Білім

«Террикон алқабы»: 2025 жылға 10 мың IT маман

Қазақстан бойынша алғаш ашылған қарағандылық IT-hub – «Террикон алқабы» бүгінде елімізге танымал. Отандық 16 үздік IT мектеп және 14 өңірлік хаб арасында аймақ жастарының әртүрлі салаларда әзірлеген өнімдері әлем назарын аудартып отыр. «Террикон алқабы» түлектерінің АҚШ-қа оқуға шақырылғаны да Қарағандының абыройын асқақтатты. Ұлттық мерекемізге орай аймақтың ойы ұшқыр жастарының «Террикон алқабын» аралап қайттық. Өйткені, жігерлі жастарымыздың бұл саладағы жетістігі – Тәуелсіздік игілігі.

Жасанды интеллект ақиқатқа айналды

Жасанды интеллект жөнінде Орталық Азиядағы ең ірі IT форум Digital Bridge 2023-те айтылған. Экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие болғанымен, оның бәрібір «жасанды» екені анық. Алайда, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін елімізде барлық жағдай жасалмақ. Мемлекет басшысы «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар» деген болатын.

2022 жылы еліміздегі цифр­ландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу – цифрлық технологияны ілгері дамытуға мұрындық болмақ. Адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмысты автоматтандырып, ауқымды экономикалық құндылық қалыптас­тырмақ. Сарапшылар жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар екенін де зерттеді. Медицина, энергетика, био және гендік инженерияға елеулі өзгерістер әкелген жасанды интеллект – ой, сана, қарым-қабілет, білім алу, үйрену арқылы адам мүмкіндіктерінің барлығын істейтінін көрсетті. Бірнеше жыл бұрын Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкері жұмыстан босатылып, оларды робот алмастырғанын білеміз. Бүкіл салаға еніп, өмірді жеңілдеткенімен, елде жұмыссыз адамның көбею қаупі бар екені анық. Алайда, рес­публикалық «Жасанды зерде» ғылыми-зерттеу институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев «тіпті жасанды интеллект жетілдірілген жағдайда да шығармашылық, инновация қабілеті және адамның құзыретіне жататын әлеуметтік дағдылар сұранысқа ие болады және өзгеріссіз қалады» дейді.

«Террикон алқабының» тартуы

Аймақтағы «террикондықтар» жасанды интеллектіні дамытуға ешкім шек қоя алмайтынын айтады.

– Мәселен, қытайлар коронавируспен күрес кезінде смартфондарды мұқият қадағалап, миллион адамның бет-әлпетін танитын камералар арқылы инфекцияны тез анықтай алды. Елімізде адамға чип салу мәселесі қозғалуда. Біз оны тиімді деп санаймыз. Чип арқылы инфекция жұқтырып алған адамды дереу анықтап, басқаларды қорғаймыз. Жасанды интеллектінің жетістігінің бірі – осы, – дейді IT-hub «Террикон алқабы» директоры Сабыр Ниязов.

Жақында өткен Digital Bridge 2023-те Astana Hub Battle-ға қарағандылықтардың бизнес-бағдарламаларынан 10 стартап жоба қатысқанын атап өткен жөн. Жасанды интеллектіге бағытталған ұсыныс­тары қолдау тапқандықтан, алдағы уақытта «Тех Орда» бағдарламасының IT мамандықтары бойынша оқуға гранттар бермек. Жоспарлы капиталы $10 000 000 болатын Terricon Venture венчурлық қорын ашып, 5 стартапқа инвестиция салған. «Террикон алқабы» ашылған уақыттан бері 350-ден астам іс-шара өткізген олар, ағылшын тілдерінде бағдарламалауды үйренуге болатын IT мектепті іске қосыпты.

– Бүгінде Қарағанды ІТ-хабының түлектері Кремний алқабында білім алып жатыр. Он бес әлеуетті қазақстандық стартапшы АҚШ-қа оқуға кетті. Олардың ішінде «Террикон алқабы» Қарағанды IT-хабының төрт түлегі бар. Стартаптар Кремний алқабындағы қарқынды акселерация бағдарламасынан өтеді. Бұл оларға өз жобаларын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, акселераторға қатысқан «A-business» жобасы QazInnovations беделді грантын ұтып алу мүмкіндігіне ие, – дейді IT-hub «Террикон алқабы» директоры Сабыр Ниязов.

Бүгінде қарағандылық «Террикон алқабында» бірнеше IT және Digital мамандар бар. Мәселен, сандық маманның (дизайнер, маркетолог, SMM-менеджері) орташа жалақысы – 200 000 теңгеден басталса, IT мамандар (веб, мобильді әзірлеушілер, GameDev әзірлеушілері) жалақысы айына 300 000 теңгені құрайды.

– Қазіргі уақытта Қарағандыда цифрлы технологиямен айналысатын 6000-нан астам маман бар. Біздің мақсат – 2025 жылға дейін 10 мың IT маман даярлау,– дейді Сабыр Ниязов.

«Қарағандыда IT саласын дамыту қажет»

Digital Bridge 2023-те Мемлекет басшысы «аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет» деген болатын. Сондай жас­тың бірі – Әділ Хамит.

Өткен жылы облыс әкімінің жастарды қолдауға бағытталған грантын ұтып алған Әділ қазіргі таңда Astana Hub халықаралық технопаркінің резиденті. Нео компаниясында жұмыс істейтін ол Қарағандының «Террикон алқабында» тәжірибеден өткен. Әділдің білім саласына қатысты виртуалды «Жасанды интеллект» жобасы қазақша сөйлейді. Сондай-ақ, «Жасанды интеллектімен» сөйлесуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда студенттерге қазақ тілін үйреткісі келетін қазақстандық ЖОО-лар жобаға қызығушылық танытып отыр.

– Кез келген сала өзгерісті, дамуды қажет етеді. Қарағандыда әлі де болса IT саласын дамыту қажет. Осы мамандықта білім алып жүрген ЖОО студенттеріне қарап, IT маман болу үшін – белгілі нәрсені игеру жеткіліксіз деген ойға келдім. Базалық білім бойынша ағылшын тілі мен математикалық есептеулерді білуі керек. Кейін идея келеді. Базалық білім болмаса, бұл саланы меңгеру қиын. Ол «Мен телефонды интернетке қос­тым, IT саласын білемін» деген секілді құрғақ сөз болып қалады, – дейді ол.

Әділдің айтуынша, қазіргі таңда Қарағандыда IT саласын тегін оқытатын қазақша оқу бағдарламасын істеу керек. Kundelik.kz, Onay секілді өзге елдің жобаларын өзгерткенше, жастар жаңа жоба ойлап табуы тиіс.

– Әкім грантына өтініш бергенде жастарда сауда орнын ашу, балабақшаға қатысты жобалар болды. Менің IT жобам көпшіліктің назарын аударды. Себебі, бұрын-соңғы жасанды интеллект немесе бағдарламаларға қатысты жобалар кездеспеген. Сондықтан, грант беру сайыс­тарында IT-ге арналған жеке бағыттар болса, қатысушылар саны артып, ерте ме, кеш пе ол өзінің жемісін берер еді, – дейді Әділ.

«Террикондықтар» жасанды интеллекттен қорқудың қажеті жоқ деп санайды. Әділдің замандастары «Жасанды интеллектіден үнемі алда жүруіміз керек. Егер кешіксек, оның артында қалып кетуіміз мүмкін» дейді. Жастардың сөзіне сүйенсек, кез келген елдің стратегиялық жоспары – ғылымды, соның ішінде, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталуы тиіс.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button