Руханият

Туған өлке – тұғырың

Туған өлке тарихын зерттеу және жас ұрпақтың бойына елге, жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – бізге артылған жауапкершіліктің бірі. Ол үшін бірінші кезек қолымызда дерекнамалық құжат қоры мен ғылыми әдебиет болуы керек. Дерек қорын оқытушы арнайы жоспар бойынша ізденіп жинақтауы абзал. Олар ел аузындағы шежіре, кітапхана, мұрағат, музей қорларындағы деректермен толықтырылады. Қазіргі күні ғаламтор арқылы тіл білген адамға шет елдердің кітапханалары мен мұрағаттарына да шығуға мүмкіндіктер тууда.

Мысалы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі тарихи деректеріне үңіліп көрейік. Деректердің басым бөлігі географиялық сипаттама, қысқаша тарих, халқының саны, салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы мәліметтер. Географиялық сипаттамада топонимдер, гидронимдер, әкімшілік-аймақтық атаулар, өндіріс орындары қамтылады. Атап айтсақ, Тоқырауын, Қызыларай, Бектауата, Балқаш, Берікқара, Қөрпетай, Қызылтас атаулары жазба деректерде жиі кездеседі. XIXғ. өндіріс орыны болған Тоқырауынның бастауына жақын маңда металл балқытқан Берікқара зауыты туралы мәліметтер қоры баршылық. Тау-кен кәсіпшілері Поповтар 70-80 жылдай осы аймақта металл өндірумен айналысқан.

XIX ғасырдың басында Ресейден келген барлау экспедициясы Сарыарқа жерінен көптеген кен көздерін тауып картаға түсірген. Кейін осы өлкеге орыс кәсіпкерлері мен алтын-күміс іздеушілері ағылып келе бастайды. Олардың ішінде Қарқаралы – Тоқырауын аймағына жақсы таныс, кейіннен Семейге қоныстанған орыс көпесі Степан Попов та болатын. Ол Семей қаласының жанынан шұрайлы жер алып қоныстанады.

Степан Попов Қарқаралы, Баянауыл өлкелерінен жергілікті қазақтардың көмегімен алтын, мыс, күміс-қорғасын, тас көмір кен көздерін тапты. Бұл істе Степанның қазақша білуі де көп көмегін тигізген көрінеді. «Жергілікті тұрғындар ежелгі кен орындарын жақсы білген. Бірақ, өздері тікелей өндірумен айналыспайды» деп жазады деректерде.

Берікқара кен орнының тарихы XIX ғасырдың отызыншы жылдарынан басталды. Берікқараның алғашқы кені жергілікті қазақтардың көмегімен Ертіске дейін жеткізіліп, одан әрі Алтайдағы Колыван зауытына өткізілген. Сол уақытта Берікқара кеніші Степан ашқан кеніштердің ішіндегі ең бай кеніш еді. Бұл кеніштегі зауыттан сол маңайдағы қазақтар да өз қажеттеріне металл құймаларын алып отырған. Аңшылар оқ жасауға қорғасын, зергер, ұсталар күміс пен мыс құймаларын алған.

1853 жылы Степан Попов қайтыс болып, оның тау-кен өндірісі ісін балалары мен немерелері жалғастырады. Берікқараның ресми атауы сол жердегі салынған шіркеудің атымен «Богослов» кеніші деп атала бастайды. Кеніштегі салынған құрылыстарға Қарқаралының қарағайларын пайдаланған. Зауыттағы кен үгіту жұмыстары Ресейден арнайы жеткізілген бу машинасының көмегімен атқарылыпты. Алғашқыда күміс, қорғасын, кейіннен мыс балқытқан. Зауытқа отын ретінде Қарқаралының қарағайы мен Берікқара маңайындағы терек, қайың ағаштарының көмірін пайдаланған. Кейіннен Баянауыл маңындағы Қызылтау, Майкүбі кенішінен көмір жеткізілген. Көмір мен қарағайды жеткізу жер шалғайлығына байланысты қиынға түсті. Әрі металл құны қымбаттап зауыттың кеңейуіне қолбайлау болады.

XIX ғасырдың сексенінші жылдары ағайынды Поповтар Берікқара болысының аумағына жаңа зауыт салып қазіргі Мойынты стансасы маңындағы Қызыл еспе кенішінен кен тасу жұмыстарын қолға алады. Кен тасымалдаған осы жол ел аузында «Қызыл еспе керуен жолы» деген атпен қалған. Кейіннен бұл кәсіпорындар басқа иелікке сатылып кетеді.

XIX ғасырдың жергілікті халық мал шаруашылығымен қоса егін де салған. Тоқырауыннан басқа Беғазы, Жәмші, Қарасай өзендерінің бойында суармалы егіншілікпен айналысқан. Егінді қазылған тоғандар мен арықтар арқылы суарған. Деректерде Тоқырауын бойындағы тоғандар жүйесі XIX ғасырдың бірінші ширегінде салына бастаған деп көрсетілген. XIX ғасырдың соңына таман Тоқырауын бойында 5 су диірмені жұмыс жасап тұрған. Осы төңіректе болған шетелдіктер Тоқырауын өзенінің мөлдірлігі мен жағасын бойлай өскен тал, шеңгел ағаштарының қалың өсетініне таңқалған деседі. Орталық Қазақстандағы басқа өзендердің жағасында тал ағашының бұлай өсуі кездеспейді. Тек, шоқ-шоқ болып әр жерде өсетіндігін білеміз.

Тоқырауын өзенінің Балқаш көліне құяр тұсына жақын орналасқан Бертіс шығанағын XIX ғасырдың екінші жартысында орыс көпестері Балқаш – Іле су жолы арқылы Қытайға тауар тиейтін бекет ретінде пайдалануға дайындаған. XIX ғасырда Семейден Ташкентке баратын Қарқаралы керуен жолы осы Тоқырауынды бойлай өтеді. Бұл керуен жолын орыс көпестері Балқаш – Іле су жолымен жалғасып, Сібірден Қытайға тауар тасу үшін пайдаланбақ болған. Омбылық В.Кузнецов деген көпес осы Бертіс шығанағында баржа құрастырып Іле арқылы Жетісу аймағымен су байланысын орнатады. Кейіннен инженер И.Коззелл-Поклевский деген Англиядан бумен қозғалатын баркас сатып алып, тауар тиеп Іле өзені арқылы Қытайдың Құлжа қаласына бірнеше рет барып келген. Бірақ, бұл қарекет әрі қарай жалғасын таппады. Оның өзіндік себептері болды. Дегенмен, Іле пороходствосы кеңес дәуірінде 1920-1950 жылдар аралығында (Қапшағай су қоймасы салынғанға дейін) жақсы жолға қойылып даму кезеңін басынан өткерді.

XIX ғасырда осы өңірде болған орыс көпестері мен саяхатшылары Іле өзенінің жағалауында жабайы қабан мен қамыс жолбарысының (тұран жолбарысы) көп кездесетіндігін айтады.

1846 жылы Тоқырауын бойына санақ комиссиясының құрамында келген Адольф Янушкевич жазбаларында аймақтағы елдің тұрмысы мен салт-дәстүрі жөнінде, кәсібі, шаруашылығы, қарапайым адамдар мен патша шенеуніктерінің арасындағы әлеуметтік қайшылықтар туралы жазады. А.Янушкевич ақтоғайлық белгілі күйші Ахметжанның әкесі, сол кезде болыс басқармасы болған Сармантаймен әңгімелесіп елдің, жердің жағдайы туралы мағлұмат алады. Қарқаралы дуанбасы Құсбек cұлтан туралы, Ғазы сұлтан мен оның баласы Құдайменде сұлтандар жайлы айтады. А.Янушкевич Тоқырауынның төменгі атырабында құланның қалың жайылатындығын және жергілікті аңшылар құлан аулайтынын жазып қалдырған.

Этнограф-саяхатшы Г.Потанин туралы да деректер қоры баршылық. Оның Әлихан Бөкейхановпен достық қарым-қатынасы өз алдына жеке тарих. Г.Потанин Томскіде студент Әлімхан Ермековпен танысады. Әлихан мен Әлімхан Потанинді Тоқырауын бойына келуге шақырады. Ондағы мақсаттары ел арасындағы жыр-қиссаларды, аңыз әңгімелерді жаздыру еді.

1913 жылы Г.Потаниннің Тоқырауын бойында келуінің сәті түседі. Ол өз жазбаларында: «Тоқырауын бойына келуімнің бір себебі Әлихандай тұлғаның туып өскен жерін көру және оның туған-туыстарының көмегіне сүйеніп, жергілікті жерден этнографиялық материалдар жинау» деген болатын. Сол жылы «Қазақ» газетінің №15 санында Потаниннің Қарқаралыға сапары болатыны туралы Әлиханның мақаласы жарық көреді. Онда сапардың мақсаты жайлы айтылған. Бірақ, Әлихан жұмыс бабымен осы мезетте Саратовта болып келе алмай қалады. Сол себепті, Г.Потанин Темірші болысындағы Былқылдақ жайлауында отырған Ермековтердің ауылына тоқтайды. Ел жайлауға көшкенде, маусым айында келіп Тоқырауын бойындағы алыс жақын ауылдардан арнайы алдырған халық арасындағы әнші, жыршы, ертекшілерді ыждахаттылықпен тыңдап, жинақталған мол мұраны қағазға түсіріп алады. Әлиханның бауыры Смахан Бөкейханов та келіп қолғабысын береді. Ал Г.Потанинмен бірге келген суретшінің Ермековтердің ауылын аралап жүріп салған этнографиялық тақырыптағы суреттері қазіргі таңда Санкт-Петербург музейінде сақтаулы. Г.Потанинге Тоқырауын бойынан халық мұрасын жинауға Дінмұхаммед Сұлтанғазин де қосқан үлесі бар. Г.Потанин Д.Сұлтанғазинмен таныстығы сонау 1895 жылы басталған. Бұл туралы «Қазақтың соңғы ханзадасының үйінде болғанда» атты мақаласында айтады.

Ал, осы сапары жайлы жазылған мақаласы «Тоқырауын өзенінің сағасында» деген тақырыппен «Сибрьская жизнь» газетінің 1914 жылғы 20, 22-ші сәуірдегі санында басылған.

Осындай дерекнамалық қор жиынтығын қолдана отырып оқушылар мен студенттерге туған өлке тарихы бойынша белгілі бір ғылыми принциптерге негізделген білім беру үрдісін қалыптастыруға болады. Оқу тәрбие процесіндегі міндеттерімен қатар тарихи өлкетануды оқыту арқылы қоғам мүддесіндегі міндеттерді шеше аламыз. Оқушылардың бойындағы қоғамға пайдалы іске деген дағдысын қалыптастырып, тарихи жәдігерлерді қорғауға ынтасын арттыруға болады.

Шалқар АДАМБАЕВ,

тарихшы-өлкетанушы.

Басқа материалдар

Back to top button