АймақШет

«Той атымен тон тігіледі»

Шет ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кент 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Мерейтойға арналып отыздан астам киіз үй тігіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Тұрғындар ат жарысын тамашалап, арқан тартыс пен қазақ күресінен сайысқа түсті.

Суреттер
облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған кенттің салтанатты мерекелік кеші «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлерінің өмірі туралы театрландырылған қойылымнан басталды. Олардың ішінде, Шет ауданының тумасы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, жазушы және драматург Сәкен Сейфуллин бар. Биыл жазушының туғанына 130 жыл толатынын атап өткен жөн.

– Мерекеге орай 31 киіз үй тіктік. Спорт түрлері бойынша жарыстар, сайыстар ұйымдастырылды. Жергілікті және шақырылған әртістер өнер көрсетті. Мерекеге дайындық алдын ала басталды. Кентте абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, – дейді кент әкімдігінің мамандары.

Кентте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 10 көше асфальтталады. Бұғылы және Қазыбек би көшелерінде футбол және ойын алаңдары орнатылып жатыр.

Қазірдің өзінде екі қабатты екі үйдің шатыры мен Мәдениет үйі жөндеуден өткен.

Мәдениет үйі жанында шағын алаң, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген және жаяу жүргінші жолдары салынған.

Бұдан бөлек, кентте жайлы мектеп құрылысы жалғасуда. Мектепте 300 бала білім алады деп жоспарланып отыр. Ескі мектеп ғимараты тар. Қазір онда 600-ден астам бала оқиды.

– Сонымен қатар, кентте бірнеше көшенің жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта ауылдың барлық көшесін асфальттап, заманауи балалар алаңдары мен футбол алаңдарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ауылда 3 мыңнан астам адам тұрады. Орталық сумен жабдықтау, заманауи дәрігерлік амбулатория, спорт мектебі бар. Абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз, – дейді ресми ұйым өкілдері.

Той қарсаңында Сәкен Сейфуллин кентінде «Жарық – 90 жыл» 3D символы және «Сәкен Сейфуллин – 130 жыл» деген жазулары бар шағын сәулет нысаны орнатылғанын атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button