Теміртау

Теміртау қыста тоңбайды

   Теміртау қаласының жылумен тұрақты қамтылуы – биліктегілердің басты назарында. Өйткені, былтырғы қыста қаланың жылу жүйесі жиі ақсап, тұрғындардан шағым түсетін. Ал, биылғы жылу беру маусымына дайындықты аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ жіті бақылауына алған-тын. Қыркүйек айында аймақ басшысы энергия көзінің жылыту маусымына қаншалықты дайын екеніне көңіл бөлген. Өткен жұма күні облыс әкімі Теміртаудағы ЖЭО-2 қазандықтарының жұмысымен танысты. Қаланың қысқа қамданысын, жылу беру маусымына дайындығын көрді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин қазіргі станцияның жұмысын баяндады.

–Жалпы, Теміртау қаласының көпшілік тұрғыны жылуды ЖЭО-2-ден алады. Сондықтан,  жылыту маусымын ойдағыдай өткеру – басты міндетіміз. Көпшілікке белгілі, судың сапасы өте төмен болып, соның салдарынан құбырларымыз бітеліп, жиі ақаулар шығатын. Бүгінгі таңда суға қатысты жағдай түзелді. Биыл ЖЭО-2-де  дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Оған қоса, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ЖЭО-2 негізгі және қосалқы жабдықтарын күрделі жөндеуге қаражат бөлді. Сондықтан, қала тұрғындары коммуналдық қызметтің барлық түрімен толық қамтылады, – деді ол.

Сондай-ақ, жуырда құбырдағы ақауға байланысты бір ай бұрын күрделі жөндеуден өткен № 5 қазандықты тоқтатуға тура келгенін, құбырда тесік пайда болғанын айтты. Кейін сәтті жөнделгенін жеткізді.

Айта кеткен жөн, биыл металлургтер қаласында алты қазандыққа жөндеу жұмыстары жасалды. Турбиналық цехта жабдықтарды жөндеу сәтті жүзеге асты. 30 қыркүйекте №2 турбогенераторға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу алмастырғыштар, қазандықтар тазартылды. Кестеге сәйкес, №6 қазандықты жөндеу 5 желтоқсанға жоспарланғанымен, мерзімінен бұрын аяқтау сәтті жүзеге асты. Әзірге, жылыту маусымының басында жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін бес жөндеу қазандығы жұмыс жасайтын болады. 6-шы қазандық қыстың басында іске қосылмақ.

Станция директоры Андрей Парамоновтың айтуынша, биылғы күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталды. Сондай-ақ, екінші қазандыққа кеңейтілген қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құбырларға арналған жабдық жұмыстары жаңартылды. Бүгінгі таңда станцияның қыс айларына арналған құжаттары дайын. 6-шы қазандық іске қосылады деп күтілуде.

Аймақ басшысы ЖЭО-2-нің 2018 жылғы жөндеу жұмыстары жоспарын қазірден бастап әзірлеу керектігін тапсырды.

«АрселорМиттал Теміртаудың» бас директоры Парамжит Калон алдағы уақытта Еуропалық қайта құру және дамыту банкімен сыртқы инвестицияларды жұмылдыруға тырысуда екенін тілге тиек етті.

Жалпы, компания басшылары қазандықтар жұмыс істеп тұр, әзірге теміртаулықтардың үйлері жылы деп сендірді. Алдағы уақытта қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бекітілген қажетті жылу механикалық параметрлер бойынша жүзеге асып, штаттық режимде жүргізіледі.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button