Шет ауданында халық саны артып келеді. Жер көлемі ауқымды аймаққа өрт сөндіру стансасы керек еді. Көп жыл бойы өзекті болып саналған мәселе жақында өз шешімін тапты. Ақсу-Аюлы ауылынан Балқашқа қарай шыға- беріс жолдың бойында бірінші типті модульдік орман өрт сөндіру стансасы ашылды.
Нысанның ашылу салтанатына Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсенбаев, Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев, орман шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Қазыбек Сейітжанұлы, Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны, ардагер Амантай Рашитов қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке орман, дала өрттерінің алдын алуға қатысты бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Осыған сәйкес, қаржы бөлініп, еліміздің әр өңірінде жұмыстар қолға алына бастады. Бұл – біз үшін өте қажет. Тозығы жеткен техникалар мен өрт сөндіру бекеттерін жаңарту жайы да назардан тыс қалмақ емес. Аталған орман өрт сөндіру стансасы талапқа сай, өртке қарсы қажетті құрал-жабдықтармен қатар, киімдер және арнайы техникалармен қамтылған, сондай-ақ, штаттық бірліктер қарастырылған, – деді Дәурен Кәрсенбаев.
Айта кетейік, типті модульдік орман өрт сөндіру стансасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Өрт сөндіру көліктері қызметке әзір. Дабыл қағылған сәттен бастап, небары 1 минут ішінде жолға шығады. Қызметкерлерге арнайы жатын бөлмелері де қарастырылған. Спортзал, асхана мен кәсіби дайындық жасау орындары да бар.
Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz