Спорт

Тоспадопта топ жарды

Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорт саң­лағы, ардагер спортшы Ерлан Түсіпбаевты еске алуға арналған қыздар арасында волейболдан қалалық турнир өтті. Дүбірлі додаға 13 команда қатысып, бақ сынасты.

Сурет автордан

Жарыстың салтанатты ашылуына Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов, Балқаш қаласындағы волейбол федерация­сының атқарушы директоры Еркін Нұрмағанбетов, марқұм спортшы Ерланның ағасы Жанат Түсіпбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ерлан Түсіпбаевты еске алу мақсатында байрақты бәсекеге Балқаш қаласының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер-меценат Серік Қасымбеков демеушілік жасады.

Ерлан Қанатұлы Ақжарық ауылының тумасы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін тәмамдаған соң еңбек жолын Ақтоғай ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінде бастап, кейінде Балқаш қаласында №15 мектеп-лицейде жалғастырады. Оқушылар Сарайында үйірмесін ашып, сол жерде балқаштық өрендерді волейболға баулиды. Аз уақытта оның оқушылары толағай табыстарға қол жеткізеді. Бүгінгі таңда Ерлан Қанатұлының балалары мен шәкірттері оның еңбек жолын абыроймен жалғастыруда. Қызы Ұлпан және ұлы Темірлан қаламыздың спорт саласына өз үлестерін барынша қосып келеді. Ерланның алғашқы оқушыларының бірі Ақбота Камериден Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжін тәмамдап, осы оқу жылынан бастап, «Балқаш» қалалық спорт клубында жаттықтырушылық қызметке кірісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр­ған турнирді алдағы уақытта облыстық деңгейде өткізу жоспарланып отыр екен.

Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы, жүлделі ІІІ орынға «ФОК-2006» Балқаш қалалық спорт клубы командасы табан тіресе, ІІ орын Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бұрымдыларынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал, жүлделі І орын «Әлия» Балқаш қалалық спорт клубы тоспадоп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды.

Одан бөлек, жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген жарыстың «Үздік ойыншы» номинациясына Камила Басымбекова (ФОК-2006), Назерке Тайтөлеу (БЖСМ), Аружан Өмірбекова («Әлия») иеленді. «Ең жас ойыншы» номинациясы Аманиса Азанбайға «Балқаш» қалалық спорт клубы және Нұрайым Игілікке («Қоңырат» командасы) табысталды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button