Өткен күндер белесі
Облыс баспасөзінің шежіресін жасап жүрген ардагер журналист, өлкетанушы Аман Жанғожин ағамыздың газетіміздің туған күніне орай өткен ғасырдың 30-жылдарғы тарихына қатысты мақаласын жариялап отырмыз.
Редакциядан
Алғашқы қарлығаштар
Көп жылдан бері өзіміздің сүйікті «Орталық Қазақстан» газетінің тарихына, онда еңбек еткен азаматтардың тағдырына қатысты материалдар жинап, мақалалар жазып, ұжымдық жинақтар шығаруға қатысып келемін. Соның ішінде әсіресе, өткен ғасырдың 30-жылдары туралы деректер жинау көп қиындықтар келтірді. Алматы мен Қарағандының шаң басқан архивтерін ақтарып, бұрын облыс орталығы болған Петропавлдың, кейбір азаматтардың тағдырына байланысты Семей мен Өскеменнің, Қарқаралы мен Тараздың архивтеріне хат жазып, апталап, айлап, жауаптарын тағатсыздана тосуға тура келді. Мұндайда ардагер журналистердің естеліктері, кейбір ғалымдардың келтірген деректері мен сілтемелері көп көмек тигізеді. Соның арқасында өзге де әріптестеріммен бірге газет қызметкерлерінің өмірбаяндық «галереясын» жасадық деуге болады. Неден бастап едік?
Газетіміздің 50 жылдық торқалы тойы қарсаңында, яғни, 1981 жылы ардагер журналист, Ұлы Отан соғысының майдангері Мінәж Жармұхамедов ағамыз естелік жариялап, оны «Алғашқы қарлығаш – «Қарағанды пролетариаты» деп атапты («Орталық Қазақстан», 3-4 қыркүйек 1981 жыл). Онысы 1963 жылдан бастап «Орталық Қазақстан» аталатын белгілі газеттің бастапқы атауы «Қарағанды пролетариаты» болғандығын еске салу еді, әрі газеттің тұңғыш қаламгерлерінің аттарын атап өтіп, оларды да алғашқы қарлығаштарға теңеген деп түсінеміз.
Газеттің алғашқы сандары зор қиындықпен шығарылады. Баспахана жұмысы жолға қойылмаған. Газетші маман кадрлар жоқтың касы. Халық аш-жалаңаш. Бастапқы нөмірлері қолымызға түспесе де, осы бір ауыр кезеңді көз алдымызға елестете аламыз.
– «Қызметке алғаш рет келгенімде «Қарағанды пролетариаты» газетінің шыға бастағанына бір жыл толмаған екен. Онда бүгінгідей сәнді қала атымен жоқ. Ұзын барақта бес-алты семьялы үй тұратын. Қарағандыда алғашқы салына бастаған осындай ағаш барақтардың бірінде екі бөлмеге орналасқан «Қарағанды пролетариаты» газетінің редакциясында оншақты адам қызмет істейді екен. Оның бір бөлмесінде редактор Бәри Мәзитов, оның орынбасары Зияш Алдабергенов, әдеби секретарі Ғабиден Мұстафин отыратын көрінеді. Ал екіншісі бөлім меңгерушілері Әуезхан Жолымбетов пен Қали Садықов және олардың әдеби қызметкерлері Әсетхан Жолымбетов, Ғалымжан Мұқатовтардың еншісіне тиіпті, – деп жазған екен естелігінде өзіміз көзін көрген шежіре қарт Мінәж ақсақал.
Бұдан кейін алғашқы толқыннан редактор Жұмабай Орманбаевты, журналистер Ахмет Төртбаев, Ғалымбек Нәдіровті еске алады.
