«Туған жер» күні – тағылымды бастама
Жақында облыс орталығында «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясының бастамасымен қазақтың рухани құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған бейресми «Қазақ күнтізбесі» жобасының тұсауы кесіліп, ұлт мұрасын насихаттайтын атаулы күндер белгіленді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туған міндеттерді түгендеген жоба мақсаты – ұлттық қазынамызды қайта жаңғыртып, заманауи рең беру. Бұл игі бастамаға халықаралық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы қолдау білдіріп отыр. Бейресми «Қазақ күнтізбесіне» сәйкес, 7 тамыз – «Туған жер» күні болып белгіленген болатын.
«Ұшса – құстың қанаты талатын, шапса – тұлпар тұяғы тозатын» осынау кең-байтақ жер ғана емес, онда туындаған әрбір рухани қазына мен материалды игіліктің бәрі – ұрпаққа аманат! Сондықтан, мұндай бастама аяқ асты қалмас деген ниеттеміз. Адам баласының маңдайына жазылған бақыт, байлықтың күллісі осы туған жерде игілікке айналып, баянды болады екен. Ендеше, бабалардан қалған жер – кейінгі ұрпаққа аманат қана емес, қазына, байлық. Туған жер күнінің мән-маңызы да сонда. Барша қазақстандықтар үшін киелі мекенге айналған Қазақ Елі мәңгілік жасай берсін!
Темірғали КӨКЕТАЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы»
бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, профессор.