Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Тіл жанашыры” анықталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында биыл тұңғыш рет Балқаш қаласы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы табыс етілді. Аталмыш сыйлықпен мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, оны насихаттауға сүбелі үлес қосып жүрген шаһардың елеулі тұлғалары марапатталды.

Салтанатты шараға қала әкімі Ораз Тәуірбеков арнайы қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл тазалығын сақтау баршамызға абыройлы міндет екендігін тілге тиек етті.

– Мемлекеттік тіл – ұлттың жаны. Тіліміздің мәртебесін асқақтатып жүрген сіздердің әрқайсыңыздың орыныңыз бөлек. Бәріңіз де тілдің тағдыры үшін тынбай күресіп жүрсіздер. Өскелең ұрпақтың тілінің таза болуына атсалысып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қамқор болып жүрсіздер. Тіл тәрбиесін бала тәрбиесімен ұштастыра білдіңіздер, тілді дамытуға арналған жобаларды қолдап, мемлекет саясатына қатысты игі істің басы-қасынан табылған азаматтарға алғысым шексіз. «Тіл жанашыры» сыйлығы келер жылы да жалғасып, дәстүрлі шараға айналады, – деді Ораз Тәуірбеков.

Тіл жанашыры байқауына журналистер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, оқушылар және жеке мекемелер қатысқан. Жеңімпаздарды алдын ала арнайы құрылған қазылар анықтаған. Нәтижесінде «Тіл жанашыры» сыйлығының 8 номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Тіл білгірі» номинациясы – Сюзанна Овсепянға, «Жас полиглот» номинациясы – Айым Мақсатқызына, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» номинациясы – Жәнібек Болатқа, «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы – Анастасия Агадуллинаға, «Мемлекетік тіл – өндірісте» номинациясы – Максим Семе новқа, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы – Еркен Ержігітұлына, «Тіл жаршысы» номинациясы – Қуандық Сәденовке табысталды. Қала әкімінің басты сыйлығы «Тіл майталманы» номинациясымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жанболат Башар марапатталды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып, өз мамандарына тегін түрде мемлекеттік тілге оқыту кабинетін жабдықтап, мемлекеттік тілге оқыту жұмысын ұйымдастырғаны үшін «Сары Қазына» ЖШС-не «Тіл жанашыры» арнайы номинациясы тапсырылды. Игі шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Нұрдос КӘРІМ. 

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button