Теміртаулықтар кезектен тыс сайлау өткізуді қолдады
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуді Теміртау қаласында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар қолдады. Кездесуге қалалық мәдениет мекемелерінің өкілдері мен Қарағанды индустриялық университетінің ғылыми қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелге жиылғандар Теміртау Тұңғыш Президенттің еңбек отаны екенін атап өтті. Қала тұрғындары, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері барша қауымды Қазақстан Республикасы азаматының конституциялық құқығын пайдаланып, еліміздің болашақ Президентіне дауыс беруге шақырды.
Кездесуде кезектен тыс сайлау қазақстандық қоғамның одан арғы даму жолын анықтауға және еліміз тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін сақтауға мүмкіндік беретіні де айтылды. Бастысы – қоғамның одан әрі экономикалық өркендеуін, демократиялануын, ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясатын қамтамасыз ету.
Дөңгелек үстел жұмысына белсене қатысып, өз ойларын ортаға салғандардың қатарында Теміртау тарихи-өлкетану музейінің директоры Н.Скорикова, КарГИУ тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Д.Жанабергенова, «Берегиня» орыс әндері халық ансамблінің жетекшісі С.Гежа, ТМС мәдени-сауық қызметі бөлімінің меңгерушісі Р.Алдашева, ҚР Тұңғыш Президенті тарихи-мәдени орталығының экскурсоводы Қ.Тыныбек бар.