Теміртауда жаңа балабақша ашылды

Мереке аясында теміртаулық сәбилер мен олардың ата-анасының да қуанышында шек болмады. Жылдар бойы басқа мақсатта пайдаланылып келген ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақшаға айналды.

Бүлдіршіндерді оқыту-тәрбиелеу орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Ғалым Әшімов, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысты. Күрделі жөндеуден кейін қайта түлеген ғимараттың көркі көз тоярлық. Балалардың сабақ оқитын, ойнайтын және дем алатын бөлмелері білім беру стандарттарына сай жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

— Біз екі жүзден астам балаларды қабылдай аламыз. Бүлдіршіндермен кәсіби мамандар жұмыс істейді. Қазір топтар жасақталуда. Үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған жеті топ, және үш жасқа дейінгі балаларға арналған үш топ болады. Ойыншықтар мен жиһаздардың барлығы экологиялық таза өнімдерден жасалған, – деді «Нұрай» балабақшасының директоры Елена Байкова

Жаңа балабақшаның табалдырығын аттаған сәбилер заманауи технологияның тілін де жетік меңгеріп шығады. Балабақшада робот құрастыру сыныптары, үш тілді үйрету орталықтары ашылған. Сондай-ақ, баланы дұрыс сөйлеуге және ән салып, би билеуге баулитын арнайы сыныптар бар екен.