Жаңалықтар

«ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР»

Барлық уақытта аға буынға және олардың тәжірибесіне деген құрмет, кез келген халық үшін жоғарғы мораль белгісі болып қалыптасқан. Тарих – мәңгілік, ол мыңдаған материалды және рухани мәдениет ескерткіштері түрінде, болашаққа өнеге қалдырады. Фотосуреттер, құжаттар, наградалар, жеке заттар, қару-жарақ – адам өмірінің ұмытылмас сәті, тұтас тағдырлар ерлігінің мәліметі. Осы мұраны қадірлеу ұрпақ санасының парасаттылық деңгейін көрсетеді.

Қарағанды полициясы кемел келешекті қалауда ұзақ және даңқты жолды жүріп өткен. Сол себепті, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бүгінгі ұрпағы өз ағаларының ерлігін мақтап айтуға құқылы. Мақтанышқа себеп көп – айтулы даталар, жетістіктер, адамдар. Солардың барлығының есімі, тарихи ерлігі Қарағанды ІІД мұражайында сақталған. Рухани тәрбиемен айналысатын мұражай 1981 жылы, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің бастауымен құрылған. Бастапқыда шағын экспозияция түрінде есігін ашқан жинақтаманың құрылуына орасан зор күшін салған, мұражайдың негізін қалаушы, алғашқы басшысы – Иван Васильев. Ұлы Отан соғысының ардагері, мұражайға майдан сарбаздарының жеке заттары мен құжаттарын, олар жайлы жазылған мақалалар мен кітаптар, басқа да өткен тарихқа куә экспонаттар жинақтаудан бастаған. Қарағанды Ішкі істер қызметінің нағыз майдангері өзінің 58 жылын Ішкі істер қызметіне арнады. Қажыры жас кадрларды тәрбиеледі, ірі қоғамдық жұмыстарды жүргізді. Ал ең бастысы, тарихтың қойнауына барлау жасата алатын құнды дүние есігін ашты.

Ол өзінің Ішкі істер қызметінде атқарған 58 жылында, өзін мықты қызметкер, әріптес, басшы ретінде қалыптастыра білді. Ұлы Отан Соғысы жылдарынан басталған ерлік дастаны, зейнет жасына дейін оның берік серігі болды. Әртүрлі бөлімдерді басқарған азамат – Ұлы Отан соғысы ардагері, МВД СССР Құрметті қызметкері, ІІМ-нің құрметті ардагері, «Милиция үздігі» сынды мадақтамаларды иеленді. Оның барлығы, расында, жанкешті жұмыс пен нағыз еңбектің арқасы. И.Васильевтің Қарағанды құқық қорғау органдарының дамуына қосқан үлесі баға жетпес.

– Ол нағыз тарих шежірешісі болатын,– дейді бүгінгі таңдағы Қарағанды ІІД мұражай басшысы Айжамал Айтжанова.

– Терең жанды Иван Алексеевич, әрқашан өзінің үлкен еңбек тәжірибесімен, соғыс жылдарындағы әңгімелерімен бөлісетін. Расында, 18 жасынан Қызыл армия құрамында танк командирі болған азматтың айтары көп. Ол талай барлауға қатысты, Оңтүстік-Батыс және Харьков түбіндегі шайқастар. Соңғысы, оның екінші рет туған күні аталып кетті. 1943 жылдың 22 тамызында Харьковтағы майдан алаңында, 20 жасар Смолендік гвардия лейтенанты танк снаряд отының астында қалды. Осыған қарамастан жиырмаға тарта гитлершілді келмеске кетірген танкист Васильев екі жерден ауыр жарақат алды. Көрсеткен ерлігі үшін, НКВД жоғарғы мектебіне жолдама алып, Жеңісті Челябинскідегі соғыс тұтқындарының лагерінде аға офицер болып қарсы алды. Бес жылдық өткерімнен кейін, Мәскеудің кадр бөлімі жолдамасымен Иван Васильев Комсомольск, Тайшет және Қарағанды қалаларының бірінде әскери қызметін жалғастыруы керек болды. Таңдау соңғысына түсті.

1950 жылдың наурызында, Иван Алексеевич Қарағандыда Ішкі істер бөлімінде аға жедел уәкіл қызметінен бастап, полковник шеніне дейін қызмет етті. Зейнет жасына шықса да, жан берген қызметін тастауға кимады. Бірден полиция мұражайын ұйымдастыруға кірісті. Ұсақтап жинаған экспонаттар, уақыт өткен сайын толықтырылып, кеңейтілді. Бастапқыда мұнда 600-ге жуық экспонат болса, қазір оның көлемі 2000-нан асып жығылады. Жәдігерлердің арасында, «Искра» газетінің алғашқы шығарылымы, «Бүкілодақтық мұражай коры жәдігерлері көрмесінің» екінші дәрежелі дипломы ел назарына ұсынылуда. Көрмедегі құнды жәдігерлердің кейбірін үлкен мұражайлардан да кездестіре алмайсыз. Мысалға, «Максим» пулеметі, Шпагиннің тапанша-пулеметі, Мосин винтовкасы, майдангерлердің ордендері мен медальдары. Осында, кеудесін жау отына тосқан соғыста және құқық қорғау қызметінде жүргенде алған орден-медаль толған кительдері сынды біршама заттар көрмеге шығарылған. Мұндағы, тек қана құжаттардың саны 750-дей, 619-дай фотосуреттер, олардың барлығы стендке орналастырылмаған. Бірақ, 198 орден, медаль мен төс белгілер анық ел назарына таныстырылған. Оған қоса, 26 бірлік әскери қару және Кеңестік дәуірдегі және қазіргі кезге дейінгі арнайы 52 киім манекені орналастырылған. Келушілердің назарына тартылған стендтердің әрқайсысын тамашалғаннан кейін, көз алдына Қарағанды полициясы жүріп өткен тарихи жол елестері сөзсіз.

Ең асыл тұғырлы орындардың бірі, берген антына адалдық танытып, қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлер жайлы естелік материалдар, ерлік дастаны ретіндегі жинақты орын. Қызығушылықты тудыратын тағы бір экспозиция, бұл – Ұлы Отан соғысы ардагерлері, олардың ел болашағы үшін танытқан сөзсіз еңбегі баяндалған, жеке стендтерге бөлек орын берілген. Жарқырай орын алып тұрғандардың арасында, сөз басындағы кейіпкеріміз – Иван Васильев те бар. Иван Алексеевич бастамасымен құрылған Ішкі істер департаментінің мұражайы үнемі жаңарып, жаңа экспозициялармен, қорлармен және тарихи маңызы бар құжаттармен жаңартылуда.

Фариза Аулбаева.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button