Көрме

Тіл бітірген тірі суреттер

Ақтоғайлық Сахи РОМАНОВ елге танымал суретші. Қай туындысын алып қарасаңыз да астарында туған жерге, ата-анаға, бауырға деген сағыныштың жатқанын аңғаруға болады. Себебі, ол жастайынан жетім қалып, жоқшылықтың кебін киіп өсті. Ата-анасының бейнесін салып, сол суреттен жылу іздейтін. Міне, содан бастап өмірінің соңына дейін қылқаламын жанына серік етті. Әйгілі суретшінің құрметіне облыстық бейнелеу өнері музейі көрме өткізді. Көрмеге Ақтоғай этнографиялық-археологиялық музейінен жеткізілген 30-дан астам туындысы қойылды.

1928 жыл. Байлардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару науқаны басталған шақ. Сахидің әкесі Түсіпбекті де «көтеріліске қатысқан» деген желеумен ұстап әкетеді. Сол кезде жары бір ұл, бір қызымен қалып, жақындарынан көз жазған. Кейін Сахи балалар үйіне өтіп, 11-12 жасқа дейін тәрбиеленеді. 1942 жылы Орынбордың қолөнер училищесіне оқуға түскен. Қосымша заводта жұмыс істеп, кешкі уақытта мәдениет үйі жанындағы көркемсурет үйірмесіне қатысқан. Міне, суретшінің ұлы өнерге қадамы осылай басталса керек. Жетімдік, аштық пен жоқшылық, жалғыздық та Сахидің етегінен тартып, еңсесін көтертпеді. Бірақ, өнерге, өмірге деген құлшынысы қиындықтың бәріне төтеп берді. Қиындық көрген сайын қанаты қатайды. Бала кезінде көрген қиындығының салдары болса керек, туындысының бәрі қазақы ауылдың тұрмыс-тіршілігі жайында. Кейде бұл туындыларға қарап отырып, «не деген бақытты жан» деп ойлауыңыз бек мүмкін. Алайда, ол туындыларының астарында әке-шешеге, бауырға, ауылға деген үлкен зар-мұңның жатқанын тек өзі ғана білуші еді. Жүрегінде тас боп қатқан шер-мұңның емі тек – осы өнер-тін. Ата-анаға, бауырға деген сағынышын, өз басында болмаған бақыттың бәрін қылқалам арқылы жеткізетін еді…

– Сахи апасы Мәрияш пен ағасының баласы 15-16 жасар Топжанмен Балқашқа жаяулап барады. Сол жерде апасы Мәрияштан ажырап калып, Топжан екеуі жүріп жатқан поездардың біріне отырып Орынбордан бір-ақ шығады. Бастапқыда «Сарыағаш» деген станция маңында тұратын жандардың есігін қағып, әркімнің босағасына түнеп жүреді. Екі жыл өмірі осылай өтеді. Ағасы Топжан «Қармақшыға қайтайық» дегенде панасыздарды аңдығандардың қолына түсіп, жетімдер үйінен бір-ақ шығады. Топжан ересек болғандықтан жетімдер үйіне алынбайды. Осылайша ағасынан көз жазып калады. Одан кейін балалар үйінде өмірі басталды, – деді Ақтоғай этнографиялық-археологиялық музейінің басшысы Тәбәрәк Жармағанбетов.

Сахи Романовтың «Құрманғазы» атты отызға жуық сериялық суреті өз алдына бір дастан. Күйшінің шерткен күйлері суретші жүрегіне тікелей әсер етсе керек. «Қайран шешем», «Сарыарқа», «Ақсақ киік» атты туындылары – шоқтығы биік құнды дүние. Суретші көркем туындыларында Құрманғазының алып образын монументтік тұрғыда асқан шеберлікпен бейнеледі. Кенептің бетін тұтас алып тұрған күйшінің образдық кескін-келбеті, бейнесі, салалы саусақпен ұстаған қара домбырасының зарлы үні өзекті жарып кететіндей, үн қатады. Бұл туынды – әлеуметтік тарихи заман шындығының айнасы. Тұлғалық бейне монументальды әдемі жарасым тапқан. Күйші мен табиғат арасындағы жарасымдылық дараланып, жаратылыс келбетіне айрықша ажар бітіргендей әсер етеді. Мне, осындай баға жетпес туындыларына кезінде көрнекті суретші Әбілхан Қастеев «Сахи суреттері Құрманғазының өмір тынысына тіл бітірген тірі суреттер» деп бағасын берген.

– Училищеде оқып жүргенімде Сахи ағама барып тұратынмын. Жұмыс орны жатақхананың жанында орналасқан. Амандаса барып, білмегенімізді сұрап, үйреніп қайтатынбыз. Ол кісі де біздің студент екенімізді біліп, құр қол қайтармаушы еді. Қолы ашық адам. Дәм татқызып, қолымызға тиын-тебен ұстатып жіберуші еді. Өзі әңгімешіл. Бірдеңе үйреткенде ұстаздарымыздан жақсы түсіндіретін. Ұрыспаушы еді. Бір нәрсені қайта-қайта сұрай берсек те баппен түсіндіретін. Міне, сол кісінің берген тәлім-тәрбиесімен біз де осы жолға түстік. Ол кісінің бір ерекшелігі – салған суреттерінің бояуы ешкімге ұқсамайтын. Туындыларында ерекшелік бірден байқалады, – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Қалқабаев. Сонымен қатар, көрмеге газет қиындылары мен түрлі фотосуреттер топтастырылған. Жары Тұрсын, қызы Жайранмен түскен және 1980 жылдары туыстарымен түскен суреттерді де кезіктіруге болады.

– Әпкесі Мәрияшпен Ақтоғайға келгенде жерлестері ақбоз ат мінгізген еді. Сол сәтте түсірілген суреттерді де әкелдік. Сонау жылдары суретшінің құрметіне қазіргі Шабанбай би селолық округі, Ақсораңның баурайына үлкен шеберхана соққан екен. Жазғы уақытта келгенде уақытының бәрін осы жерде өткізетін көрінеді. Орынбор облысы, Сарақташ ауданындағы жетімдер үйіндегі фотосы, барлық сурет архивтерден табылған. Сахиді зерттеуші жандардың бірі – Рауза Көпбосынова. Ол кісі Сахи туындыларының ерекшелігі жөнінде түрлі деректер, фотосуреттер қалдырған. Қазір сол кісінің қалдырған дүниелері осы жерге жеткізілді, – деді Тәбәрәк Жармағанбетов.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ХХ ғасырға дейін қазақтың сурет өнері кенжелеп қалған болатын. ХХ ғасырдың басында Әбілхан Қастеев бастаған суретшілер қазақ жеріне тың серпіліс ашып, жаңа образ алып келді. Бұл қатарда Сахи Романовтың да есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button