Жылдар өте келе, біз осы Мінәж ақсақалдың естелігінде аттары аталатын біраз адамдардың соңынан қолымызға шам алып, іздеу салдық. Солардың қатарында көп ізденістен туындаған «Алғашқы редактор» деген мақаламыз жарық көрді (Е.Лұқпановпен бірге), ол ұлты татар болса да, қазақ газеттерінде жемісті еңбек еткен Бәри Мәзитовтің өнегелі өміріне арналды. Мақала газеттің 2006 жылғы 15 сәуіріндегі мерекелік 20 мыңыншы номеріне шықты. Осы жолдар авторының «Ойранды жылдардың оғландары» деген мақаласында түрлі дәрежеде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған редакторлар Х.Садықов, Ж.Орманбаев, С.Үсенов, Т.Нұртазин, Ж.Сәрсеков, Ж.Кетіков, П.Жұманов, редакторлардың орынбасарлары, ату жазасына кесілген М.Құлмағанбетов, Е.Қалымбетов туралы да деректер келтірілді, қысқаша өмірбаяндары газеттің 80 жылдығына арналған «Орталық Қазақстан»: бұрын, кеше және бүгін» (2011 ж.) деген анықтамалыққа, ал мақалалар 90 жылдық торқалы тойына арналған «Тоқсан жыл топта толғаған» (2021 ж.) жинағына енгізілді. Қарағандыдан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық газетіне редактор болып ауысып, ату жазасына кесілген аяулы Сейілбек Үсенов ағамызға «Осы жұрт Сейілбекті біле ме екен?» деген мақала арналды (6.10. 2015 ж.). Сондай-ақ кейінгі жылдары Семей, Тараз архивтерінен алынған деректермен жетінші редакторымыз Ж.Кетіковтің өмірбаян деректері толықтырылды (2.10.2021 ж.).
Ал бізге тағдыры көпке дейін беймәлім болып келген Әуезхан және Әсетхан Жолымбетовтер туралы мәліметтер Құдыш Сүлейменов ақсақалдың туғанына 100 жыл толуына арналған мақаланы жазу барысында ойда жоқта табылды. Құдекеңнің бәйбішесі Ғазиза Ыбырайқызы сол ағайынды Жолымбетовтердің туған бауырлары екен. Әңгімені Құдекеңнің қызы Раиса айтып берді. Сөйтсек, қаскөйлердің көрсетуімен біреу мақала жариялап, Жолымбетұлдары Қарқаралы ауданындағы байдың балалары, тоңын айналдырған сұмдар деп жала жабады, содан олар қашып кетуге мәжбүр болады. Ақыры талантты журналист, қалалық газеттің бөлім меңгерушісі әрі республикалық «Социалды Қазақстан» газетінің тілшісі Әуезхан 1939-1940 жылдардың бірінде поезде келе жатқанда ұсталады. Содан хабар-ошарсыз кетеді. Ал Әсетхан болса, Алматыға барып, оқу бітіріп, Талдықорған облысының Қарабұлақ деген жерінде мұғалім болып қызмет атқарады. Сол жақта 1939 жылы қайтыс болады. Оны қоюға шешесі мен Әуезхан Новосібір арқылы поезбен барады. Шешесінің енді бір бауыры Базылхан 20 жылдай Қарағанды мен Алматы музыка мектептерінің директоры болған. Базылханның қызы Гүлдана әке жолын қуады, өнер академиясында істеп, профессор атағын алады. Әкесі туралы кітап жазып шығарады. Әуезханның Қарағандыда ұзақ жыл мұғалім болып істеген қызы Роза тәуелсіздік алған жылдары әкесін ақтатып алады, өзі 2008 жылы қайтыс болып кетеді (А.Жанғожин. «Құрыштан құйылған Құдыш». «О.Қ.» 2012 жылғы 4 қазан).
Мұны келтіріп отырған себебіміз, осы жолдар авторына бірде профессор Гүлдана Базылханқызы Жолымбетова өзінің әкесі туралы шығарған «Память в сердце стучится» (Алматы, 2016) деген екінші кітабын беріп жіберіпті. Онда әкесінің жас кезінде Әуезханмен бірге түскен фотосуреті бар екен. Алдағы уақытта осы суретпен газеттің фотожылнамасын толықтыруға болады.
Мінәж ақсақалдың естелігінде айтылатын Ғалымжан Мұқатов пен Ахмет Төртбаев туралы да біраз деректер табылып, қысқаша өмірбаяндары 2011 жылғы анықтамалық кітапқа кіргізілді. Бір қызығы, құлағы керең дейтін Ғалымжан ақсақал замандастары Сәттар, Бейімбет туралы естеліктер жазып, республикалық газеттерге жариялаған. Қадірменді ақсақалдың ел аузынан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Жиған-тергендерін институт «Абыздар мен ақындар» (2002 ж.) деген атпен жарыққа шығарды. Ахмет Төртбаев туралы деректерді біз тек Қарқаралы аудандық архивінен таптық. Ол Қарқаралы ауданында 1906 жылы туған. Соғыс жылдары және одан кейін (1943-1947 жж.) Нұра аудандық «Сталин жолы» газетінің редакторы болыпты. Кейін шаруашылық жұмыстарына ауысады, Қарқаралы ауданының Калинин атындағы колхозы төрағасының орынбасары, «Бесоба», «Восток» совхозы жұмысшы комитетінің төрағасы болып істейді. Аттары аталған кісілер туралы мәліметтерді толықтырам деушілерді редакциямен хабарласуын сұраймыз.
Естелікте аттары аталатын, бертініректе қызмет еткен азаматтар туралы әріптестері талай мақалалар жазды, есімдері анықтамалық және энциклопедиялық басылымдарға да енді. Бір өкініштісі, редактордың орынбасары болған Зияш Алдабергенов туралы ешқандай деректер табылмай қойды. Алдағы уақытта газет тарихына қатысты материалдар жалғасын табады деген сенімдеміз. Міне, бір естеліктен туындайтын, ойранды отызыншы жылдардың қаламгерлері туралы айтарымыз осы.
Алғашқы қаулылар
Бастапқыда аудандық, кейін қалалық мәртебе алған Қарағандының қазақ тіліндегі «Қарағанды пролетариаты» және орыс тіліндегі сыңары «Большевистская кочегарка» газеттерін шығару ел тарихындағы ауыр кезеңге, әрі Қарағанды кеніші тәй-тәй қадам жасап жатқан кезеңге тап келді. Обалы нешік, билеуші коммунистік партия баспасөздің социалистік қоғамда атқаратын рөлін сезіне отырып, оның аяқтанып кетуіне көмектесіп, идеялық және саяси мазмұнын жіті қадағалап отырды. Осы жолдардың авторы баспасөз тарихына арналған әдебиеттерден Қазақ өлкелік партия комитетінің 1932 жылғы 3 қаңтарда «О газете «Большевистская кочегарка» деген қаулы шығарғанын оқып көрген еді. 2004 жылы Алматыдағы Президент архивіне барып іздеу салғанымда қызметкерлері бұл қор таратылып кетіп еді деп тауып бере алмады. 17 жыл өткен соң осыны естеріне салып қайтадан сұратқанымда қаулының партиялық журналдарға жарияланған қазақша және орысша көшірмесін салып жіберіпті. Тегін іздемеген екенбіз.
Бұл қаулы, дұрысы өлкелік комитет секретариатының шешімі баспасөзге партиялық басшылық деген сол замандағы қағиданың нағыз тоталитарлық режимге тән сорақы дәлелі болып табылады. Мәселе былай болған. Газет 1931 жылғы №28 санында Исабеков деген қазақ кеншісінің Донбастан келген шахтерлердің өктемдігі туралы сөзін жариялап жіберіпті. Сонымен қатар газет жалақы төлеудің прогрессивті «сдельщина» әдісін енгізе бастаған ГГРУ мекемесі шаруашылық басшыларының жұмысын сынайды. Жоғары партия органы бұлқан-талқан ашуланып, партияның сара жолына қарсы келген мұндай бассыздыққа төзбейді. Дереу секретариат отырысын өткізіп, небары үш-ақ ай істеген газет редакторы Николаевты орнынан алып тастайды. Газеттің атына ауыр-ауыр кінәлар тағылады. Қаулы екі газетке де арналғандықтан және қазақ тіліндегі аудармасының сапасы нашар болғандықтан біраз үзіндіні түпнұсқадан келтірейік.
«Крайком постановляет:
1. За допущенные редакцией извращения линии партии – редактора газеты т. Николаева с работы снять.
2. Редакции «Большевистская кочегарка» немедленно исправить допущенные политические ошибки и организовать широкую массовую работу вокруг задач конкретной перестройки шахт на основе указаний…., о перестройке системы заработной платы по Караганде, решительно борясь с извращениями и недостатками в работе.
3.Редакции «Большевистской кочегарки» осветить положительный опыт работы донбасских горняков, добиваясь осуществления организаторской роли в производстве и передачи их производственного опыта казакским рабочим, разоблачив всякие попытки классового врага создать обстановку недоверия к донецким горнякам и посеять национальный антагонизм в среде карагандинских рабочих.
