Руханият

Тіл тағдыры – ел тағдыры

Ұлы даланы мекендеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған жүзден астам ұлт өкілдерінің Отаны – Қазақстан. Ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір. Тілі басқа болғанымен, тілегі бір. Оларды берекелі шаңырақтың астына біріктіру жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы іргелі істерді жүзеге асыруда. Осындай ғибратты шара ҚХА-ның облыстық филиалында ұйымдастырылды.

Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Қазақстандық рухани бірлікті нығайту, отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, түрлі этнос өкілдерінің қазақ ұлтының мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысушылар маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған шара «Қоғамдық келісім» КММ директоры міндетін атқарушы Д.Малаевтың алғысөзімен ашылды. ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің маманы, дөңгелек үстел модераторы Қ.Мақсұтов мемлекеттік тілдің қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы сонымен қатар, қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдырудың маңызына тоқталды.

Пікір алмасуға қатысқан Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры А.Игенова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы, доцент М.Тұрсынова, «Мәміле» қазақ тілі тілдесу клубының спикері О.Тим, «Рідне слово» украин тілі қауымдастығы төрағасының орынбасары, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы Н.Ерёменко, Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының аға оқытушысы Д.Шашенов тақырыпқа қатысты баяндама жасап, тұшымды пікірлерімен бөлісті.

Мемлекет басшысының «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» дегенін іс жүзінде жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқан шара қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау барлық қазақстандықтарға ортақ іс екендігін айқындап берді.

Сондай-ақ, басқосуда филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Ассамблея мүшелері мен жастар ұйымдары мемлекеттік тілдің қолданысын насихаттау жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін этнос өкілдері қазақ тілін үйрену тәжірибесімен бөлісті. Олардың қазақ тілінде еркін сөйлеуі жиынның салмағын биіктете түсті. Бұл – шараны ұйымдастырушылардың кенді аймақты мекен еткен түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына ұйыстырып, бірлікке ұйытқан достық дәнекері екенін айғақтайды.

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button