Ақтоғай

«Өткен күнде белгі бар»

     Ақтоғайда туып-өсіп, 1958 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын өзім бітірген М.Горький атындағы орта мектепте бастадым. Онда бұрын өзіме сабақ берген ұстаздарыммен бірге жұмыс жасадым. Содан 1961 жылдан бастап аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан бастап, одан кейінгі еңбек еткен салам партия, кеңес жұмыстары болатын. Осы мерзімдерде аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Жалау Балғабаев, Нарманбет Садықов, Жаманқұл Шайдаров, Саят Тохметов және Рымбек Жүнісовпен бірге қызмет еттім. Осылардың ішінде ұзақ жыл, яғни, 1967 жылдың желтоқсан айынан 1980 жылдың тамыз айына дейін Жаманқұл Шайдаровпен қоян-қолтық еңбек еттім. Жаманқұл бірінші хатшы болып келместен бір жеті бұрын аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалған болатынмын. Жәкеңмен көрші тұрдық. Отбасыларымызбен қатты араластық.

Ж.Шайдаров аудан мәдениетін көтеру үшін қолынан келген көмегін аяған жоқ. Мені дереу Алматыға жіберіп, ұлттық киімдер және сахнаның жабдықтарын мәдениет үйі салынып бітпей алдырды. Сондай-ақ, жоба бойынша «Дом культуры» деген электр жарығымен жанатын адресі бар болатын, қазақша атауы жоқ еді. Соны сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Ж.Ыдырысовтан басы бос қаражаттан бөлгізіп, қазақша «Мәдениет үйі» деген атын жаздырды. Жәкеңнің елді мекенді сәулеттендіруге ерекше көңіл бөлгенін айрықша айту қажет. Әрбір үй, әрбір мекеме маңында міндетті түрде тал егуді қатты қолға алды. Бұрынғы аудан басшылары Жосалы деген жерде үлкен паркті, қазақ мектебі жанындағы паркті 1958 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы Кәрім Қонақтаевтың тұсында бастап салдырып еді бірақ, ағаштар өспеді. Содан Жаманқұл Шайдаров паркті қазіргі Тоқырауын өзенінің жағасынан салғызды өйткені, Тоқырауын өзенінің бойында қалың тал өскен, қайтсе де ағаш өседі деді. Күтіміне жауапты болатынын айтып, қатаң бақылауға алды және ол паркті В.Лениннің туғанына 100 жыл толуы мерейтойына орай бітіртті. Адамдардың жинақы, таза жүруіне ерекше көңіл бөлетін. Аудандық партия комитетіне келгенде сақал-мұртты алуды, галстук тағып жүруді қатаң талап ететін. Арақ ішуге де қатаң тыйым сала білді. Әрбір сенбі күндері аудандық мәдениет үйінде аудан орталықтарындағы мекемелердің сенбілік кештерін өткіздіріп, өзі отбасымен және мекеме басшыларының отбасыларымен міндетті түрде қатысуын қадағалайтын. Қатыспаған мекеме басшыларын аудандық партия комитетінің бөліміне шақырып, түсінік алып, партиялық жауапкершілікке тартатын. Сенбілік кеште жақсы өнер көрсеткен таңдаулы өнерпаздарды аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа алуға көмектесетін.

Аудан негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатын. Қой төлдетуге сақманшы жетпейтін. Оны шешуге үлкен мән беріп, өзінің жұбайы Жөкішті бас қылып, бюро мүшелерінің жұбайларын, мекеме басшыларының, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілерінің жолдастарын сақманшылыққа жібертті. Сондай-ақ, совхоз басшылары мен бас мамандарының жолдастарын да сақманшылыққа баруға міндеттеді. Сөйтіп, сақманшы мәселесін шешті. Шопандар да жеткіліксіз еді. Бұл мәселені шешуде семейліктердің бастамасы бойынша комсомол-жастар бригадасын құруды батыл қолдады, қолға алды. Сөйтіп, комсомол-жастар бригадалары көптеп құрыла бастады. Ауданда ондай бригадалардың саны 75-ке жетті. Аудандық партия комитеті ғимаратының 1-қабатында комсомол-жастар бригадаларының картасы жасалып, ілінді. Бригадалар: «Жалын», «Тасқын», «Дауылпаз», «Сұңқар», «Сарыарқа» тағы басқалары.

Жас кадрларды тәрбиелеуде, қызмет бабын өсіруде олардың іскерлік қабілетін, ұйымдастырушылық дәрежесін өзі зерттеп, көзін жеткізіп барып, қолдау жасайтын. Бірде аудандық комсомол комитетінің пленумы өтіп жатқан. «Қызыларай» совхозынан комсомол ұйымының хатшысы Орал Шахуов талқыланып отырған мәселе бойынша сөз сөйледі. Аудан, совхоз басшыларын өткір сынады. Ж.Шайдаровпен президиумда қатар отырғанбыз, мен аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі едім. Маған пленумнан кейін Шахуовты жолықтыршы деді. Содан Шахуовпен сөйлесіп, аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы қызметіне шақырыпты. Кейіннен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасарлығына ауыстырып, тіпті кейінде Қаратал, Қызыларай совхоздарына директор етіп тағайындады. Шет ауданынан Кеншоқы совхозын Ақтоғай ауданының қарамағына берген. Бірде Жаманқұл аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілері Ж.Тохметов, С.Хамитов, мен және ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ж.Қойлыбаевты, аудандық атқару комитетінің төрағасы Ж.Ыбыраевты ертіп, Кеншоқы совхозына келді. Аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілері, біздерге совхоз партия комитетінің, селолық кеңес атқару комитетінің іс қағаздарымен егжей-тегжейлі танысуды тапсырды. Совхоздың үш фермасын аралауға Ж.Қойлыбаевтың жанына совхоз директоры Б.Сандықбаевты, Ж.Ыбыраевтың жанына селолық кеңестің төрағасы М.Әшкербековті қосып, өзі совхоздың бас мал дәрігері Әділ Бәкіровті ертіп аралап келді. Осы сапардың қорытындысын аудандық партия комитетінің бюросында қарап, совхоз директорлығынан Б.Сандықбаевты босатып, орнына совхоздың бас мал дәрігері Ә.Бәкіровті тағайындады. Әділ өзінің іскер кадр екенін таныта білді. Кейінде Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, одан кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды.

Ж.Шайдаров Ақтоғай ауданын басқарған жылдар елдің өсіп, өркендеу кезеңі еді. Қарағанды – Ақтоғай, Ақтоғай – Балқаш және совхозаралық тас жолдар пайдалануға берілді. Аудан жоғары вольтті электр энергиясына қосылды. Теледидар мұнарасы орнады. Жол қатынасының жақсаруы – аудан шаруашылықтарының алға басуына, өркендеуіне әсер етті. Аудан одақтың, республиканың ескерткіш тулары және дипломдарымен марапатталды. Олар қазір де аудандық мұражайда сақтаулы.

Осындай ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда жұмыс жасаған уақытында Жәкең екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Бүгінде жайсаң тұлға Жаманқұл арамызда жоқ. Сол ретте пәниде мағыналы өмір кешкен, көпке өнеге болған, артына өшпес із қалдырған жақсы адамды жастарға үлгі етіп, ол кісінің атқарған жұмыстарын айтып отыру – бірге жұмыс істеген біздердің парызымыз.

Мәдениет СӘТЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button