Біздің сұхбат

“Тілдік көптүрлілікті сақтау – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізі “

“Болашақ академиясының ректоры, профессор Құралай МЕҢЛІБАЕВПЕН сұқбат

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы үштілділік саясаты сіз басқарып отырған ЖОО-да қандай деңгейде жүргізілуде?

– «Болашақ» академиясында Елбасының аталған мақаласында келтірілген үштілділік саясат жан-жақты қолдау көріп отыр. Мәселен, қазақ топтарында орыс тілі мен ағылшын тілі оқытылса, орыс топтарында да дәл солай, яғни, қазақ және ағылшын тілі арнайы оқытылады. Бұл мәселе оқу бағдарламасында алдын ала бекітіліп қойылған. Бұрынырақта қазақ топтары орыс тілі мен ағылшын тілін, сондай-ақ орыс топтары қазақ тілі мен ағылшын тілін тек 1-курста ғана оқып келген болса, қазіргі уақытта 1 және 3-курста оқытылатын болды. Айталық, 1-курста қазақ/орыс және ағылшын тілі нормативті деңгейде, ал 3-курста кәсіби қазақ/орыс тілі және кәсіби бағытталған ағылшын тілі оқытылады. Сонымен қатар заманауи талапқа сай білікті маман даярлау мақсатында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі.

– Үштілділіктің қандай артықшылығы бар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Дегенмен артықшылығы болмаса, мұндай саясат та болмас еді ғой. Бір сөзбен айтқанда, мұның артықшылығы яки пайдасы саяси жағынан да, экономикалық жағынан да мол. Біріншіден, жастардың әлемдік ақпарат кеңістігіне қол жеткізу мүмкіндігі жолға қойылады. Ал жастар – еліміздің ертеңі. Жастарымыз қаншалықты білімді болса, еліміздің ертеңі де соншалықты жарқын болмақ. Егер жастар тек қазақ тілін немесе қазақ және орыс тілін меңгерумен ғана шектеліп қалған болса, онда ақпараттық тәуелсіздік деген жай ғана сөз күйінде болып қалар еді. Ал ақпараттық тәуелсіздік – ой тәуелсіздігі. Міне, бұл – біз секілді дамушы мемлекет үшін ең басты мәселелердің бірі.

Екіншіден, әлемдік ғылым ағылшын тілінде дамып жатыр. Ендеше, үштілділік саясаты арқылы ғылымдағы инновацияға жол ашылады. Ал, ғылымдағы жаңалықпен таныс болудың пайдасын ешкім жоққа шығара алмайды.

– Тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

–  Қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілі кафедраларының оқытушылар құрамынан бірнеше маман жыл сайын Алматы, Астана қалаларына барып, ағылшын тілінен арнайы курс өтеді. Мұндай арнайы курстың ұзақтығы бір айдан алты айға дейінгі аралықты қамтиды. Оның үстіне, аталған кафедралар академиялық ұтқырлық аясында шетелдік ЖОО-лармен келісім-шартқа отырған. Осы бағытта екіжақты келісім-шарт жасалған, тұрақты байланыста жұмыс істеп келе жатқан ЖОО-лардың бірқатарын атап өтуге болады, олар:

– Түркия мемлекетінің Ерзурум қаласындағы Ататүрік университеті;

– Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институты;

– Таулы Алтай Республикасындағы Таулы Алтай мемлекеттік университеті;

– Башқұртстан Республикасының М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті;

– Башқұртстан Республикасының Стерлитамак қаласындағы Башқұрт мемлекеттік университетінің Стерлитамак филиалы және т.с.с.

– Үштұғырлы тіл саясаты туралы ойыңыз…

– Үштұғырлы тіл саясаты жайлы пікірімнің оң екенін мүмкіндігінше түсіндірдім деп ойлаймын. Дегенмен осы жерде ескерілуге міндетті бір мәселе бар. Ол – бұл саясатты қай мемлекеттің жүргізіп отырғаны. Өзіңіз де білесіз, үштұғырлы тіл саясатын жүргізіп отырған – біз, Қазақстан Республикасы. Ендеше қазақ тілінің бәсі бәрінен де жоғары болуы тиіс. Кей азаматтың пікірінше, үш тілді білсе болды. Ол үш тілдің орыс, ағылшын және қытай тілі бола ма немесе орыс, француз және неміс тілі бола ма – маңызы жоқ. Міне, бұл дегеніміз – нағыз әсірешілдік. Дұрысында, әуелі қазақ тілі, онан кейін орыс тілі, шет тілі осы екеуінен соң барып қолға алынуы тиіс. Онда да шет тілінің астарында ағылшын тілі жатыр. Елбасымыздың емеуріні де осыған саяды. Егер жастарымызға осы аталған мәселелердегі қағидаларды басшылыққа ала отырып білім беретін болсақ, яғни, дәл қазіргі бағытымызды сақтай алсақ, онда, сөз жоқ, Қазақстанның болашағы кемел. Оған күмәніңіз болмасын.

 «Қарағанды қаласының

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі»

ММ-нің тапсырысы бойынша әзірленді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button