Мағауия Сембай

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ. Менің Мағашым

Елден суық хабар алып, аңырап отырмын. Халқым мені Батыр деуші еді. Міне, Батырдың да жылағанын көрді елім.

Өлім тұрмақ, қату сөзге қимайтын асыл бауыр, адал дос Мағауиядан айырылыппыз. Арқа жұртын аңыратып, Қарқаралысын қасіретке бөктіріп, бізден мәңгіге алыстады бауырым.

…Мені жылына екі рет іздеп келуші еді. 12 сәуір – Ғарышкерлер күнінде, екіншісі – туған күнімде. Таудай тұлғасы алыстан көрініп, күркіреп келгенде, Қарқаралыдан елім көшіп келгендей шаттанушы едім. Енді мені кім іздеп келеді, Мағаш?

Қазақ баспасөзінің қара нары шөкті. Ұлт руханияты тау шөккендей талмаусырап тұр. Қарқаралының қарағайындай бойшаң, Қазыбек бабасындай ойшыл нар тұлға өтті өмірден. Мынау жалған өмірдің алдамшы бояуынан жерініп кетті, білем. Ұлт ұпайын түгендеймін деп аласұрды. Қалам қажырын танытып, қазағын рухани тұрғыдан азықтандырды. Енді міне, сол қалам қаңтарылып, менің Мағашымның жауһар дүниесін аңсаған ормандай оқырманы аңтарылып тұр. Оның жаны жай тапты.

Даладай кең пішілген тұлғасын, баладай аңғал болмысын, бабадай терең толғайтын ойлы дүниелерін сағынамыз енді. Маңғаз еді менің Мағашым! Марқасқа еді. Жайсаң еді. Жайдарлы еді. Өзін керемет жақсы көретінмін. Қарағандының қадірлісі, бүкіл Арқа жұртының ақылманы деуге тұрарлық тұлғаның тұғыры аласарды. Арқаның алқалы төрінен тағы бір орын босады. Амал нешік…

Менің Мағашым менен мәңгіге алыстап барады. Мен із салып келген ғарышқа құмар еді. Жолыққан сайын ғарыш құпиялары, орбита тылсымдары туралы сұрайтын. Міне, бүгін өзі де ғарышқа көтерілді. Өзінің төрдегі орнын босатып, көктегі жұлдыздардың қатарын толықтырды. Оның жұлдызы тым биіктен жарқырайды. Өйткені, ол – менің Мағашым!

Бақұл бол, бауырым!  

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,

қазақтың тұңғыш ғарышкері,

Кеңес Одағының Батыры,

Халық Қаһарманы.

Басқа материалдар

Back to top button