Жаңалықтар

«Толқыннан толқын туады»

Мұхтар Әуезовтің: «Әнге әуес, күйге құмар бала өмірге де ғашық болып келеді» деген тағылымды сөзі бар. Расында, күй – қазақтың қара домбыраға қонған жаны, шанағына сыйған шежіресі. Ықылым заманнан үзілмей жеткен осы саф өнерді бүгінгі жаһандану дәуірінде жалғап, жаңғыртып жүрген жас буынның бар екені көңілге қуаныш ұялатады. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде қаз мойын домбыраны серік етіп, төл өнерді төрге оздырып жүрген жаңа толқын қалыптасып келеді. Биылғы Ұлттық домбыра күні қарсаңында аталған өнер ордасынан түлеп ұшқан төрт жас күйшіге арнайы тоқталудың реті бар. Олар – Нұрмұхаммед Жақан, Елдар Мақсұтбеков, Қадыр Жұмабек және Әлия Құрмашқызы. Әрқайсысының өнерге келу жолы бөлек болғанымен, бәрін біріктіретін бір қасиет бар. Ол – домбыраға деген адалдық, күйге деген құрмет.

Сурет кейіпкерлерден

Күйдің жас перісі

Нұрмұхаммед Жақан – күйдің киесін ерте сезінген жас. Домбыраға деген ынтасы алты-жеті жасында оянып, алғашында ермек көрінген әуестік уақыт өте тағдырлы таңдауына айналды. Қарағандыдағы Қасым Аманжолов атындағы музыкалық мектепте өңірге есімі таныс ұстаз Жанат Нариманқызынан тәлім алып, домбыраның әліппесін меңгерді. Әдетте музыкалық мектепті бес жылда аяқтайтындар көп болса, Нұрмұхаммед бұл ортада жеті жыл оқып, аспаптың қыр-сырын тереңірек игеруге ден қойды.

Ол Нұрмақов атындағы мектепте оқыды. Бұл білім ордасынан көбіне ғылымға бейім, түрлі бағытқа бет бұрған алғыр жастар шығатыны белгілі. Алайда, Нұрмұхаммед тоғызыншы сыныптан кейін тәуекелге бел буып, күйшілік өнерді таңдады. Әуелде үй ішінде алаң көңіл, қарсылық болғаны да рас. Бірақ, түп-тамырдан тартқан тылсым күш оны домбырадан алыстатпады. Өнердің жолы – оңай жол емес. Дегенмен, жүрек қалауы айқын болса, адам өз арнасын табады.

Тәттімбет атындағы өнер колледжіне келген соң Нұрмұхаммедтің тынысы ашыла түсті. Оның қалыптасуына жас болса да талай республикалық байқаулардың лауреаты атанған күйші Темірлан Құбаттың ықпалы зор болды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сол шығармашылық байланыс Нұрмұхаммедтің орындаушылық өрісін кеңейтіп, сахналық сенімін бекітті. Кейін Темірлан Құбат Алматыға ауысқан соң, оған талай шәкірттің бабын тауып, бағын ашқан тәжірибелі ұстаз Гүлжамал Әбішева жетекшілік етті.

Нұрмұхаммедтің табиғаты шертпе күйге жақын. Ол тек екпіні басым, сыртқы әсері мол күйлермен шектелмей, ішкі иірімі терең, пәлсапасы салмақты шығармаларға көбірек ден қояды. Арқаның қоңыр күйіндегі ой, толғам, үнсіздік пен тебіреністі сезінуге тырысады.

Колледжде оқып жүрген жылдары ол талай байқауда топ жарды. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен дүбірлі додада небәрі он жеті жасында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сол байқаудан алған сыйақысын көп қатарласы сияқты қызыққа емес, өнер жолына жұмсады. Өзі көптен көздеп жүрген домбыраны сатып алды. Бүгінде сол аспаппен талай сахнада күй шертіп, тыңдарманын тәнті етіп жүр.

Нұрмұхаммедтің өнер жолында демеу болған азаматтар да аз емес. Соның бірі – Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бұрынғы Бас хатшысы, мәдениет қайраткері Дүйсен Қасейінов. Бір сапарында Тәттімбет атындағы өнер колледжіне келіп, жас таланттарды қолдау мақсатында Сембек Айдосұлы атындағы шәкіртақы тағайындаған. Сол кезде ұстаздардың ұйғарымымен үздік студенттердің бірі ретінде Нұрмұхаммед таңдалды. Дүйсен Қасейіновтің алдында күй орындаған жасқа Арқаның шертпе күйін аманаттау да тегін емес еді.

Осыдан кейін оның өнер жолындағы өрісі кеңейе түсті. Астанада өткен «Күй керуен» атты ауқымды жобада Тәттімбеттің «Бес төре» күйін орындап, небір дәулескер күйшілермен иық тірестірді. Сол кеште ең жас орындаушылардың бірі ретінде көпшіліктің есінде қалды. Студент күнінде-ақ, Қайрат Айтбайдың жеке шығармашылық күй кешінде өнер көрсетуі де – оған артылған сенімнің бір белгісі.

