Теміртау

Теміртау қаласының әкімі Ақтау тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ әкімдерге халықпен ете жақын болып, әлеуметтің ахуалын ұдайы назарда ұстауды тапсырған болатын. Әкімдер ел ішін аралап, халықты алаңдатқан өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуы тиіс. Президент тапсырмасын орындау аясында Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ Ақтау кентіндегі цемент зауытының жұмысшы-қызметкерлерімен кездесті.

Аптаның бес күнін жұмыста өткізетін азаматтар әкімдік ұйымдастырған түрлі жиындар мен басқосуларға қатыса алмайды. Сәйкесінше, олардың үні билік өкілдеріне жетпей жатады. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін қала басшысы өндіріс ошақтарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуді қолға алды. Басты мақсаты – жұмысшылардың арыз-шағымдарын тыңдау, күрделі мәселелердің шешімін бірге іздеу.

Кездесу барысында кенттегі бос тұрған көп қабатты үйлердің жыл өткен сайын тозып, қоқыс тастайтын орынға айналып бара жатқаны айтылды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, жол, ауыз су, қоғамдық көлік, қоғамдық тәртіп және коммуналдық қызмет мәселелері де назардан тыс қалмады.

  • Кенттің шетіндегі Шевченко көшесінде тұрамын. Біздің көшеміз тұрмыстық қалдықтан бастап, түрлі жануарлардың өлекселеріне толып қалды. Терезені ашып, желдету мүмкін емес. Күн жылынған кезде олардан шыққан жағымсыз иіс төңіректі басып кетеді. Кенттің басқа аумақтарында тұратын азаматтар қоқыстарын осы көшеге төгуді әдетке айналдырып алды, – дейді Асылхан Жайнаған.

Бұл азаматтың сөзін қолдаған цемент зауытының инженері Галина Житкова жұмыспен қамту орталығынан кент көшелерін тазалауға жіберілген азаматтардың жауапсыздығын айтып күйінді. Оның айтуынша, көше сыпырушылардың жұмысын қадағалап жатқан адам жоқ. Бақылау болмаған соң, олар жинаған қоқыстарын арнайы орындарға емес, бос тұрған ғимараттарға апарып тастайды.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов көше тазалығына қатысты мәселені қатаң бақылауға алатынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, Ақтауды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінен тазартуға үш жылға жуық уақыт кеткен. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Әйтсе де, бәрін әкімдіктің мойынына артып, қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Жергілікті тұрғындар кенттің тазалығын сақтауға атсалысып, қоқысты бейберекет төккен азаматтардың үстінен шағымдануы тиіс. Сол кезде нәтиже болары анық.

Ақтау кентінде қаңырап тұрған көпқабатты үйлер көп. Ұзақ уақыт күтім көрмегендіктен көпшілігінің көркі кетіп, апатты жағдайда тұр. Олардың осыншалықты тозып кетуіне жергілікті тұрғындар да айтарлықтай үлес қосқан екен. Галина Житкованың айтуынша, металл сынықтарын іздеушілер бос тұрған үйлердің қабырғасын қиратып, кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлап, темір-терсек қабылдайтын орындарға өткізуді әдетке айналдырған. Ал, полиция қызметкерлері болса, мұндай дүниелерге көзжұма қарап, елемейді.

  • Біз бос қалған үйлерді коммуналдық меншікке алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әділет органдары олардың қожайындарын іздестіруде. Егер, олардың иесі табылмаса, сот арқылы коммуналдық меншікке өтеді. Содан кейін барып, ол үйлерді бұзу немесе қалпына келтіру мәселесін қарастырамыз. Қазір бұзсақ немесе қалпына келтіру жұмыстарын жүргізсек, ертең иесі табылып, сотқа беруі мүмкін. Сондықтан да, бәрі заң аясында шешіледі. Ұрлық мәселесіне келсек, ол – барлық шағын елді мекендердің бәріне ортақ мәселе. Теміртау қаласының өзінде кәріз құдықтарының қақпақтары жиі ұрланады. Олардың бәріне бейнабақылау камераларын орнатып, полицейлерге күзеттіріп қою мүмкін емес. Сондықтан, шойын қақпақтарды резеңкемен алмастырдық. Бірақ, бәрібір ұрланады. Бұл – ең алдымен адамдардың санасына қатысты дүние. Тұрғындарды мұндай бассыздықтармен бірге күресуге шақырамын. Қандай да бір металл ұрлығы немесе қоқыс тастау оқиғасының куәсі болсаңыздар, құзырлы органдарға хабар беріңіздер, – деді Ғалым Әшімов.

Жиын барысында жол мәселесі де көтерілді. Мәселен, №28 мектепке баратын жолдың сапасы сын көтермейді. Жауын күндері балшықтан көз ашпаса, күн ашықта қою шаң қолқаны қауып жүргізбейді екен. Әрі, жол бойындағы шұңқырлар балалардың өміріне қауіп төндіруі де мүмкін.

Ақтау кентінің әкімі Тимур Ақылбаев бұл мәселемен жақсы таныс екенін жеткізді. Әйтсе де, әзірге кент көшелеріндегі жол жөнделмейді. Басты себеп – ескірген су желілерін ауыстыру. Тек осыдан кейін ғана, көшедегі жолдар тегістеліп, қалпына келтіріледі.

Ақтаулықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе – «Теміртау-Ақтау» бағытындағы қоғамдық көлік жұмысының сын көтермеуі. Кент тұрғындары Теміртауға бару үшін сағаттап аялдамада тұруға мәжбүр. Автобустар жексенбі күні мүлдем жүрмейді екен. Кентте жеке аурухана жоқ болғандықтан, тұрғындар дәрігерге қаралу үшін Теміртауға барады.  Автобустың уақытылы жүрмеуі, айтарлықтай қиындық келтіруде.

Жолаушы тасымылымен айналысатын мердігердің Теміртау әкімдігінен субсидия алғанын айтқан қала басшысы бұл мәселені қатаң бақылауға алуға уәде берді. Ал, аурухана мәселесіне келсек, қазір Ақтау қаласында емдеу бөлімі жұмыс істеп тұр. Сол жерге Теміртау қаласынан маман дәрігерлер апта сайын келіп, қабылдау жүргізеді екен. Бірақ, тұрғындар дәрігерлердің келіп-кеткенін кеш біліп, сандарын соғып қалып жатады. Сондықтан, қай күні, қандай дәрігерлер келетінін тұрғындарға алдын ала хабарландырылмақ.

Кездесу соңында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдардың барлығын өз бақылауына алатынын және тиісті органдарға тапсырма беретінін айтты. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға өзінің жеке телефонының нөмірін де берді. Қарапайым халық өзекті мәселелерді қала әкіміне әлеуметтік желі арқылы немесе телефон арқылы тікелей жеткізе алады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button