АймақПриозерск

Толағай

1899 жылы 35 жастағы Балуан Шолақ 51 пұт, яғни, 830 келі кір тасын көтеріп, жиналған жұртшылықтың аузын аштырып, таңдайын қақтырған екен. Бүгінде «пауэрлифтинг» деген атпен бұқаралық сипат алған спорт түрі Балуан бабалардан қалған мұра іспетті. Қазақстандағы пауэрлифтинг 1988 жылдан бастап дамыған көрінеді. Қазіргі таңда бұл спорт түрінің дамуына күш салып, шәкірт тәрбиелеп жатқан жаттықтырушылар бар. Солардың бірегейі Приозерск қаласында тұратын пауэрлифтингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санаттағы жаттықтырушы, пауэрлифтинг бойынша Әлем және Азия чемпионы – Алмаз Оспанов.

Приозерск қаласы

Алмаз айтулы спортқа 17 жасында келіпті. Оған дейін тек кір тасын көтеріп, бірнеше спорт түрімен айналысып көрген. Әкесі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия мен Әлемнің екі дүркін чемпионы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Дәрібай Оспанов жас күнінен Алмазды спортқа баулыған.

Қалың жұрт тайлы-таяғы қалмай тамашалайтын футбол, бас­кетбол мен волейбол, бокс пен күрес мыңдаған жасөспірімді өзіне сиқырлай тартып тұрған шақ-тын. Бірақ, спортшының көздегені ауыр атлетика болды. Әкенің жолымен жүруді қалады. Зілтемірші 2003 жылы Қазақстан Республикасының пауэрлифтингтен спорт шебері атанып, Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. 2007 жылы топ жарып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. 2008 жылы пауэрлифтингтен спорт шеберлігіне үміткер атанады.

– Бірде мен республикалық турнирде жеңіске жеттім. Бұл жеңіс жаңа жетістіктерге жетеледі. Содан кейін халықаралық турнирде тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілгім келді. Көбірек жаттығу жасай бастадым. Біраз уақыттан кейін Азия чемпионатында жеңіске жетіп, содан кейін әлемдік біріншіліктерде де үздік үштікке кірдім. Менің өмірде де, спортта да бапкерім – әкем. Қарағанды облысындағы Ақадыр кентінде тұратын Оспановтар отбасы туралы көпшілік жақсы біледі. Халықаралық аренада 31 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұранын 18 рет орындатқан спортшылар деп ауылымыз мақтан тұтады.

Отбасында үш бала тәрбиелендік. Үйдің кенжесі Қараманды әкем 13 жасынан бастап, өзі жаттықтырады. Нәтижесінде Қараман ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Менен кейінгі бауырым – Манас Оспанов спорт шебері. Менің балам Айтас – пауэрлифтингтен сайыстарға бірнеше мәрте қатысқан, спорт шебері нормативін орындаған, – дейді Алмаз Дәрібайұлы.

Алмаз Оспанов – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі. Бүгінде Приозерск қаласында облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі филиалының және өзі ашқан пауэрлифтинг бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы. Әкеден алған тәжірибені ұштап, өзінен кейінгі бауырлары Манас пен Қараманды, баласы Айтасты және Әлем мен Азия додаларында үздік шыққан Еркебұлан Зинидилов, Данияр Тұтқышев, Жанат Сатыбалды, Айгерім Қуаныш, Бақытгүл Қошанова, Александра Горяева, Венера Курец сияқты бірнеше чемпиондарды баптауда. Бүгінде Приозерск қаласының спортшылары алдағы уақытта өтетін жарыстарға қатысу үшін шеберліктерін шыңдап, дайындықтарын пысықтауда. Бапкердің айтуынша, байрақты бәсекеде 7 шәкірті бақ сынайды.

Талай спорт саңлақтарын зілтемірге икемдеп, жеңістерге жетуіне тер төккен жаттықтырушы һәм спортшы Алмаз Оспановтың еңбегі ерен.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button