Топарда толассыз қар тазалануда
Абай ауданының Топар кенті ойпаң жерде орналасқандықтан қыс уақытында мұнда қар қалың түседі. Кенттің өз басы мен оның сыртындағы 1,2,3 ауылдар мен разьезді, 49 шақырым кентішілік жолдарды одан тазалау үшін кент әкімдігі осындағы “Ахунбаев” жеке кәсіпорнымен келісімшарт жасасқан.
Соның негізінде қыс басталғаннан бері аталған кәсіпорынның 2 жүк тиегіші мен 3 жүк машинасы,1 автогрейдері, 4 жұмыскері күнделікті осы жерлерді қар үйінділернен тазалап, сыртқа 100 текше метр қарды тасып, шығаруда. Бұдан басқадай әкімдікте тіркелген уақытша жұмыссыз 10 адам да көшелер мен аулаларды, жаяу жүргінші жолдарын қардан тазалаумен айналысуда.
– Біз бұл жұмыстарды бір күн де тоқтатпаймыз. Кешегі боранда таң атқанша кірпік ілмей, Топарға кіре беріс жол аузында тұрып, Қарағанды-Ұлытау бағытындағы жол жабылғанда тұрып қалған көліктер мен олардағы жолаушылардың қауіпсіздігін де қамтамасыз еттік, – дейді Топар кентінің әкімі Марғұлан Сафаров.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан