Бас тақырыпЖаңа Қазақстан

Темір – бізден, тебен ине – шетелден

Еліміз кенге бай дейміз. Бірақ, соны әлі күнге дейін өз пайдамызға толық жарата алмай отырмыз. Отандық өндірістің жағдайы мәз емес. Мемлекет басшысы осыны қадап айтты. Өйткені, Қазақстанда шыққан шикізаттың қызығын біз емес, шетел көруде.

Бұдан 7 мың жыл бұрын адам мыс өңдеуді үйреніп, мыстан жасалған құралдар тұрмысқа енді. Қазақстан аумағында мыс өндіру мен өңдеу ісі тас дәуіріндегі екі тұрақ бойынша зерттелді. Ол энеолиттік ескерткіштер: Ботай (Солтүстік Қазақстан) және Шебір (Маңғыстау) тұрақтары. Энеолит дәуіріндегі ерекше ескерткіш – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы (б.з.б. 3-2 мың жылдық). Ол 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақтан садақ ұштары, найзалар, балталар, пышақтар, ине мен біздер табылған. Осының бәрі мыс пен темірден жасалды.

Біз сол күндерде жасалған дүниені қазір өндіре алмай отырмыз. Тек, қыруар байлықты қазып алып, шикізат күйінде шетелге жіберуді білеміз.

Мысалы, былтырғы жылдың 9 айында «Қазақмыс» корпорациясы катодты мыстан – 166,7 мың тонна, құйма алтыннан 4 394 келі өндірген. Ал, Қазақстандағы электролиз зауыты – еліміздегі алғашқы және жалғыз жоғары таңбалы алюминий өндіруші кәсіпорыны жылына 258 мың тонна алюминий өндіреді. Осы өнімнің барлығы дерлік шикізат түрінде шетел асады. Мәліметтерге қарасаңыз, осы сөздерге көз жете түседі. Былтырғы жылдың 9 айындағы есеп бойынша 181 мың тоннадан аса дайын өнім экспортталды. Жалпы, біздегі алюминий өндірісінің 90%-ы сыртқа кетеді, оның 70%-ы – Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне, 20%-ы – Ресейге, ал қалған 10%-ы өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Керісінше 10 пайызды шетелге жіберіп, өзімізде 90 пайызды өңдесек болмай ма?

Қазақстанда бірнеше зауыт ашылды. Машина құрастыратын. Бірақ, барлығы дерлік қосалқы бөлшекті сырттан алады. Өйткені, елімізде бөлшек шығаратын зауыт-фабрика жоқ.

Шетелдерде қоқысты кәдеге жаратып жатқанда, елімізде әлі күнге дейін отандық өнімді қалай пайдаланамыз деп бас қатыруда.

Біз, «дайын асқа тік қасық» деп сатып алғанға мәзбіз. Зауыт ашуды айтсақ, бірден басымызды ала қашамыз. Қиын деп. Оңай нәрсе бар ма?

Тәуелсіздік алған 90-шы жылдары ауылдағы бағандардағы сым, ауладағы су құятын алюминий құты, бұзылған техника тиынға Қытайға кетті. Әлі күнге дейін бұрыннан қалған темір-терсекті жинап, шекара асыру саябырситын емес.

– Біз темір-терсекпен жұмыс істейміз. Қазір темірдің келісі – 100-110 теңге, ал, мыс 3430 теңгеге бағалануда. Латунь келісіне 1730 теңге береді. Жаз-күз мезгілінде трактормен жер астындағы ескі құбырларды қазып алып, өткіздік. Қысты күндері ескі техникаларды бұзамыз. Жақында Балқаш қаласында болып, көне кемелерді бөлшектедік, – дейді Жанболат есімді азамат.

Міне, осыған қарап отырып-ақ, елімізден қанша байлық сыртқа кетіп жатқанына куә боламыз. 3430 теңгеге саудаланған мыс, өзімізге тауар ретінде келгенше бағасының 5-6 есе өсетініне сенімдімін. Өйткені, электр жабдықтары дүкенінде мыс сымының бір метрі 500 бен 1000 теңге аралығында саудалануда. Ал, сол бір метрде қанша грамм болатынын есептей беріңіз?! Бұл – бір мысал ғана. Қазір әлемдегі 200 алюминий алыптарының ішіндегі ең үздік ондық қатарында келе жатқан Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ 14 жыл ішінде 3 миллион тонна алюминий өндірген. Яғни, сонша байлық шетел асты деген сөз…

Әлемде мыстың 50 пайызы электр өткізгіш құрал ретінде пайдаланылады. Мыс электротехникада кабель, электрогенератор, телефон және телеграф жабдықтарын, радио аппаратуралар жасауда қолданылады. Мыстан жылуауыстырғыштарын, вакуум-аппараттарын, құбырөткізгіштерін дайындайды. Мыстың қорытпалары басқа металдармен қосылып, машина жасау, автомобиль және трактор өнеркәсібінде, химиялық аппараттарды жасауда қолданылады. Бұл заттарды шығару бізде қолға алынбаған. Шетелден импорт болып келеді.

«Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда», – деді Мемлекет басшысы.   

Шикізат саудасымен қашанғы айналысатынымызды уақыт көрсетеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асып кеткен.

Дегенмен, өзімізден шыққан қосалқы бөлшектерден жасалған техниканы ғана «Қазақстанда жасалған» немесе «Отандық өнім» деп атайтын күн алыс еместігіне сенгің келеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button