Мәселе

Цифрлы «сығандар» немесе әлеужеліде «ақыл» сатқандар

Әркім өзінше ақылды. Бұрынғыша үлкеннің сөзіне құлақ асып, «тәйт» дегенінен қаймығатын жас жоқ. Себебі, өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, тәжірибе жинаған, дұрысы қалай, бұрысы қалай екенін ақылын бұлдамай-ақ, тегіннен тегін қолмен қойғандай айтып беретін үлкендерден гөрі, әлеуметтік желідегі ақылгөйлердің ақылын «ақылы» түрде тыңдағанды жөн көреді. Бүгінде «инфосыған» атанғандардың ұсынатын қызметі де – әралуан. Бірі – құмалақ ашып, болашақты болжаса, бірі – карта арқылы ойран болған отбасын қайта біріктіруге кепілдік береді. Ал, енді бірі туған күніңнің сандарын алып-қосып, жолыңды ашады. Кейінгі кезде әсіресе Instagram пайдаланушылары жиі айтатын «регрессия» сәнге айналғанын көруге болады. Бұл дұрыс па, әлде, бұрыс па? Мүмкін өмірден жолын таппай сансыраған жанның жанына жалау болудың өзі сауапты іс болар?! Ол жағын білмедік, бірақ, болмайтын нәрсені қыруар ақшаға сатып, шекесі шылқып жүргендердің бұл әрекетін «есі дұрыс» адамның «дұрыс» дей қоюы екіталай. Мұның барлығы айналып келгенде интернет алаяқтыққа әкеледі. Бұл туралы өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты арнайы қабылдап, тапсырма да берген болатын.

Сығаннан «инфосығанның» айырмасы не?

Біреу білер, біреу білмес, бірақ, дүние қат болған Кеңес үкіметі тұсында жаз шыға шалғай жатқан ауылдарда қап арқалаған сығандар қаптап кететін. Қаптың іші тола – киім. Киім болғанда қандай. Ауыл дүкеніне түспейтін, түсе қалған күнде сатушының бірді-екілі танысына сөре астынан ғана сатылатын көздің жауын алатын, жалт-жұлт еткен көйлектер. Табиғатынан жылтыраққа құмар әйел заты шыдап тұрсын ба?! Біреуін үйдегілерге көрсетіп алса, біреуін көрсетпей алып мәз. Оның бағасына қарап жатқан да ешкім жоқ. Ақша бар, тауар жоқ кезде жалақысын қайда жұмсарын білмей отырғандар үшін – іздегенге сұраған. Ол киімнің сапасына мән беріп жатқан да ешкім жоқ. Әлбетте, ол дүниенің ұшарын – жел, қонарын – сай біліп жүрген сығандарға қайдан келетіні де белгілі. Үлкен қалаларда базар аралап, зауыттан «брак» шыққан тауарды алыпсатарлардан болмашы тиын-тебенге сатып алады да, ауылдарға әкеп, қыруар ақшаға сатып, бір кенеледі де қалады.

Қазіргі «инфосығандардың» да әрекеті осы тәрізді. Әлбетте, экранның әр жағында отырғандардың үйреткеніне сәйкес білімі бар ма, жоқ па, түбірлеп тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, бірдеңені білдім деген адам, олардың әр тренингтерін бағдарлап қарар болса, бар дүниенің тонын айналдырып, өзінікі тәрізді етіп, үлкен қаражатқа сататынын байқар еді. Былай қарағанда, дүние саудалаған сығаннан еш айырмашылығы жоқ дегенмен, айырмасы жер мен көктей. Алыпсатар сығанға кеткен есе артық ақша болса, инфосығанның әрекетінен талай тағдыр бұзылып, талай отбасы ойран болатынын кейіннен ақылы кіріп, бармағын тістегендердің ­өздері-ақ айтып жүр.

 

«Инстаселебрити» жарнамалағанның бәрі рас емес

Көршіміз Ресей «инфосығандармен» күресті бастап кетті. Нақты ұсыныстар дайындауда. Атап айтар болсақ, ақпараттық өнім ұсынушылардың жосықсыз өкілдерінің тізілімін жасау керек дегенді алға тартуда. Тіпті, түрлі «тұлғалық өсу тренерлері» мен «бизнес-тренерлердің» қызметін реттеу жөніндегі жұмыс тобын да құруды көздеп отыр. Қала берді, болашақта алаяқтармен күресу үшін бизнес-тренер мамандығын енгізу туралы заң жобасын дайындауды да жоспарла­уда.­

Елімізде бұл мәселе әлі мемлекет деңгейінде қарастырылмағанымен, нақты проблеманың бар екенін көруге болады. Әзірге, бес қаруын сайлап, «инфосығандармен» күреске шыққан бірді-екілі адам ғана бар. Оның өзінде ашық шайқас емес, ақпараттық шайқас. Атап, айтар болса, сол баяғы Іnstagram желісінде ғана. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева болса, бірі – елге «қазақтың Дәулеттені» атымен танылған блогер Дәулет Мұқаев.

Бірақ, блогердің де блогері бар. Мәселен, қазақстандық белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саитбаевтың жарнамасына сенген тұрғындар ақшадан қағылып, қан қақсаған еді.

– Іnstagram желісіндегі белгілі блогердің «ақша салып, еселеп қайтарып алуға болады» жарнамасына сеніп, ауқымды қаражатымды салып жібердім. Бастапқыда, уәде еткендей бірінші жарнамды екі есе қайтарып берді. Алтын көрсе періштенің өзі жолдан таятын болса, мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін. Алған ақшамды тағы да өсіріп алмаққа салдым да жібердім. Нәтижесін өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Не ақша жоқ, сан соғып қала бердім. Блогердің жеке өзіне хабарласып, бұл қалай дегенде, өзінің бұл іске қатысы жоғын, тек жарнамалаушы ғана екенін айтты, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген қарағандылық.

 

Алаяқтықтың өзі алуан түрлі

Жоғарыда дәл осы әлеуметтік желіде жарнамаланып жүрген «регрессия» жайлы айттық. Жалпы, регрессия дегеніміз әр салаға қатысты. Бізге керегі – психологиядағы регрессия. Психологтар оны ағзаның ұрыс-керіске, болмаса, күйзеліс жағдайларына қатысты қорғаныс механизмі дейді. Демек, «регрессия» ілімін тәжірибелерінде қолданып жүрген «инстатренерлер» отбасында берекесі болмай жүрген әйелдің өзіне сенімділігін арттырып, қорғаныш қабілетін арттырып беретінінде шығар деп топшыладық.

– Регрессия – психологиядағы қорғаныш механизмінің бір түрі. Мәселен, адам бір нәрседен қорғану үшін бейсаналы санасыз түрде өтірік айтуы, болмаса, болған нәрсені басқаша қабылдауы мүмкін. Тіпті, болған нәрсені ұмытып қалуы да ықтимал. Өзі мойындағысы келмейтін, өзі көргісі келмейтін нәрселерді адамның санасы қорғаныш формасы ретінде әр түрлі формада ұсынады. Мұндайға көпшілігінде ересек адамдар ұшырайды. Тіпті, баланың әрекетін жасауы да мүмкін. Яғни, өзін-өзі алдау арқылы бала кездегі ата-анасының аялы алақанында болған жағдайға қайта түседі, сол арқылы жанын тыныштандырады, – дейді академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы Мейрамгүл Түсіпова.

Демек, маманның айтуынша, өмірдегі кез келген келеңсіз жағдайға байланысты ағзаның адам үшін жасайтын қамқорлығы. Ал, инстатренерлер айтып жүрген «регрессия» мен психолог маман берген регрессия термині арасында ешқандай ұқсастық таба алмадық. Өздерінше рух әлеміне саяхаттап, өлілер мен тірілер арасында жолбасшы болып жүргендер о дүниенің сөзін бұл дүниеге жеткізіп, марқұмның артында қалғандардың көңілдерін сабасына түсіріп жүр. Есі дұрыс адамның сенбесі анық, бірақ, қайғыдан қан жұтқанға кез келген сөздің өзі жанына майдай жағары анық. Жағып қана қойса жақсы, ертең есін ауыстырмасына ешкім кепілдік бермейді. Ал, бұл жағдайлардың барлығында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігінің 5-тармағы қылтияды. Яғни, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдап немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық. Бірақ, өкінішке қарай, аталған жағдайға бұл баптың жүре бермейтіні өкінішті…

Салтанат ІЛИЯШ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button