Жаңалықтар

Тілге жанашырлық – ауылға деген жанашырлықпен бірдей

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс», – деген еді Президент. Қазақ тілінің даму болашағы жайлы ойланғанда, алдымен, ауыл тілі басты назарда болуы керек деп есептеймін. Себебі, тілдегі сөздік қордың көп бөлігі ауыл тірлігімен астасып жатыр.

«Ауыл – қазақ тілінің қаймағы» дегенді жиі айтамыз. Десек те, қазіргі ғаламдану заманында, компьютер дәуірінде ауыл мен қаланың тілдік ерекшелігі аса біліне бермейді.

Өзім көп жыл ұстаздық етіп, жастармен жұмыс жасағандықтан, мысалды да сол ортадан аламын. Еліміздің болашағы – жастар. Тілді де, руханиятты да, мәдениет пен әдебиетті де алға жылжытатын – сол жастар. Бүгінгі таңда ауыл жастары мен қала жастарының арасындағы тілдік айырмашылық тым алшақ емес. Оның себебін де айттық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, ғаламтордан Мәскеуде тұратын бір ноғай бауырымыздың сұхбатын оқыған едім. Әлемде 100 мыңның шамасында ғана ноғай ұлты қалған екен. Ресейде бірнеше ноғай бастауыш мектептері бар. Бірақ, мектептен шыққан соң барлығы орыс тілінде сөйлейді, отбасында орта жастан асқандары болмаса, ноғайша сөйлейтіндер жоқтың қасы. Сонда жаңағы ноғай бауырымыз айтады:

«Бізге Қазақстанның рухани қазынасын сақтап қалғаны, әсіресе, «Бабалар сөзінің» 100 томдығын шығарғаны өте тиімді болды. Себебі, қазақпен тамырымыз бір, тарихымыз ортақ. Кешегі Қазтуған, Едігелер екі елге ортақ», – дейді.

Бұл сырт көздің бізге берген бағасы. Ал, біз ше?! Біз кімге сенеміз? Тілді, ділді, руханиятты, мәдениетті, ұлттық кодты кімге сеніп тапсырамыз? Сенеріміз бар ма? Сенеріміз сырттағы 5 миллион қандасымыз ба? Олар керісінше бізден, біздің елден медет тілеп отырған жоқ па? Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы әліпбиімізді латын графикасына ауыстыруды ұсынғанда да осы шеттегі 5 миллион қандасымызбен тығыз байланыс орнатып, соларға қазақ тілінің мәйегін жеткізу үшін де латын графикасын меңгеру керегін айтты емес пе?

Олай болса, Қазақстан өз тілі туралы әңгімеге келгенде өзінен басқаға сенер ешкімі жоғын түсінуі керек. Жоғарыда ауыл мен қала жастары арасында тілдік алшақтық жоғын айттық. Бұл біріншіден – жақсы, екіншіден – көңіл құлазытады.

Жақсы болатыны – ауыл баласы да заманнан қалмай, тіл меңгеріп, компьютерлік ғасырдың көшінен қалмай жетіледі. Көңіл құлазытатыны – «Ауыл – қазақ тілінің қаймағы» деген сөздің енді «аңызға айналатыны». Олай деуімізге бүгінгі әлеуметтік желілердегі тілбұзарлардың сөздері дәлел.

Екінші жағынан, қазір ауылдан қалаға көшетіндердің қарасы көп. Бұл жерде біз қала жастары қазақ тілін менсінбейді немесе қала жастары қазақша сөйлемейді деп кесіп айтудан аулақпыз. Бірақ, ауылдан қалаға келген жастар еліктегіш келеді де, қаланың тірлігін оп-оңай қабылдап алады. Ал жастардың бойындағы еліктеушілікті дұрыс бағытқа бағыттай алмасақ, ертең-ақ олар не қазақша, не орысша сөйлей алмайтын дүбәра жағдайға тап келмесіне кім кепіл?!

Қалаға келген жастардың қазақ тілінен алшақтай түстетін тағы бір себебі – бұған дейін ауылда қолданған тілдің тұрмыстық ерекшелігі жойылады. Қаладағы тілдік қолданысқа бейімделеді. Қалада қарапайым сөздердің көбі өзге тілде қолданылатыны жасырын емес. Мысалы, ауылда мал суарып, отын жарып, көмір тасып, қи шығарып жүрген бала қалаға келген соң бірте-бірте тұрмыстық сөздерді қолданыстан шығаратыны анық.

Мына бір жайтты тағы бір еске салсақ: Жапонияның жалпы тілдік қорының 70-80 пайызы күріш өсіруге, күріш шаруашылығына тікелей байланысты екен. Осыны ескерген жапондар мемлекет шығынға батса да, күріш өсіруді тоқтатпай отырған көрінеді. Оның арғы жағында тіл мәселесі тұр деп ойлаймын.

Ал, біздің қазақ тілінің тілдік қорының кемі 50%-ы ауыл тұрмысына, көшпенді өмірге тікелей байланысты. Осыны ескере отырып, мемлекеттік деңгейде, елдік мүддеде екі мәселені шешуге болады.

Ол – ауыл мен қазақ тілі. Қазіргі таңда шекаралық өңірлердегі ауыл мәселесі сын көтермейді. Әсіресе 2017, 2018, 2019 жылдары шекарадағы ауылдарды ыдырату, оларды басқа ауылдық округтерге қосу мәселесі қарқынды жүрді. Әрине, орталықтан шалғайда 50-60 адамы бар ауылдарды сақтап қалу оңайға түспейтіні рас. Дегенмен, оның екі тиімділігі бар. Біріншісі – қаймағы бұзылмаған қазақ тілін сақтап қалу, екіншісі – шекара маңын иен қалдырмау.

Жалпы алғанда, «Ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кетпейді» дегендей, қазақ тілі ауылдан кетсе де, ауыл қазақ тілінен кетпейді. Оны дамыту, оны жетілдіру қай кезде де қалада басталып, ауылда аяқталады. Сондықтан, ауыл орнында болса, тіл де орнында. Тілге жанашырлық – ауылға деген жанашырлықпен бірдей!

Жадыра ҚУАНЫШОВА, «Оқушылар үйі» КМҚК-нің телестудия үйірмесінің оқытушысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button