Ресми

ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ НЕГІЗГІ ТҰҒЫРЫ

Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – кең байтақ жер, қастерлі тіл және береке-бірлік. Оның ішінде, еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл туралы ҚР Президенті Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айта келіп: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы әрі міндеті» деп қазақ тілінің мәртебесін тағы бір рет айқындап берді.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аймақ азаматтарына мемлекет тарапынан жасалып жатқан тіл үйрену мүмкіндіктерін ұсыну, тілге қатысты барлық іс-шараларды үйлестіру – облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың негізгі функциясы болып табылады.

Мемлекеттік бағдарламаның ең басты бағыты – тілдерді оқыту шаралары.

2020 жылы облыстағы 6 оқыту орталықтары (1 жеке меншік) мен оқыту курстарында 2 179 (жоспар – 2156) адам мемлекеттік тілге, 1 847 (жоспар – 1831) адам ағылшын тіліне оқытылды. Еліміздегі шектеу шараларына сәйкес оқыту процестерінің барлығы онлайн форматқа ауыстырылған. Алғашқы кезеңдерде тілдерді оқыту курстарына негізінен мемлекеттік қызметшілер қамтылса, ендігі кезекте халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін тартуға басымдық берілуде. Сондай ақ, оқыту үрдісіне жаңа технологияларды енгізе отырып, тіл үйрету әдістемелерін жетілдіру, оқыту сапасын арттыру басты міндеттердің бірі болып табылады.

Мемлекетік мекемелерде құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы үнемі бақылауда. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың іс-қағаздарындағы мемлекеттік тілдің үлесіне Басқарма тоқсан сайын мониторинг жүргізеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша кіріс-шығыс құжаттарында қазақ тілінің үлесі төмен болған Қарағанды, Қаражал, Теміртау, Нұра өңірлерінің әкімдіктеріне бағынышты 13 мекемесінде және де республикадағы бағынышты 3 департаментте басқарма мамандары профилактикалық бақылау жүргізді. Сонымен қатар, 40-тан астам мекемеге әдістемелік көмек көрсетілді.

Жалпы алғанда мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің қолданысы, қызметкерлердің, оның ішінде басшылардың тіл білу деңгейі бағытында қоғам тарапынан, әлеуметтік желілерде көп сын-пікірлер айтылып, жазылып жататыны шындық. Басқарма осы сын-пікірлер мен ұсыныстардың барлығына мониторинг жүргізіп, тиісті мекемелермен өткен жиындардың күн тәртібіне ұсынып келеді. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен қазақ тілін ілгерілету бойынша арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, құрамына аймақтардағы қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары енгізілген жұмыс тобы құрылды. Бірнеше мәрте облыс әкімі мен әлеуметтік салаға жауапты орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобының отырысы өткізіліп, өңірдегі тіл саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.

Тіл саласында қоғам тарапынан жиі көтерілетін мәселе ол ономастика мен көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл жағдайы. Кеңестік кеңістікте тарихи атауы бұрмаланған елдімекендер мен қисынсыз атаулар қойылған көшелер саны көп болғандықтан, ел тәуелсіздік алған жылдардан бері ономастика саласы жалпы халықтың оның ішінде зиялы қауым өкілдері тарапынан басты назарда болып келеді. Сондықтан, белгіленген тәртіппен жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, бірінші кезекте идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды ауыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Мәселен, ономастика бағытында жаңа заңнамалық талаптар қолданысқа енген соңғы 7 жылда облыс көлемінде 21 елді мекеннің, 731 құрамдас бөліктің, 44 мекеменің атаулары өзгертілді. Нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан ескірген әкімшілікаумақтық бірліктер бойынша атаулар 65-тен 50-ге дейін азайып, олардың бүгінгі үлесі 8,3%-ды құраса, құрамдас бөліктер бойынша 858-ден 471-ге азайып 10,5%-ды құрап отыр. 2020 жылдың өзінде шектеу шараларына қарамастан 1 елдімекенге, 66 көшеге, 19 мекемеге атау беру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, Қарағанды қаласының бірқатар көшелеріне, сонымен қатар білім беру және мәдениет ұйымдарына Абай, әл-Фараби, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов секілді ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді.

Тіл саласында ең көп сын айтылатын тақырып – көшедегі, қоғамдық орындарда ілінген көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл жағдайы.

2020 жылы басқарма бастамасымен өткізілген «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға сауаттылық!» атты тоқсандық айлықтар аясында 7 834 нысанға сараптама жасалып, оларда орналасқан көрнекі ақпарат пен жарнамалардың 1 592-і нормаға сәйкес еместігі анықталған. Бүгінгі күнге дейін оның 957-і (60%) түзетілді.

Басқарма мен өңірлердегі осы салаға жауапты бөлімдер жанынан құрылған «Жедел желі» («Callcenter») қызметі арқылы 3 303 кәсіпкерге жарнаманы дұрыс ресімдеуге көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, онлайн режимде көрнекі ақпарат пен жарнама мәселелеріне арналған «Жарнамалардың сауатты рәсімделуі – ортақ мүдде» атты облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылып, қала мен аудан мамандарына және кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмектер, кеңестер берілді. Басқарма тарапынан былтырғы жылы бірінші рет қолға алынған «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында Қарағанды қаласының тіл жанашырлары және еріктілері облыс орталығындағы 3 мыңға жуық нысандағы жарнама объектілерінің жағдайлары зерттеліп, 600-ден астам бизнес субьектілеріне жарнама мәтіндерін тегін аудару көмегі көрсетілді. Шараның тиімділігін ескеріп, жоба аумағына Теміртау қаласын қоса отырып, 2021 жылы жалғасын таппақ.

Мемлекеттік тілдің болашағы жарқын болуы үшін ең алдымен тілдік ортаны, мемлекеттік тіл мәдениетін қалыптастыра отырып, қазақ тіліне деген қажеттілікті туындатуымыз керек. Ол үшін тіл мәртебесін көтере түсетін іс-шаралардың маңызы зор болмақ.

2020 жылы өңірде тіл саясатын жүзеге асыру бойынша барлығы 368 шара онлайн негізде өткізілді, оларға шамамен 40 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл шаралардың 20-дан астамы облыстық деңгейде ұйымдастырылды.

Олардың ішінде тұңғыш рет телевизиялық нұсқада түсірілген облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау рәсімін, жүзге жуық ақындар қатысқан «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» атты дәстүрлі республикалық жыр мүшәйрасын, үш тілді меңгерген жастар арасында «Тілдарын» облыстық байқауын атап өтуге болады.

Қоғамдық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің әлеуеті өте зор. Сондықтан да, мемлекеттік тіл саясатына қолдау көрсету жұмысы тоқсан сайын әзірленетін медиа-жоспар негізінде жүргізіліп, оның орындалысы апта сайын бақыланады. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысында БАҚ, интернет ресурстарына 2 018 материал шықты. Олардың ішінде тіл басқармасының тапсырысымен даярланған «Сөз-зерде», «Qazaqsha sóileiik!», «Я знаю государственный язык!» тележобалары мен бейнероликтер көпшіліктің көңілінен шықты.

Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Өткен жылы облыс аумағында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстар аясында 24 440 адамды қамтыған 229 шара (203 шара онлайн форматта) ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізілсе, биылғы жылы жаңа әліпби нақты бекітілген соң, дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынатын болады.

Ел Президенті Қ.Тоқаев алдағы уақытта қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруды көздеп отыр. Бұл бүкіл ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ең басты құндылық болатыны сөзсіз. Сондықтан, үйлесімді тіл саясаты негізінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданысын қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ мақсатымыз болып қала береді.

Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВА,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button