Жаңалықтар

Тілді білу – жаһанданған әлемге жолдама

   Елбасының үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру және жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің тілдік құзыреттіліктерін арттыру мақсатында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылған болатын. «Astana School of Business and Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тіл мамандары оқытатын курстар үстіміздегі жылдың сәуір айынан басталып, желтоқсан айына дейін жалғаспақ.

Қарағанды облысы және Қарағанды қаласының жалпы орта білім беретін мектептерінің биология, химия, физика, информатика пәндері мұғалімдерінің тілдік құзыреттіліктерін арттыру мақсатында 460 сағаттық оқыту курстары басталды. Яғни, «Шетел тілі» мамандығы бойынша базалық білімі, магистр дәрежесі бар, тілдік тағылымдамадан өткен, халықаралық сертификаты бар тәжірибелі оқытушылар мұғалімдердің тілдік құзыреттіліктерін арттырады.

Қарағанды қаласында өткізіліп жатқан курста қазіргі уақытта 110 адам қамтылып, жалпы бес кезеңнен тұратын курс желтоқсан айына дейін жалғасады. Айта кету керек, курстың тағы бір ерекшелігі – мұғалімдер өздерінің негізгі жұмыстарынан қол үзбей оқытылуы – оларға жалпы курс барысында алған білімдерін күнделікті тәжірибеде пайдалана отырып, өз-өздерін жетілдіруге де мүмкіндік береді.

Алдымен, тестілеу арқылы сіздің ағылшын тілін меңгеру деңгейіңіз тексеріледі. Келесі кезең – мұғалімнің тілдік құзыретін арттыруға бағытталған Starter деңгейінен Elementary А1 деңгейіне дейін көшу. Аттары айтып тұрғандай-ақ, 120 сағатты құрайтын екінші оқу кезеңінен өткен мұғалім ағылшын тілін қарапайым деңгейде меңгеріп шығады.

Үшінші кезеңде Elementary А1 деңгейінен A2 деңгейінде 130 сағат дәріс алып, пән мұғалімдерінің монолог пен диалог түрінде ағылшын тілінде ауызекі сөйлеу дағдылары дамытылады. Осы кезеңнен өткен мұғалім бейіндік пәннен глоссарий құрастыру, күнтізбелік-тақырыптық және сабақ жоспарларын өздігінен дайындай алатын болады.

Ал мұғалімнің тілдік деңгейімен қатар кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған төртінші кезеңде B1 деңгейін 130 сағат ішінде меңгеріп, СLIL әдістемесі бойынша 80 сағат ішінде ағылшын тілінде оқушыларға кеңес беру, әдістемелік көмек көрсету сияқты жұмыстарды үйренеді, пән мұғалімдері ағылшын тілінде жоба жұмыстарын орындайтын болады.

Бесінші кезеңде пән мұғалімдерінің тілдік құзыреттілігіне баға берілетін тестілеу жүргізіледі және тыңдаушыларға сертификаттар беріледі.

Заман талабына сай техникамен жабдықталған аудиторияларда пән мұғалімдеріне тіл үйренуде қолайлы жағдай жасалса, білікті оқытушылар шамалы уақыт ішінде олардың тілдік және кәсіби құзыреттіліктерін арттыруына мүмкіндік береді.

Курсты аяқтағанда В1 деңгейін меңгеріп шыққан пән мұғалімі CLIL әдістемесін қолдана отырып, өз пәнін ағылшын тілінде еркін оқыта алатын болады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button