Систематическое разъяснение ленинской национальной политики, на основе беспощадной борьбы с великодержавным шовинизмом и местным национализмом, должно явиться основной задачей карагандинских газет».
(Қаулының мазмұны осы жолдар авторының («Индустриальная Караганда» газетінде 2021 жылы 2 қазанда жарияланған «20 редакторов ХХ века» деген мақаласында тұңғыш рет жария етілді).
Орталық орган 30-жылдары Қарағанды газеттерінің жайы туралы мәселеге екінші рет 1934 жылдың ортасында оралады. Бұл кезде Одақтың үшінші көмір ошағы деп дабырайтып келген Қарағандының қалалық газеттерінің жағдайы өте нашар еді. Баспахана әлі іске қосылмаған, қаржы-шаруашылық жағдайы мүшкіл халде, редакцияларда, әсіресе, қазақ газетінде білікті кадрлар жоқтың қас еді. Осыларды келтіріп, қалалық партия комитетінің хатшысы Троицкий Өлкелік комитетке, оның хатшысы Мирзоянға хат жазады (көшірмесі облыстық архивте сақталған). Қазақ өлкелік партия комитеті көп ұзамай мәселені қарап, арнайы шешім қабылдайды. Бұл шешім Сәттар Ерубаевтың Қарағандыға келуіне байланысты болғандықтан бізге бұрыннан белгілі еді. Бірақ қаулының толық мәтіні еш жерде жарияланбаса керек. Сондықтан архив қорынан тауып алып, қазіргі облыстық «Орталық Қазақстан» газеті үшін тарихи маңызы бар қаулының толық мәтінін жариялаудың сәті түсіп отыр.
Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының шешімі, 1934 жылғы 5 шілде
«Қарағанды пролетариаты» қазақ газетінің жай-күйі туралы
«Қарағанды пролетериаты қазақ газетінің жай-күйін сауықтыру мақсатында Қазақ өлкелік комиеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1) Қарағанды облаткомына екі айлық мерзімде БК(б)П Өлкелік комитетінің 29.УІІІ-34 ж. шешімі негізінде Қарағанды баспаханасын қабылдап алуды аяқтау ұсынылсын.
2) Қарағанды облыстық партия комитетіне «Қарағанды пролетариаты» қазақ газетінің жай-күйін сауықтыруға, атап айтқанда «Қарағанды пролетариаты» редакциясының қарыздарын дереу жоюға нақты шаралар қолдану ұсынылсын.
3) Қаржы халкомына «Қарағанды пролетариаты» газетін қаржыландыру үшін Қарағанды облысынан 6.000 р. мөлшеріндегі қалған дотацияны тікелей Қарағандыға аудару ұсынылсын.
4) Қарағанды Қалалық кеңесіне Өлке бекіткен сома шегінде (30.000 р.) газеттерді үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету ұсынылсын.
5) Өлкелік комсомол комитетіне Таштитов жолдасқа 3 күндік мерзімде Ерубаев жолдасты Қарағанды қаласына «Қарағанды пролетариатының» комсомол бетінің редакторы ретінде іссапарға жіберу ұсынылсын.
6) Қалалық партия комитетіне мыналар ұсынылсын: редакторлардың газеттің жай-күйі туралы баяндамаларын оқтын-оқтын тыңдай отырып, тиісті қызметкерлердің орнына екпінді жұмысшылар қатарынан іздеу арқылы Қарағанды газеттерін басқару күшейтілсін; газеттерге олар көмір өндіру және құрылыс жұмыстары жөніндегі тапсырмаларды сандық және сапалық жағынан орындау мақсатында жұмысшы бұқарасын осы сөздің толық мағынасында ұйымдастырушы және жұмылдырушы орталық болуына қол жеткізе отырып, күнделікті нақты көмек көрсетілсін.
Өлкелік комитет хатшысы Нұрсейітов бастаған 7 адам қол қойған. (Орыс тілінен аударған Аман Жанғожин).
Шынында да, бұл шешімнің Қарағанды газеттері үшін тарихи маңызы болды. Баспахана іске қосылып, қаржы жағдайы жақсарды. Қазақ газетінің редакциясы Сәттар Ерубаев сынды жалынды жазушы-публицистпен толықты.
Жергілікті органдар Сәттарды бірден газет редакторының орынбасары етіп тағайындайды, ол мұнда өз шығармашылығының аса бір жемісті кезеңін өткізгендігі мәлім.
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі