Тіліміз үшін игі бастама

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айқын көрсетілген ел жаңғыруының басты бағыттарының бірі – қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі болатын.

Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанын жақсы білеміз және латын әліпбиін қабылдау жиі талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшуде қандай жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде қоғамда рухани серпіліс жасалып, сарапшылар, ғалымдар, арнайы мамандар арасында сан түрлі ойлар айтылып, пікірлер алмасуда. Латын әліпбиіне көшу мәселесі кеше ғана қозғалған жоқ, 1929-1940 жж. арасында Қазақстанда жұрт латын әліпбиімен хат таныған. Әлем халықтарының басым бөлігі латын қарпін қолданып отырғандығы белгілі. Әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Латын әліпбиіне көшу мәдени, әрі әлеуметтік өмірімізде айрықша рөл атқарады. Ал латын графикасына көшудің бізге берер тиімді тұстары, қазір қолданып жүрген технологияларды озық меңгере, елді прогреске жетелеу. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер — барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.

Латын әліпбиіне көшу, қазақ тілінің дамуына, қолданысының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасайды. Тіліміздің өркендеуіне үлес қосу әрбір сала қызметкерлеріне жүктелер жүгі ауыр жауапкершілік.

Бұл өз халқымыз үшін жарқын болашаққа қадам жасап, елімізді дүниежүзіне танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды ісінің бірі және ана тіліміздің болашағы үшін жасалған шара деп білеміз. Латын әрпіне көшудің маңыздылығы туралы мәлімет беріп, кеңінен ақпарат таратуда М.Әуезов атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері «дөңгелек үстел” басында аталған тақырыпқа қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқыға салып, өз ойларын ортаға сала, пікір алмасты. Студент жастар арасында аталмыш тақырыпта дебат, пікірсайыстар өткізілуде. Қалалық мәдени және тілдерді дамыту бөлімі және кітапхана қызметкерлері қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу бағыттарын, маңыздылығын түсіндіру, дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты өзекті мәселемен қаламыздың көптеген жұмыс орындарына барып, «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасы» бойынша көпшілік қауым арасында ой-пікірлерімен бөлісуде. Кітапханаларда оқырмандарға арналған «А.Байтұрсынов жазуы» және емле ережелерінің тарихы» атты тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Көрмеде А.Байтұрсыновтың қайраткерлігі, ағартушылығы, аудармашылығымен қоса, қазақтың алғашқы әліпбиін түзеген, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаған ұлы тұлға ретіндегі құнды мәліметтер орын алды.

Елбасы Жолдауында қазақ тілінің алдағы уақыттағы тағдыры туралы көпшілікке қарата: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деген сөзін ескерсек латын графикасына көшу жұмыстары елімізде қарқынды бастау алып, еліміздің ендігі белесіне айналмақ.

Г.ҚараҚонысова,

«Қарағанды қаласы ОКЖ»

КММ директоры.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.