Бас тақырып

Технократ дәуірі дабыраны көтермейді

Кейінгі жұрт бейіт салудан жарысқан еді. Қорымдардың арасынан биік-биік күмбездерді байқайсыз. Бірі-бірінен өтеді. Бұл астамшылдық бір уақытта халық арасында қызу талқыға түсті. Қазақ байтағында аруақтар қаласы тірілердікінен қалыспай келеді. Коммуникациясы мен коммуналдық жүйесі жоқ демесеңіз… Ендігіде бай-бағландар мешіт салудан алдына жан салмай жатыр. Мешіт салып, ашылуына орай ұлан асыр той өткізу сән болып тұр. Бұны теріс деуден аулақпыз, әрине. Дін қуатты болсын дейтін ел едік. Бірақ, мектебі, кітапханасы тозған ауылдар бар. Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында көтерген. «Өңірлерде өз қаражатына мешіт салып жатқан кәсіпкерлердің шынайы, игі ниеттерін түсінемін. Бірақ жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай, спорт кешендері салынса, мешіт салғаннан кем емес игілікті және пайдалы іс болар еді. Ұрпақтары осындай нақты істерді бағалап, риза болатынына сенімдімін» деген. Мешіт салудағы ниет қандай және құлшылық үйлері ұлт болашағы үшін нендей рөл атқармақ?

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Мешіт салу сән бе?

Жаратқанға шүкір, бүгінде мыңды, жоқ дегенде жүзді айдаған бай көп. Мемлекет те оларға барынша қолдау көрсетіп отыр. Қайырымдылары да аз емес. Кәсібі дөңгелеген азаматтар туған ауылына жәрдем етуден қалыспайды. Өкінішке қарай, басым бөлігі тек мешітпен ғана шектеледі. Мәселен, биыл Қарқаралы басында Мәди Бәпиұлы атындағы зәулім мешіт мүміндерге есігін айқара ашты. Құлшылық үйі сол өңірдегі бай-бағландардың қолдауымен бой көтерді. Той іздеген жұрт Қарқаралыға ағылып, дүбірі шартарапқа жетті. Қуанған ел серке тартты, жүйрік жарыстырды. Той бір күндік дабырамен өте шықты.

Ал, аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Қасым Аманжолов ауылында жаңа мектеп салынып бітпей жатыр. Ауыл әкімі Ербол Исатайұлының айтуынша, құрылысы 2022 жылы басталған.

Былтыр іргетасы қисық болып, қайта бұзылғанына өзіміз де куәміз. Қыркүйекте балалар жаңа мектепте оқи ма, жоқ па? Белгісіз. Ескі мектеп қауіпті. Қабырғалары темір тіреулердің арқасында ғана әзер тұр. Әне-міне құлайын деп тұрған ғимаратқа оқушыны қалай отырғызып қоясыз?! Ата-ана да баласын жібергісі жоқ.

Сол ауылдық округке қарайтын ауылдардың кітапханалары бұрынғы қабырғасы қырық жамау тапал ғимараттарға жайғасқан. Кейінгі жылдары бұл ауылдық округтен озат оқушылар шығып, лег-легімен түрлі деңгейдегі білім олипиадаларынан жүлде алуда. Стандартқа сәйкес қауіпсіз мектеп, жаңа кітапхана салынса…

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін»

Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қаукенқызының сөзінше, ауылдық, тіпті, аудан орталықтарындағы кітапханалар заман талабына сай келмейді.

– Аймақтағы, соның ішінде, ауылдық кітапханалар заман талабына мүлде сәйкес емес. Ғимараттары ескі, ішіндегі материалдықтехникалық базасы әбден тозған. Ауылды былай қойғанда, тұрғындар көбірек шоғырланған аудан орталықтарындағы жағдай да мәз емес. Көбірек оқырман тарту үшін әлбетте кітапханаларда жағдай жасалуы тиіс. Оқырман өзін қолайлы сезінгені абзал. Ал, осы міндеттерді атқармай, халықты жаппай кітапқа тарту мүмкін емес деп айтуға болады. Бұл мәселе облыс аумағындағы барлық ауылға қатысты, – деді Айгүл Қаукен­қызы.

Облыстық дін істері басқармасының ресми дерегіне сүйенсек, облыс аумағында 128 мешіт бар. Қарағанды облысы Қазақстан бойынша мешіті ең аз өңір екенін де атап өткен жөн. Бірақ, жыл сайын жаңа мешіттер аймағымыздың түпкір-түпкірінде бой көтеруде. Оның үстіне, жаңа мешіттің ашылғанын естімей қалу мүмкін емес. Себебі, құлшылық үйінің ашылуына да той жасау сәнге айналған. Ат баптаған атбегілер мен той-томалақтан қаржылай жүлде ұтуға кәніккен балуандар, көкпаршылар «қай жерде қандай мешіт ашылады екен» деп жалтақтап отыратын секілді бұл күнде. Тіпті, жүлделі орындарға су жаңа автокөліктер тігіліп жатады. Қыруар қаражат.

Бүгінгінің тренді не?

Бір мәселеге бір жағынан ғана қараудан аулақпыз. Кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Мешіт салсаң, ел аузына ілігесің, мақталасың, барған жеріңде төрге озасың. Дегенмен, бүгінгі күннің тренді – осы. Оның үстіне, мешітке деген сұраныс күннен-күнге артып бара жатқандай. Жас өрен кітапхана мен мектепке емес, құлшылық үйіне асығатынын әлеуметтік желіден көруге болады. Білім қуатын шағында дінге неге құштар болды? Жас бала нендей күнәсі үшін кешірім сұрайды? Міне, ел ақсақалдары бас қатыратын сауал бұл. Алаштың біртуар перзенті, есімі жаһанға мәшһүр физик, «Ғасыр адамы» деп мойындалған Темірғали Көкетаев осыған қатыс­ты пікір білдірді.

– Мынау елде жаппай мешіт салынуына қарсымын. Елдің болашағына жаның ашыса, мектеп сал. Жас ұрпақ білім алсын. Ғылыммен айналыссын. Ертең мұнайдың да заманы өтеді. Сол уақытта мына жұртқа шырақ жағатын тұлғалар керек. Ал, егер бәрі жаппай дін қуып, мешіт жағалап кетсе, не болмақ? Құлшылыққа фанатизммен берілген баланың білімде шаруасы болмайтынын естіп, біліп жүрмін. Бұл – қауіпті үрдіс деп сеніммен айта аламын. Технократиясымен әлемді аузына қаратқан Жапония, Германия, Кореяға көз тастаңыз. Олар ғылымды шарықтатқан қуатты буынды дінсіз-ақ тәрбиеледі. Ғылымы мен білімі қуатты ел ғана дегеніне жететінін түсінуіміз тиіс. Қаптатып мешіт салғанша, сол қаражатқа бала оқытайық. Ерекше балаларды іріктеп алып, шетелдің үздік деген жоғарғы оқу орындарына жіберейік. Білімін, тәжірибесін дамытып, туған еліне қызмет етсін. Міне, істің жөні осы деп есептеймін, – дейді ғалым.

Дәулеттіден ілім қалсын

Өткенге көз жүгіртсек, қазақ жақсылықты қайырымды байлардан көрген. Дәулетті адамы бар ауылдың жетімі де, жесірі де тентіремеген. Тіпті, ханның әскерін ат-көлікпен, азықпен қамтамасыз еткен. Қазақ даласын толықтай отарлау үшін іргедегі отаршылдар осы байлардың соңына түсті емес пе? Сол әрекеттері арқылы мынау жұртты тіреуінен айырған. Орыс даласында училищелер пайда болғанда да зейіні бар, ынтасы зор ауыл балаларын қыр асырып оқытқан да солар еді. Пәленбай бас жылқы төлеп, ауылына хат танитын оқымыстыларды алдыртқан. Бала оқыту – ұлт келешегі үшін маңызды екенін түсінген олар. «Ғылым таппай мақтанбау» керектігін түйсінген. Ғылымсыз адамзат өркениеті алға баспайды. Хәкім Абай да «Алланың хикметін сез» деді. Ал, хикметті сезу үшін ғылым тілін үйренбек керек.

Сөз соңы

Қазақтың жас буыны дәл бүгінгі күні екіге бөлінген. Бірі – әлеуметтік желідегі трендтің соңында, енді бірі – мешіт жағалап жүр. Ал, алдымызда жасанды интеллектінің, адамзат өркениетін жүз жылдықтарға ілгерілететін технократтардың дәуірі күтіп тұр.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button