, архитекторлар, журналистер мен спортшылар, басқа да саланың хас мамандары Жарылғап атаның ұрпақтары. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бойында да осы бабаның бір тамшы қаны бар.

Амантай Дәуіпбайұлы әлгінде аталған Ағыс-Қудың (көне түрік тілінде Сегіз Биік деген мағына береді екен) бауыр­ындағы Егіндібұлақ ауылында 1954 жылдың наурызында жарық дүние есігін ашыпты. Әкесі Дәуіпбай Асылбеков ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер. Майдан даласынан ауыр жарақат алып елге оралған соң аудандық аурухананың қосалқы шаруашылығын басқарыпты. Ол кезде өз қажеттігі үшін аурухана сиыр мен жылқы ұстаған көрінеді. Анасы Мағаз­ова Шәрбан үй шаруасымен, үйелмелі-сүйелмелі сегіз баланың тәрбиесімен айналысқан екен.

Егіндібұлақтағы №1 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Қарағанды педагогика институтының көркемсурет факультетін тәмамдап, осындағы мектеп-интернатта пән мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейіпкеріміздің педагогика мамандығын таңдауына үлкен ағасы, алғашқы мұғалімі Төкен ақсақалдың ықпалы үлкен болғаны хақ. Ұстаздықты жер бетіндегі ең ұлы кәсіп деп түсінген ардақты аға бұл қызмет туыстарына да, балаларына да жұғысты болуына әсер етті. Үлкен мәдениет иесінен көп жақсы қасиет үйренді, өмірде сол кісі тәрізді болуға тырысты.

Көп ұзамай осы аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищедегі комсомол ұйымы хатшылығына сайлануы – Амантайдың өміріндегі бетбұрыс кезеңнің бастауы. Училищеде оқитындар мектептің балалары емес, басым көпшілігі жүргізуші, механизатор мамандығын меңгеріп, еңбекке, үлкен өмірге араласуға құлшынып келсе, араларында отбасының, орта мектеп педагогтарының тәрбиесіне көнбеген, яки оқу бағдарламасын меңгере алмаған басбұзарлар да кездесіп қалады. Оларды қақпайлап, санасына сәуле түсіру, өзіне де, қоғамға да пайда әкелетін азаматтар санатына қосу – училищедегі оқытушылармен қатар қоғамдық ұйымдардың, алдымен комсомол ұйымының міндеті. Амантайдың мінез-құлқы, тәрбиесі әр түрлі адамдармен тіл табысуы, жұмыс істеуі үшін үлкен сынақ алаңы болған – осы кәсіптік-техникалық оқу орны.

Жасөспірімдермен қоян-қолтық араласып, адамдар психологиясын тану, ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен жігіт ұзамай Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылды. Кеңестік дәуірдегі кадр саясатының ерекшелігі – «талағының биті бар» кез келген жасқа бірдей мүмкіндік берілетін еді: жергілікті биліктің жоғары сатысына жақындаған жан өзін жақсы қырынан көрсете алса, алдынан ақ жол ашылады. Ол үшін облыс пен республикадағы көкенің беделі де, қалтаның қалың болуы да қажет емес-ті. Аупарткомның нұсқау­шысы бола жүріп, Амантай коммунистік идеология ұстанған принциптермен, ел және өңір тұрғындарының саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайларымен етене танысты. Теориялық білімін тәжірибемен ұштады.

Орталықтардан шалғайдағы, аграрлық саланың егіншілігінен гөрі мал шаруашылығы басым өңірдің тұрғындары өркениет игіліктерінен аулақтау жатқанын, мұнда жаппай даму кемшін екендігін, жекелеген адамдар ерекше талабы мен жан қинайтын еңбегінің нәтижесінде ғана табысқа жететінін жете түсінді. Ауылдың жігі жазылмайтын науқандық жұмыстарына араласа жүріп, аға ұрпақтың баяу жылжитын тіршілігін, одан да шабан өзгеретін көзқарасын жақсы таныды. Олардың төзімділігіне, өмірге құштарлығына сүйсінді, талай жақсы қасиеттерін қабылдады.

Орда бұзар отыздан жаңа асқан шағында, 1986 жылы аудандық партия комитеті Егіндібұлақ аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне баруға ұсыныс жасады. Амантайды осы қызметке тағайындауға бұйрық бере отырып, облыс мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы ­Р.Омарбекова шалғай ауылдардағы халық, әсіресе, қыстақтардағы малшылар рухани жүдеушілікке ұшырамауын қатты тапсырған-ды. Рымбала Кенжебалақызы міндет жүктеп қана қоймай, мүмкіндігінше көмек берді. Соның нәтижесінде айналдырған екі-үш жылдың ішінде аудан шаруашылықтарына 6 автоклуб пен бір библиобус жаңадан алынды. Олар ауыл тұрғындарының рухани мұқтаждығын өтеу үшін мүмкіндігінше қызмет көрсетті.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Егіндібұлақ өңірі барынша дамып, экономикалық көрсеткіштері де, мәдени өмірі де жоғары белеске көтерілді. Ауданның Мәдениет үйі жанында Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Балқантау сазы» фольклорлық ансамблі, өнерге жақын ардагер аға-апалардан құралған «Замандастар» хоры белсенді жұмыс істеді. Оларға жетекшілік жасаған талантты музыкант, ұлағатты ұстаз, тамаша азамат Еркін Мұқажанов болатын. Содан бері қырық жылға таяу уақыт өтсе де, аталған өнер ұжымдары Егіндібұлақ ауылы мен оның төңірегіндегі елдімекендер тұрғындарының үлкен ықыласына бөленуде. Аудан таратылған тоқсаныншы жылдардың соңында көптеген өнер адамдары тіршілік қамымен Қарағанды, Астана қалаларына қоныс аударып, әңгіме болып отырған ұжымдардың қатары селдіреп қалып еді, қазіргі таңда өнерпаз жастардың жаңа буыны өсіп, жетілді. Қасиет қонған топырақтан әлі талай талантты ұл-қыз өсіп шығатыны хақ.

Үлкен ұжымды басқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Амантай бірер жылдан соң аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалып, өңірдің идеологиялық жұмыстарына жетекшілік жасады. Көп ұзамай халық депутаттары аудандық кеңесі төрағасының орынбасары болып ауысты. Кеңестік билік жүйесі құлап, әкімшілік бөліністерді басқарудың жаңа құрылымы қалыптаса бастаған кезде аудан әкімі аппаратының жетекшісі деген лауазымға бекіді. Осының бәрі кейіпкеріміздің жалынды жастық жігерімен әрі мол тәжірибемен құлшына атқарған қызметтері еді. Осы лауазымдарды иелену барысында Т.Зейнешев, С.Мәтелин, Н.Нұрақышев, Т.Әбділдин, Қ.Ахметов, А.Рақышев, Т.Мәжитов, Б.Маясарова, А.Жарықова сияқты аға ұрпақтың өкілдерімен қоян-қолтық араласып еңбек ету мүмкіндігіне ие болды. Олардың іс-тәжірибесінен, адамдармен тіл табысуынан үлгі-өнеге алды. Амантай осы жылдары өзімен қыз­меттес болған, ауданның әр саласында қызмет жасаған К.Сауғабай, Т.Елеуов, Б.Құрмашев, М.Адамов, Ғ.Бейсенбаев, М.Ахметов сияқты азаматтарды, құрдасы Қ.Тоқышевті, туған қарындасындай болған Р.Жылтыбаева, О.Жарылғапова сияқты қыздарды сағынышпен еске алады. Олардың кейбіреуі осы күні бақилық болса, біразы әлі де елінің ертеңі, қоғам үшін қызмет атқаруда.

Жетпіс жылға жуық дербес әкімшілік бөлініс болған Қазыбек би ауданы таратылған кезең облыс орталығынан шалғайдағы елге аса ауыр соққы болды. Тіпті, тұрғындарының тоқсан пайыздан астамы аштан қырылған, жүруге жарайтыны тамақтан өтетін талғажу іздеп жан-жаққа тентіреп кеткен жылдары да Қу (кейінгі Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданы жабылмаған еді. Осы ауыр шақта Амантай Егіндібұлақтағы көп салалы коммуналдық кәсіпорынның басшысы болатын. Кеңес Одағы тарап, ұлттық республикалар өз алдына дербестік алып кеткен, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген жылдары Қарқаралы ауданының құрамына қосылған бұл өңірдің адамдары аса күрделі жағдайда қалды. Электр қуаты апталап, кейде айлап берілмей қалатын. Тұрғын үйлер мен мекемелерді жылытатын қазандықтар мен дизелдік электр станция атаулы қаңтарылып тұрды. Жұмысы электр қуатына тірелетін ауыз су жүйесі де тоқтап қалды. Жұмыс істейтін техникаға қажетті жанар-жағар майды аудан орталығы Қарқаралыдан бөшкелеп тасуға мәжбүр болған күндер бастан өтті. Сол жылдары қыс қатты болып, қар да қалың түсті. Қарағанды – Егіндібұлақ бағытында жүретін автобус жолда қалатын, қақаған қаңтарда қайтыс болған адамдарды ауылдың жанындағы зиратқа автомашинаның капотына салып апарған күндер еске түскенде Амантайдың бойы қазір де қалтырап кетеді. Ауыл көшелерін осындағы жүруге жарамды жалғыз-ақ ЮМЗ экскаваторының қалағымен тазалайтын еді.

Егіндібұлақ ауылының әкімі болып қызмет атқарған жылдарын Амантай әке аманатын ақтаған кезеңіне балайды. Өйткені, 1928 жылы Қу ауданы құрылып, Ресейден қоныс аударушылардың Хлебородное қонысының орнына жаңа әкімшілік орталық салынғанда мұндағы қос қабатты ғимараттарды қолымен қалағандардың қатарында кейіпкеріміздің әкесі Дәуіпбай ақсақал да болған дүр. Ол жеті жыл ауылдың әкімі лауазымында еңбек етіп, кейін әкім аппаратының бөлім басшысы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Дегенмен, әлі де ауылдың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласады. Қазіргі таңда аудандық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі.

Егіндібұлақ ауылының басшысы қызметін атқарған жылдары кейіпкеріміз Қарқаралы ауданының әкімі қызметін атқарған М.Нұрақышев, Н.Омарханов, С.Аймақов, Х.Мақсұтов сияқты азаматтармен тіл табысып еңбек етті. Өңірдің өміріне әрқайсысы өзінің қолтаңбасын қалдырды. Амантайдың кейінгі буын басшыларға – Э.Дүйсетаев пен Е.Құсайыновқа да ілтипаты ерекше. Бұлар жас болса да, біліктілік пен іскерлік қабілеттерін көрсете алды. Жоғарыда аталған ел ағаларының қай-қайсы да Балқантаудың баурайындағы елге ерекше көңіл бөлді. Аудандық бюджеттің мардымсыздығына қарамай, моральдық зардап шегіп отыр­ған өңірдің тұрғындарын қолдау үшін қолынан келетін мүмкіндікті жасауға тырысты. Ауылдастарына жанашырлықпен қараған басшыларға оң ниет білдіру парыз деп біледі ел ағасы.

Амантай қай салада, қандай лауазымда еңбек етсе де, туған жерінің тарихи құндылықтарын құрметтеуді, халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын келер ұрпаққа жалғастыруды әрдайым назарында ұстады. Мысалы, 2009 жылы Егіндібұлақ ауылының іргесі қаланғанына ғасыр толды. Бұл елдімекенді өткен ғасырдың басында Ресейдің Еуропалық бөлігінен қазақ даласына қоныс аударған қарашекпендер негіздеген еді. Содан бері бұл өңірде халық тарихының қаралы беттеріне айналған талай қанды оқиға өтті. Қазақ шаруаларының күнкөрістік малын тартып алып, аштық нәубетіне ұшырату, пантүркизм, панисламизм желеуімен һәм кеңестік экономикаға кесел келтірді деген сылтаумен ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу өкілдерін қуғын-сүргінге салу бірнеше жылға созылды. Кейінгі жылдарға дейін аудандық, кейін ауылдағы ішкі істер бөлімінің кеңсесі болған ғимараттың жанындағы, бұрынғы НКВД абақтысында ондаған аталарымыз азапталып, бірсыпырасы оққа ұшты. Қазір шағын гүлзарға (скверь) айналған осы жерге ескерткіш стелла орнатылып, тоталитарлық биліктің жалған жаласымен қайғылы қазаға ұшырағандардың есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылды. Сондай-ақ, әлемнің ең танымал музыка мамандарын таңғалдырған әйгілі әнші, Қу өңірінің аудан болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген қажырлы қайраткер Ғаббас Айтбаевтың Егіндібұлақ ауылындағы ескі қорымда елеусіз қалған зираты жөндеуден өткізіліп, көрнекті құлпытас ескерткіш қойылды.

Қу болысын ұзақ жыл басқарған қоғам қайраткері, өңірге шаруашылық жүргізудің жаңалықтарын әкелген озық ойлы ақсақал, ағартушы, «Алашорда» үкіметінің тілеулесі, меценат, ағартушы Қасен Ақайұлының туғанына 160 жыл толуына орай ауылдағы өзінің есімін иеленген көшенің бойына гүлзар салынып, оның іші мүмкіндігінше абаттандырылып, тас тұғырға ескерткіш белгі орнатылды. Осы жұмыс­тардың басы-қасында Амантай Дәуіпбайұлы жүрді ауылдастардың еңбегін ұйымдастырып.

