Балқаш қаласы әкімдігінде қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты шарада қала әкімі Сапар Сатаев қаржыгерлерді қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Егемендік алғаннан кейінгі біздің негізгі жетістіктеріміздің бірі ұлттық валюта – теңгенің пайда болуы. Қазір біздің валюта теңгемізді көптеген мемлекеттер жақсы біледі. Біздің теңгеміз өзінің дизайны жөнінен дүние жүзіндегі мықты валюталардың бірі болып есептеледі. Қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына қызмет ету. Осы орайда, біздің қаржыгерлер өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Сондықтан, бүгінгі мерекеде еңбек жолында елеулі еңбек жасап жатқан қаржыгерлер мен қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Құттықтау сөзінен кейін шаһар басшысы бір топ қаржыгер мен қаржы саласының ардагерлерін, сондай-ақ, банк қызметкерлерін қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Зәуре Шлыкова, қалалық мәслихат депутаты Александра Аглюкова, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Балқаш өңірлік филиалы операциялық бөлімінің басшысы Сымбат Ахметова, «Еуразия» банкінің Балқаш бөлімшесінің заңды тұлғаларға қызмет көрсету жөніндегі жетекші маманы Эльмира Қашкимбекова, Балқаш қаласының ішкі саясат бөлімінің бас есепшісі Әния Тезекбаева, Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас есепшісі Ботагөз Тлеукабылова тағы басқалар бар.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz