Өтелген парыз
Өткенді ұмытпау – ұрпаққа парыз. Жеңістің 80 жылдығы да аталып өтті. Дәл сол 9 мамыр күні Айтбай-Айтқұл ұрпақтары атамекені – қасиетті Қарасу жеріне қарай ат басын бұрды. Ақшатау кентіндегі мешітте соғыс ардагерлері, майданнан қайтпаған боздақтарға, тылда еңбек етіп, жерге тері сінген ата-әжелерге ас беріп, «Парыз» атты кітаптың тұсауын кесті.

Жинақты құрастырып, шығарған «Айтбай-Айтқұл» қорының басқарушысы, «Құрмет» орденінің иегері Темірбек Тәкібаев пен жазушы, журналист Аңғар Смағұл.
1941-1945 жылдар аралығында осы ауылдан аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін 35 азамат майдан даласына аттанған екен. Қ.Жақсылықұлы, Б.Кәріпұлы, С.Ілиасұлы, Қ.Әбілдаұлы, Х.Әймембетұлы, Ә.Омарбайұлы, А.Садықұлы, Ә.Садықұлы, Т.Әбеуұлы, Е.Әлібекұлы, З.Әркенұлы, Ш.Тәтиұлы, Д.Сқатайұлы, З.Ысқақұлы, С.Қашағанұлы, А.Бекішұлы, С.Әбдірахманұлы, Т.Сағымбекұлы, Р.Сағымбекұлы, Қ.Исаұлы сынды азаматтар қайтып оралса, Ж.Жахметұлы, Р.Жахметұлы, Х.Мырзахметұлы, Қ.Мырзахметұлы, Қ.Әймембетұлы, Ә.Мұстапаұлы, І.Мәжібайұлы, Х.Әбеуұлы, Н.Күшікбайұлы, Б.Ыбырайұлы, О.Мұқанұлы, Қ.Жақсылықұлы, А.Махаұлы, Ә.Елеуұлы, Ә.Елеуұлы, Қ.Исаұлы майданнан қайтпады, кейбіреулері хабарсыз кетті.
– Осы орайда, ұлы мереке қарсаңында қан майданға қатысып, тылда еңбек еткен аталарымыз, әкелеріміз, ана-әжелеріміз, яғни Айтбай-Айтқұл ұрпақтарының атын тарихта қалдыру мақсатында Серік Рымбекұлы бауырымыздан ұсыныс түсті. Майдан, тыл ардагерлердің тізімін жасап, майдандағы, тылдағы ерліктері жайлы деректер жинап, кітап шығару ісіне шұғыл кірісіп кеттік. Бұл мәселе менің де көкейімде жүрген болатын. Жоспар құрып, нақты іске кірістік, – дейді Темірбек Тәкібаев.
Алғашқы қадамды Серік Рымбекұлы, Ермек Сембек, Темірбек Тәкібаев баба басына барып, әруақтарға дұға бағыштап, аталардың разылығын алудан бастады.
– Біздің бастамамыз ағайын арасында қызу қолдау тапты. Үлкендеріміз – Әділ Қадырұлы ағамыз, Хакім Әбдіғұлұлы, Жансері Омарұлы, Мекен Хамитқызы апайымыз өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. Дереу уақыт өткізбей бауырларымыз ардагерлеріміз жайында дерек-мәліметтерді жинауға кірісіп кетті.
Сонау соғыс кезінен қалған, сақталған құжаттар орыс тілінде, қағаздары сарғайған фотосуреттері тозған анық көрінбейді. Осындай айғақ-деректерді қалпына келтіру, орыс тілінен қазақ тіліне аударып, өңдеп, кітапқа кіргізу біраз қиыншылық туғызды.
Алдымызға мақсат қойғаннан кейін ардагер ата-әже, әке-апаларымыздың рухы үшін туындаған мәселелердің бәрін орнымен шеше білдік. Бауырларымыз кітапты бастыруға және кітаптың тусаукесерін өткізіп, ардагерлеріміздің рухына арнап ас беруге керекті қаражат жинау ісінде үлкен белсенділік көрсетті. Баба ұрпақтары Ә.Қадырұлы, Х.Әбдіғұлұлы, Р.Манарбекұлы, Б.Кенбайұлы, А.Тонтайтегі, Г.Оңалысқызы, Ж.Оразайқызы, Қ.Әбілдина, Р.Жақанқызы, Н.Өлмесұлы, Қ.Тайтөлеуұлы, Г.Тоқтамысова, Ж.Мұқанов, К.Әпендина, Г.Омарқызы, Р.Қауғабаев, Т.Ермағанбетұлы, Ө.Әбілмашұлы, Д.Шәкірбекқызы, А.Мұратұлы, Р.Көкжалов, Б.Хабиқызы, С.Шаймерденова, т.б. кітап материалын жинауда белсенділік көрсетіп, қолдарынан келген көмектерін аямады.
Жарық көрген газет пен кітап материалдары авторларының суреттерін қоса беруді дұрыс деп таптық. Өйткені олардың көбі қаламгерлер, суреттері осы материалдармен бірге жарияланған болатын. Кітабымыз бес тараудан тұрады. Төрт тарауға алғысөз жазған авторлардың суреті материалмен бірге басылды.
Қалай болғанда да, ұмытылып бара жатқан аталарымызды бір түгендеп алдық, шашыранды тарихымыз бір орталыққа топтасты, басқа жұрттарға үлгі боларлық маңызды жұмыс жасалды. Мұның бәрі сіздердің қолдауларыңыз бен ұйымшылдықтарыңыздың нәтижесінде болып жатқан өркенді жұмыстар.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында олардың аты-жөнін айтып кету – парызымыз, – дейді Темірбек Тәкібаев.
Арнайы аста Шет ауданының Құрметті азаматы Әділ Бәкіров, жазушы, журналист Аңғар Смағұл, алыс-жақыннан келген ағайын сөз сөйлеп, бір парыздың өтелгеніне куә болдық.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
журналист
№218