Таяуда ғана жетпісінші белесін бағындырған оның алдына қойған мақсатты мұраттары жетерлік. Оның ең бастысы һәм негізгісі – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төртінші төрағасы, саяси жаланың құрбаны Нығмет Нұрмақовтың Егіндібұлақта қойылуы белгіленген ескерткішін аяқтап шығу. Қарқаралы бағытынан ауылға кіре берісте арнайы алаң әзірленіп, абаттандырылды. Тұғыры дайын. Осы ауылдың тумасы, белгілі мүсінші Мұрат Мансұров әзірлеген ескерткіштің қалыбы да дайын көрінеді. Енді металл қоспасынан ескерткіштің өзін құйып шығу жұмысы кезегін күтіп тұр. Таяу болашақта біртуар тұлғаның көрнекті бейнесі Балқантаудың баурайына орнайды деген үміт қана емес, сенім бар. Бұл істің Амантай үшін қымбаттығы – елдің жанашыр азаматтарынан бастамашыл топ құруға, арнайы қоғамдық қор ашқызуға өзі мұрындық болып еді.

Биыл Балқантаудың бір топ ұл-қызы жетпіс деген жүйріктің жалына қол артып отыр. 1971 жылы Егіндібұлақтың мектептерінен аттестат алып шыққан сыныптас ұл-қыздар арасынан қазір Амантай жақын араласатын Н.Әділбеков, Р.Мұсағалиев, М.Әлтаев, Д.Ешімханов, Г.Крамқұлова, Б.Ақкесина сияқты дос-құрбылары жер басып жүр екен. Көпшілігі туған жерінен аулақта, әкімшілік орталықтар мен өнеркәсіпті қалаларға табан тіреп, сол жақта ұрпақ өсіріп, орнығып қалған жайы бар. Ауданы жабылып, кәсіп іздеген жұрт Қарағанды мен Астанаға телміріп, балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен тоқсаныншы жылдары Амантайдың да кемінде облыс орталығына көшіп баратындай мүмкіндігі үлкен еді. Бірақ, ол жылы орнын суытпады. Туған жерінің Темірқазығы болып бекіді. Өйткені, ұлы тұлғалардың табаны тиген топырақтың қасиетіне, елінің ертеңіне сенді. Қызмет барысында, өмірдің ойлы-қырлы белесінде ауылдастарына арқа сүйеді. Ересектердің батасын алып, қатарластары мен жастардан қолдау тапты. «Мен жастарға сенемін!» – деп Мағжан атасы айтқандай, Амантай Балқантаудың жас жайнақтарына сенеді. Олардың өресі биіктігін, туған жеріне, еліне қызмет етсем деген ниеті адал екеніне көз жеткізіп келеді.

Зайыбы Күләш Сейітжанқызы шын мәнінде өмірлік серігі бола білді. Аудандық ауруханада медбике болып қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Бұлардың жарастығынан жарық дүние есігін ашқан төрт перзенті тәрбиелі, жоғары білімді, қоғамнан өз орнын тапқан азаматтар. Қазір олардан өрбіген 11 немере-жиендер ата мен әжені базарға бөлеп келіп-кетеді. Таратып айтсақ, үлкен ұлы Бақытжан шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Екінші ұлы Біләл Приозерск қаласында соттың төрағасы қызметін атқарады. Үлкен қызы Айжан нәрестесінің күтімімен қазіргі сәтте үйінде болса, кіші қызы Әйгерім облыстық зейнетақы қоры филиалында бөлім басшысы болып қызмет атқарады. Немеренің үлкені Айғаным АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Гамильтон университетінде, екінші немересі Нұрия Астана қаласында,  AITU-Астана IT Univetsity  студенті екен. Қалғандары әлі мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері.

Соңғы кездері Егіндібұлақ тұрғындарының еңсесі көтеріңкі. Себебі, өңірде оң өзгерістер бар. Ауылдағы білім мен тәрбие беру орындары, мәдениет ошақтары, басқа да мекемелердің ғимараттары кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілуде. Жаңадан салынған спорт кешені кейбір аудан орталықтарында да жоқ. Саябақ пен гүлзарлар, балалардың ойын алаңдары салынуда. Осының бәрі кейіпкеріміздің елдің ертеңіне зор үміт артуына негіз деп сеніммен айта аламыз. Туған жердің шынайы патриоты екенін сөзімен емес, ісімен көрсетіп жүрген Амантай Дәуіпбайұлы осындай азамат.

   Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Егіндібұлақ ауылы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button