Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Тілі басқа, тілегі бір

Тағдыр талайы қазақ жерінде талқанын теріп жеуді жазған жүздеген ұлыстың кеңдік пен теңдік арқасында «жалғыздық көрген жері жоқ». Қай-қайсы болмасын, мәдениетінің мәйегінен ажырап қалмады. Тілі де тұншыққан емес. Мемлекеттің қолдауымен керегесін керген бір-бір этномәдени бірлестіктері, орталықтары орталарын толтырып жүр. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында осындай ұйымдар арнайы шаралар өткізіп, мерейлі жылдың мейманасын асыруға өздерінше үлес қосып жатыр. Соның бірі – корей мәдениетінің фестивалі. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған екен. Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының кәрістер этномәдени бірлестігі.

Дәстүрге айналған фестивальдің көрігін әдеттегідей ән-жыр, би қыздырды. Көрермендердің көтеріңкі көңіл-күйі де кемеліне келген кештің әрін кіргізе түскен. Корей, қазақ және орыс тілдерінде ән шырқалып, өлеңдер де оқылды. Көптің назарын аударғаны – корей халық билерінің қазіргі заманғы К-рор стилінде ауыстырылуы. Бұны ерекше атаған абзал. Сонымен қатар, жиналғандардың құлағында самульнори корей барабандарының соғысы көпке дейін сақталары және сөзсіз. – Елімізде бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ. Ұлтты нығайтатын басты фактор – қазақ тілі – мемлекеттің тілі. Біздің балаларымыз мемлекеттік тілдегі барлық іс-шараға қуана қатысады. Оны көрудің өзі – ғанибет, – дейді кәрістер этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким. Фестивальде кәріс бишілері қазақтың «Қосалқа» биін сахнаға алып шықты. Бұл фестивальдің шарықтау шегі еді. Ал, мұны кәріс ұлтының қазаққа ризашылығын білдірген тартуы десе де болғандай.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button