Байқау

Цифрлық даму – жастар қолында

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі оффлайн форматта облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп колледж студенттері арасында «Хакатон – бағдарлама жасау марафоны» атты байқау өткізді.

Байқаудың мақсаты – цифрлық жобалары басқара алатын, дизайн, ақпараттық технологиялар салаларында сервистер мен өнімдер жасай алатын талантты, болашағы зор, топта жұмыс істеуге қабілетті студенттерді іздеу, дамыту және қолдау.

Байқаудың іріктеу кезеңі 25 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізіліп, нәтижесі 18 қазанында жарияланды. Байқаудың келесі кезеңіне студент топтарынан құралған 5 колледж өтті. Олар – Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжі, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, Сәтбаев индустриалды колледжі, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика, бизнес және құқық колледжі және Теміртау жоғары политехникалық колледжі.

II кезең (негізгі) 28 қазанда өткізілді. Іріктеу кезеңінен өткен қатысушылар бұл кезеңде тапсырмалар орындады. Студенттердің жұмысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» тақырыбы аясында өткізілді.

Бірінші тапсырма бойынша топтар өздерінің орындаған жұмыстарын презентация бойынша таныстырды. Екіншісінде олар логотип жасап, 3D модельде көрсетті. Берілген уақыт аяқталған соң, байқауға қатысушылар өз жұмыстарын қазылар алқасына таныстырды. Студенттердің жұмыстары субъективті және техникалық критерийлер бойынша бағаланды. Жасаған жобаларының функционалдығымен, өзектілігімен және студенттердің ораторлық қабілеттерімен ерекшеленген топтар көзге түсті.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінен келген «MA-Studio» тобының студенттері иеленді. Ал, ІІ орын Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика, бизнес және құқық колледжінің студенттерінен құралған «Experience Union» тобына бұйырды. Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінен келген «3s-studio» тобының студенттері ІІІ орын алды. «Логотипі бар үздік сайт» номинациясын Гүлмира Шегірова жетекшілік еткен «MA-Studio» тобының студенті Абдумәлік Оспанов иеленді. Ал, «Үздік креативті модель» номинациясын сол топтың студенті Дамир Абдушев алса, «Үздік шешен» аталымына «MA-Studio» тобының студенті Әділет Сәтенов ие болды. «Креативті идея» номинациясы бойынша Назгүл Көшкінованың жетекшілігіндегі «Young Boys» тобының студенті Нарахан Бурхан марапатталды. Жеңімпаздар облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының дипломдарымен марапатталды.

Татьяна НАРТОВА,

Облыстық білім беруді дамытудың

оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары.

Ольга КИРПАН,

Облыстық білім беруді дамытудың

оқу-әдістемелік орталығының әдіскері.

Басқа материалдар

Back to top button