АймақБалқаш

«Тоқырауынның» шәрбәт сусыны

«Әйел – қырық шырақты» дейді дана халқымыз. Қоғамның даму барысын игі бастамалардың басы-қасында жүретін, жаны нәзік болғанымен, жаратылысы ерек, кез келген кәсіптің екі тізгін, бір шылбырын тең ұстап кететін әйелдерсіз көзге елестету әсте мүмкін емес. Кәсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүрген қыз-келіншектер қаншама?! Солардың қатарында «Әбдікәрімов» жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тоқырауын» ауыз су өнімдерін өндіретін кәсіпорын жұмысын жандандырған, білікті басшы – Зәуре Мерғазықызы бар.

Зәуре Әбдікәрімованы балқаштықтар жақсы таниды. Өйткені, аталмыш кәсіпорынның сусын, квасын күнделікті тұтынады. Ұстамдылық пен тапқырлықты талап ететін бұл кәсіпте оның ыстығына күйіп, суығына тоңған адамның ғана бағы жанады. Ол үшін жүректің қалауы керек.

Жүрегі жылы, көңілі нұрлы кәсіпкер мамандық таңдаудан шатаспады. Зәуре Мерғазықызы 1982 жылы Алматыдағы Тамақ өнеркәсібі инженер-технолог мамандығын алды. Балқаш қаласының сыра зауытында мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қатардағы маманнан ауысым технологы, зертханашы, шебер, цех бастығы, бас инженер және директор қызметіне дейін көтеріліп, 17 жыл еңбек етті. 90-жылдардағы саяси өзгерістердің әсері барлық адам үшін оңай болмады. Тоз-тоз болып кеткен кәсіпорындар аз емес, экономикалық тұрақсыздық талай ұйымдарды тұралатты. Аумалы-төкпелі заманның ағымына ілесу үшін әр қимылын таразылай алатын, істің көзін тауып, салқынқандылықпен тәуекелге бара алатын көрегенділік пен батылдық керек. Бұған туа біткен қасиет пен өмірдің қиындығына шыныққан тәжірибе ықпал ететіні белгілі. Зәуре Мерғазықызының бойындағы алғырлық пен жастайынан еңбек қазанында қайнаған табандылығы сын сағатта тығырықтан алып шықты. 1990 жылдары сыра зауыты жекешеленіп, бөлшектеніп сатылғанда үштен бір бөлшегін өз иелігіне алды. Кәсіпкердің кәсіпорынды толықтай сатып алуға ол кезде жағдайы да көтермеді. Қысылтаяң тұста бірден кәсіп бастауға мүмкіндік болмай, қоймаларды жалға беріп, автотұрақ ашты. Сол кезде отағасы Бауыржан Сатқынұлы 17 жыл құрылысшы болып еңбек еткен «Балқашқұрылыс» кәсіпорнында қысқартуға түсіп қап, жұмыссыз қалған еді. Бұған мойымаған отбасы қарекет қылып, кәсіп бастаудың түрлі жолын қарастырды. 2000 жылы кәсіпкерлік қолдау қорынан 3 миллион теңге несие алып, «Әбдікәрімов» жеке кәсіпкерлігін ашты. Алматы қаласынан құрылғы сатып алып, тәтті сусындар шығара бастайды. Көп ұзамай табиғи таза минералды суды өндіру кәсібін қолға алған. Осылайша, жергілікті «Тоқырауын» ауыз су өнімдерін өндіреді. Бүгінде газдалған және газдалмаған бір, бір жарым, екі, бес және он тоғыз литрлік шөлмектердегі ауыз сулар шығаруда. «Тоқырауын» суына сұраныс та жоғары. Көш басында тұрған ірі тұтынушылары: «Қазақмыс Смэлтинг» өндіріс ошағы, «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС, Балқаш жылу беру орталығы, банктер, қаладағы мекемелер мен дүкендер екен.

Кәсібін кеңейткен кәсіпкер 2014 жылы «Даму» қорының шағын және орта бизнеске қолдау бағдарламасының аясында 10 миллион теңге несие алып, құрал-жабдықтар сатып алып, квас өндірісін іске қосқан. Квас сусыны маусымдық өнім болғандықтан, тек жаз айларында көптеп шығарады екен.

– «Тоқырауын» кәсіпорнында газдалған және газдалмаған сусын өндірісінен бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске қосудың арқасында «Даму» қорының қаржылық көмегімен квас сусынын шығаруды қолға алдым. Басында күніне 100 литрдей квас шығарып көрдік. Сұраныс көбейе бастағаннан кейін, келесі жазда күніне 1000 литр шығаратын болдық. Өткен жазда 3000-3500 литрге дейін квас шығарып, тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз еттік. Өнім сапасын арттыру үшін жылда қосымша құрал-жабдықтар алып отырамыз. Ауыз судың да, сусындардың сұранысы да жылдан-жылға 15-20 пайызға көбеюде. Қазір кәсіпорында 25 жұмыскер еңбек етіп жатыр. Жаз айында олардың саны 35 адамға дейін жетеді. ХХІ ғасыр – интернеттің дәурені жүріп тұрған заман. Екінің-бірінде смартфон бар. Біздің кәсіпорын арнайы Instagram парақшасы арқылы тауарымызды жарнамалап, әрі арзан, сапалы сусындарымызды онлайн сауда жұмысын жүргіздік. Алдағы уақытта, лимон шырыны қосылған табиғи таза минералды сусындар мен компот та шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді нәзік жанды кәсіпкер.

Алдына таудай талап қойып, білек сыбана іске кіріскен кәсіпкер небір қиын-қыстау мезеттерді жеңіп, төзімділік танытып келеді. Атан жүгін арқаласа да, қайыспай қайта тұрып қадам басқан Зәуренің жігерін қайрап, жасытпаған жолдасы Бауыржан Сатқынұлы мен балалары Әзімжан мен Аяжанның қолдауын айтпай кеткеніміз де жарамас.

Кәсіпкер қайырымдылық шарасын жасаудан да қалыс қалған емес. Әлемдік пандемия әуре-сарсаңға салғанда туған қаласына көмек қолын созғандардың басы-қасында Зәуре Мерғазықызы да болды. 20 отбасына, 15 мыңның көлемінде азықтүлік сатып беріп, мектепке баратын 10 баланы бастан-аяқ киіндіріп, қолдады. Нәзік болмысымен мейірімді жүрегін, аялы алақанын қиналған жанға қайырымдылық жасауға қашан да даяр тұратындығын аңдадық.

Түйіндей айтқанда, жақсы іске шапағатшыл жанның қоғамдағы алатын орны айрықша. Негізі қазақтың салтында балаға жақсыны үйрету үшін «өйт-бүйт» деп ақыл айтқаннан гөрі, үлгі көрсету ежелден қалыптасқан. Біз мақалаға арқау еткен кәсіпкер ана жастарды тәрбиелеуге жалаң сөз емес, нақты мысал, үлгі болып, ықпал етері сөзсіз. Өйткені, айшықты, ғибратты еңбек жолы өскелең ұрпаққа жөн сілтеудің айқын белгісі болса керек.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button