Жаңалықтар

«Тілдарында» топ жарды

   «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген ертедегілер. Қазақстанның қазіргі басты ұстанымдарының бірі осыған саяды. Қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін меңгермей, жаһандық дамуға ат ізін салам деу – далбаса бүгінгі таңда. Осы орайда, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы үштілді кеңістікті насихаттаудан танған емес.

Ошақтың үш бұтындай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды қолдау, ынталандырумен қоса, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу мақсатында аталған басқарма облыстық «Тілдарын» байқауын Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 8 ғимаратында өткізді. Байқау шартынша, әр қатысушы әуелі интерактивті тақтадан бір ұяшықты таңдайды. Онда отансүйгіштік, ұлтжандылық, яки, тәрбиелік маңызы бар бір тақырып жасырылған. Үміткер әлгі тақырып бойынша мемлекеттік тілде ой өрбітіп, көзқарасын білдіруі тиіс. Тек қазақ тілінде. Ал, олай ете алмаған жағдайда, байқауға қатысу құқығынан айрылады. Қалған кезеңдерде қатысушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілген тақырыптардың мазмұнын ашу, үш тілде сауатты сөйлеу және мәтіндерді аудару кезінде орфоэпиялық сауаттылығының сапалық деңгейі ескерілді.

Байқауға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан, басқармалар мен департаменттерден, жоғары оқу орындарынан және орта арнаулы білім беру мекемелерінен 18 бен 22 жас аралығындағы 35 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Олардың білім деңгейі мен үш тілді жетік меңгерген, меңгермегендігін парықтап, қазылық етушілер қатарында филология ғылымдарының докторы, ҚарМУ-дың шет тілдер кафедрасының профессоры Гүлбаршын Байқонысова, халықаралық деңгейдегі ардагер журналист Сағат Батырханова, «Сарыарқа» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Ербол Сармурзин, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері Қазиза Смағұлова, Қазақ-түрік ерлер лицейі директорының орынбасары Ләззат Маликова бар. Осындай қазылар алқасының шешіміне сәйкес, байқаудың бас жүлдесі Қарағанды экономикалық университетінің студенті Әлібек Маратқа бұйырды. Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің студенті Айдын Есімханова І орыннан көрінсе, ІІ орын Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Жанар Жұбайғалиеваға, ІІІ орын Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Алтынбек Балапашқа берілді.

Ынталандыру сыйлықтарына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Толғанай Смағұлова, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Айша Рахимова, Приозерск қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шолпанай Жаңылхан ие болды. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Қарағанды облысының атынан қатысқан Нұрхан Нұрланов республикалық байқаудың Бас жүлдесін алып қайтқан. Облыстық конкурстың осы жолғы жеңімпазы алдағы республикалық «Тілдарын» байқауына Қарағанды облысының атынан қатысады. Сәт сапар!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button