Өткен өмірден естелік
Мен 1963 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Кеншоқы ауылында дүниеге келдім. 1970 жылы 1 сыныпқа барып, 1980 жылы оқуды тәмамдадым. Қарағанды қаласындағы тау-кен техникумына түсіп, 1983 жылы оқуды бітірдім. Сол жылы әскер қатарына борышымды өтеуге шақырылдым. Москва қаласында №666 әскери бөлімшесінде борышымды өтеп қайттым. 1 рет демалысқа келдім, Алғыс хаттармен марапатталдым. 1985 жылы шаңырақ көтердім. 1986 жылы тұңғыш қызым дүниеге келді. Сол кездері мен Жезқазған қаласында (ХМУ) хозращетный, монтажный учаскесінде «инженер пто» мамандығымен жұмыс істедім. 1987 жылы шілде айында Жезқазған қалалық әскери комиссариатының шақырту қағазы арқылы, екінші рет қайта әскер қатарына шақыртты. Бізді пойызға автобустармен алып келді. Әскери патрульдармен қоршап, вагонға сотталған адамдарша қамап кіргізді. Бірақ, қайда бара жатқанымызды білген жоқпыз. Украина мемлекетіне, Киев қаласына келгенде білдік. Сол вокзалдың басында әскери көліктермен бізді таратып алып кетті. «Зеленный мыс» поселкесіндегі №93605 Ленинград әскери округіне 30 шілдеде түстік.
3 тамыз күні жұмысқа кірістік, 5 айлық.
Көпшілігі – екінші қайтара шақырылған азаматтар, 1986-1989 жылға дейін «4-ші энергоблокқа» жұмысқа салынып, өмірден ерте кетті және біз болған станцияның басында 2 жылдық әскерде жүрген азаматтарды көргеніміз жоқ. Неге? Себебі, бізді 1986 жылы Алматы қаласында болған бұзақылар қатарына жатқызды. Киев қаласынан «Зеленный мыс» поселкесіне алып келгенде, командир: «Қазақстаннан келген қазақтардың барлығын 4-ші энергоблокқа жіберіңдер» («Пусть там умерают, наказание за то что, они были на забастовке).
Біздің жазығымыз неде? Содан аман-есен келген, тірі жүрген азаматтар саусақпен санарлықтай. Жезқазған облысынан сол кезде менімен кеткен азаматтар саны 250-ге тарта адам болатын. Қазір менімен бір нанды бөліп жеген азаматтардан бесеуі ғана қалды. Атап айтқанда, Марат, Серік, Нұрқанат, Батай және мен. Күзде әскерден келіп, бізбен 6 айдан кейін қайта барған азаматтар бар. Марат Жүніс-Бектің 2002-2016 жылдары шыққан кітаптарында тайға таңба басқандай анық жазылған. Сол кезде апатқа қатысқан азаматтардың барлығы жас болды. Көп азаматтар станцияның басында ауыздарынан, мұрындарынан қан кетіп жатты. «4-ші энергоблоктың» басына, әсіресе, Ресей, Қазақстан азаматтары көптеп тартылды. Біз 15 күн вахтамен жұмыс істедік. Әр учаскеде, әр бөлмеде 2-3 минут, қалған уақытта станцияның басында отырамыз.
Біз №93605 әскери бөлімінен автобусқа отырамыз да, Чернобыль ауданына барамыз. Сол жерден автобус айырбастаймыз және қоймадан таза су аламыз – «Есентуки» және «Сарыағаш». Чернобыль ауданынан шығып, 10 шақырым қашықтықта орналасқан «Промплощадкаға» – «4-ші энергоблокқа» барамыз да, сол жерден жұмысқа кіретін киім айырбастаймыз. Біздің үстімізге «защитный киім де» берген жоқ. Бізді «биоробот» деп атаған. Көп азаматтар станцияның басына түскі асқа барғанда аш қалатынбыз. Себебі, біздің үстімізге сіңген радиактивті шаңдар кетпейді. Апараттармен тексеріп, қашан тазарғанша жібермейді. Ол кезде жас болдық, ештеңе түсінбедік. Ата-анамызға, туған-туысқа, елде қалған жарымызға асықтық.
1986-1989 жылдары қыршын кеткен азаматтардың әйелдері жесір, балалары жастай жетім қалды. Азаматтары Чернобыль апатын залалсыздандырып жүргенде, көпшілігінің әйелдері басқаға тұрмысқа шықты.
Көзі ашық, көкірегі ояу азамат, Чернобыль апаты, Ауғанстан соғысы туралы қалам тербеп жүрген азаматымыз М.Жүніс-Бек: «Адамзат оқу, жазу, білгендіктен, қандай да бір істі, шаруаны дәлелдегің келсе, дәлелдеме қағаз жүзінде ғана расталады» деп айтқан еді. Мен М.Жүніс-Бекпен ең алғаш «Жас Алаш» газеті арқылы 2000 жылы таныстым. «Чернобыль туралы кітап шығарамын кімде кім, осы мақаламды оқыса маған естеліктерін жіберсін» деген. 2016 жылы Астана қаласында ҰОС ардагерлері госпиталінде бетпе-бет жолықтық.
Менің айтарым, Чернобыль апатына қатысқан азаматтардың бастан өткерген қиындықтары туралы ашық айтылуы тиіс. Ауғанстан соғысының ардагері Б.Смағұлдың «Мен көрген соғыс» деп аталатын кітабындағыдай, ақиқат, ащы шындық хатқа түсуі қажет.
Мейрамбек БАЕКЕНОВ,
Қарағанды облысы
«Чернобыльдің аса қауіпті аймақта болған
мүгедектері, ардагерлері одағы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы,
«Төтенше жағдайлардың
алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін»
медалінің иегері.