Басты тақырыпТеміртау

«Әттең, тонның келтесі»

      Кеңес Одағы тұсында Тасауыл ауылы кеңшар бөлімшесі болатын. Соған қарамастан, 40-қа жуық түтіні бар бөлімше 3 мың ірі қара мал мен жеміс-жидек өсіріп, ел игілігіне айтарлықтай үлес қосты. Өзінің бастауыш мектебі, дүкені, клубы, поштасы, медициналық пункті болған дегенге біреулер сенер, біреулер сенбес.

     Бүгінде Бұқар жырау ауданына қарайтын осы Тасауыл ауылында мұның бірі де жоқ. Бір кезеңдегі ыдырау заманы Тасауыл ауылын да айналып өткен жоқ. Мал-мүлік – ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Мектеп, клуб, пошта, медициналық пункт жабылды. Жұмыссыздық әрбір отбасына қауіп төндірді.

    Дегенмен, ауыл тұрғындары төтеден келген дағдарысқа қарсы тұра білді. Ерлер – малдың қамымен болса, әйелдер төрт түліктен, бау-бақшадан түскен өнімдерін арқалап, базар жағалап кетті. Төккен тер зая кетпеді. Тұрмыстары жақсарды. Ал, жастар болса, оқуларын тәмамдаған соң әр салада еңбек етуде. Ерекше бір қуанатын жайт, осы ауылдың бірде-бір жасы ішімдік ішпейді, темекі шекпейді. Шеттерінен ізетті, кішіпейіл. Және бір сүйсінерлігі, бұл ауылда күншілдік, іштарлық деген атымен жоқ. Ұзақ уақыт бойы ешбір қылмыстың тіркелмеуі соның бір заңды жалғасы болса керек. Жолыңыз түсіп, кез келген шаңыраққа соқсаңыз, үлкен қошеметке бөленесіз. Дәстүрге сай, барлығының есігі айқара ашық.

     Бір әттегені, Тасауыл тұрғындары қымыздан неге үркеді?

     Себебіне үңілсек, мәселе – қыз-келіншектердің уақытының жоқтығы. Қу тірлік – қолбайлау. Десек те, бүкіл ауылдың қымызсыз отыруы бұған сылтау бола ала ма?

    Бұған қоса, соғым уақытында өрістен айдап әкелінген жылқылар дуалмен қоршалған алаңға қамалады. Әркім сойыс малын құрықпен ұстайды. Сауылмақ түгілі, басына ноқта киілмесе, түліктің тағы болатыны сөзсіз. Бұлай жалғаса берсе, күндердің күнінде ақ адал малды баукеспе ұрыларша мылтықпен атып алудың күні туатын сияқты. Жүгенді ұстап, жылқысыз қалып жүрмейік. Менің көкейімдегі – осы кемшілікті қалай жоюға болады деген сұрақ қой.

     Қадірменді оқырман! Осы тұрғыда Сіздің ауылдағы ахуал қандай? Ақыл қосыңыз…

Өкеш МҰСТАФА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button