Қатарластары Нұрмұхаммедті әзіл-шыны аралас «Тәттімбеттің халық әртісі» деп атайды. Бұл да жай айтылған сөз болмаса керек. Өйткені, жүйрікті құлын күнінен таниды. Наурыз айында ол өзінің «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты шығармашылық кешін беріп, жұрт ықыласына бөленді. Кешке Жанғали Жүзбай, Қайрат Айтбай, Қалкен Қасымов сынды дәулескер күйшілер келіп, ақ батасын берді. Жас өнерпаз үшін мұндай құрметтің салмағы бөлек.

Нұрмұхаммедтің ендігі межесі – Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, Арқаның күйшілік мектебін одан әрі зерделеу. Шертпе күйдің шырағын сөндірмей, оны жаңа биікке көтерсем деген жас талаптың талпынысы қуантады.

Өнерлі әулеттің жалғасы

Елдар Мақсұтбеков те өнерге бөтен емес. «Ат тұяғын тай басар» демекші, оның әкесі – дүлдүл әнші Дәуренбек Әркенов. Сондықтан, Елдардың бойындағы өнерге құштарлықтың тамыры тереңде жатыр. Бала күнінен ән мен күйге жақын өскен ол Тәттімбет атындағы өнер колледжінде жүріп, өзінің орындаушылық қабілетін шыңдай түсті.

Колледж қабырғасында жүрген кезінде Елдар түрлі байқауларға қатысып, өнерімен көзге түсті. Оның бір ерекшелігі – тек жеке орындаушылықпен шектелмей, ұжымдық өнерге де бейім болуы. Екінші, үшінші дауыстарды дәл тауып, ансамбльдік орындаудың табиғатын жақсы сезінеді. Бұл қабілет кез келген жас өнерпаздың бойынан табыла бермейді.

Елдардың бастамасымен екі жыл бұрын этно стильдегі «Жорық» ансамблі құрылды. Бүгінде бұл ұжым той-домалақта, концерттерде, мерекелік іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Абай қаласына, шалғай аудандарға барып, ел аралап, ұлттық өнердің насихатына үлес қосуда. Ансамбльге деген сұраныстың артып келе жатқаны да жас ұжымның аяқ алысы жаман емес екенін аңғартады.

Елдардың өнердегі ұстазы – дәулескер күйші Ізтілеу Сәлім. Ұстазынан алған тәлім, отбасынан дарыған өнер, сахнадан жинаған тәжірибе оның болашақ бағытын айқындап келеді. Алдағы уақытта ол Астанадағы өнер ордасына оқуға түсіп, білімін жалғастыруды көздейді. Елдардың басты мұраты – «Жорық» ансамблін кәсіби деңгейге көтеріп, сахнаның сәні болатын өзгеше ұжым қалыптастыру.

Өлеңнен өрілген күй

Қадыр Жұмабек есіміне сай зерек, ойлы жас. Оның өнерге келу жолында күймен қатар өлеңнің де орны ерекше. Жастайынан жыр додаларына қатысып, ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, көпшілік орталарда көркем сөзге деген құштарлығын танытты. Өлеңге жақындық оның күйшілік болмысына да әсер еткен секілді. Себебі, шертпе күйдің табиғаты да поэзияға жақын. Онда сыртқы дабырадан гөрі ішкі үн, ой, сыр басым.

Қадырдың ұстазы – шертпе күйдің шебері Мадияр Сүлейменов. Осындай ұстаздың алдын көру жас орындаушының талғамын қалыптастырып, күйге жеңіл қарамауға үйреткені анық.

Оның алдағы арманы – Астанадағы өнер ордасында білімін жалғастыру. Сонымен бірге, Қадыр болашақта ұстаздық жолды таңдауға ниетті. Жастардың ерік-жігерін шыңдап, домбыраға деген ықыласын арттырсам дейді.

Еңбекқорлықпен танылған

Төрт түлектің бірі – Әлия Құрмашқызы. Ол да өнерлі ортадан шыққан. Әкесі – әнші Құрмаш Ыбыш. Үй іші домбыраға, әнге, ұлттық өнерге жат емес. Сондықтан, Әлияның бұл салаға келуі де заңдылық секілді. Өнер мектебін тәмамдаған ол кейін Тәттімбет атындағы өнер колледжінде білімін жалғастырып, ұстаз Гүлжамал Әбішеваның сыныбына түсті.

Әлия туралы қатарластарының айтатын бір сөзі бар: «ең еңбекқор». Бұл – жас өнерпаз үшін ең үлкен мінездеме. Өйткені, талант бір бөлек, ал, сол талантты тұрақты еңбекпен ұштау – мүлде басқа қасиет. Күн сайынғы дайындық, қағысты түзету, дыбысты іздеу, шығарманың мінезін табу – мұның бәрі табандылықты талап етеді.

Әлия осы жолда өзін дәлелдеп келеді. Оның қазіргі мақсаты – Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсу. Бұл – домбырашы үшін үлкен белес, жоғары талапты қажет ететін орта. Әлияның аяқ алысы, еңбекқорлығы мен өнерге деген жауапкершілігі оның бұл межені бағындыруға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Арқаның қоңыр күйі үзілмесін десек, осындай жастарға сенім артып, жол ашуымыз керек. Себебі, толқыннан толқын туады. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ұстаз. Бүгін сахнаға именіп шыққан жас домбырашы – ертең елдің рухын көтеретін үлкен өнер иесі. Тәттімбет атындағы өнер колледжінен қанат қаққан бұл төрт түлек те сол үміттің үдесінен шығарына сенім мол.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button