Бас тақырыпТеміртау

Теміртауда – бағалы бастама

2019 жылдың 31 қазаны Теміртау қаласында идеологиялық жағынан да, мәні мен маңызы жағынан да ескірген көше атауларын еліміздің ұлттық болмысына сай етіп өзгерту мақсатында көпшілік тыңдау өткізіліп, 2 атаусыз сквер мен алты көшенің атын өзгерту мәселесі талқыланды. Жарыссөзге шыққан 35 адамның 28-нің оң пікір білдіруі және дауысқа салу барысында қатысушылардың 90%-ның қолдауымен жоғарыдағы ұсыныс қабылданды. Көпшілік тыңдау барлық заң талаптарына сай өткізілгеніне қарамастан, бұрынғы тоталитарлық кеңестік жүйені көксейтін адамдар тобы қарсылық білдіріп қана қоймай, ел ішінде іріткі салуға талпыныс танытуда.


«Фейсбук», «Телеграмм» және тағы да басқа әлеуметтік желілерде ұлт пен ұлыс өкілдерінің ар-намысына тиіп, арандату әрекеттері байқалуда. Осы жағдайдың асқынып кетпеуі және басталған игі істің нәтижесіз қалмауы мақсатында, өз елінің ұлтжанды азаматтары ретінде қолға қалам алуды ұйғардық.
Тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық астам уақыт өтті. Ұлттық санамызды модернизациялау, жаңа мазмұндағы алдыңғы қатарлы мемлекет құру ісін жүзеге асыру мақсатында, ескі идеологияның сарқыншағына айналған тоталитарлық мазмұндағы атаулардан арылатын кез әлдеқашан жетті.
Комсомолдар – коммунистердің ізбасарлары, яғни, тоталитарлық режимнің жауынгерлері. Көп елдерде коммунистік жүйені еске түсіретін белгілерді насихаттауға тиым салынған. Колхоздастыру кезінде, ашаршылықта, саяси қуғын-сүргінде комсомол ара түскен жоқ. Кешегі тоталитарлық саясат тұсында ел-жұртымыздың рухани тарихы, жер-су атаулары халықпен санаспай жаппай өзгертілгені баршамызға аян. Осы жүйе біздің ұлттық онамастикамыздың өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігі мен топонимикалық жүйесіне кері әсерін тигізді. Себебі елді мекен, көше, алаң аттарынан тәуелсіз мемлекет екендігіміз көрініп тұруы тиіс, өйткені тәуелсіз мемлекеттің бірден-бір белгісі ұлттық құндылықтарымыз болып саналады. Бұл – ұрпақ тәрбиесінің өзекті саласы, аса маңызды буыны.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды …» деп ерекше мән беруі – осының айқын дәлелі.
Ескірген көше атауларының заман талабына сай өзгеруі – ұрпақ игілігі, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра, қайталанбас құндылық екені, оны жаңа мазмұнмен байыта түсу, мемлекеттілікті нығайтудың басым бағыттарының бірі екені ақиқат. Ономастика саясаты мемлекет тәуелсіздігіне ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс. Теміртау қаласындағы көше аттары әлі күнге дейін орысша аталатыны жасырын емес. Олардың бәрінің тарихын қала тұрғындары, қала қонақтары, әсіресе, жастар біле бермейді. Көптеген көше аттары бұрынғы Кеңес Одағы кезінде қойылғаннан еш өзгертілмей айтылып келеді.
Қала бойынша 180-ге жуық көше атауларының тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Мәселен, қаланың басты даңғылының бiрi – “Комсомол”. Одан басқа да көшелер кеңес үкiметiнiң жендеттерiнiң есiмдерiмен аталып келеді.
Комсомол өз дәуіріндегі жастардың бәріне идеологиялық тұрғыдан берілген жалпы есім тұрғысында қызмет атқарды. Бірақ бұл Теміртауды тек комсомолдар ғана құрды деген ұғым емес. Теміртау тарихына көз жүгіртсек, 1957-1958 жылдар аралығында «Қазақстан Магниткасына» жер-жерден жастар келгені рас. Олардың арасында комсомол да немесе өз мақсаттарын көксегендер де болған. Сол жылдардағы Теміртау қақтығысы да осылардың үлесінде… .
Ел тәуелсіздігінің тарихы тек қана кеңестік кезеңмен шектелмейді, тамыры тереңде… Сондықтан көше атауларына ұсынылған тұлғаларымыздың өнер, білім, саясат, Отан қорғау жолындағы ерлігін, қажымас қайратын, сіңірген еңбегін бағалау, ұлықтау, қастерлеу – біздің парызымыз, асыл мұратымыз!
Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырып, жеріміздің сәні кіреді, халқымыздың рухы күшейеді.

Тулбахан ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button