Саран

Тауық жылынан табыс күтеміз

    Көктемнің жаңару мен түрлену мерекесі – Наурыз мейрамы Саран қаласында да кеңінен атап өтілді. Қалалық Мәдениет үйі ауласында киіз үйлер тігіліп, шығармашылық жұмыстар, қолөнер бұйымдары көрмесі қанат жайды.

Түрлі ойындар мен концерттік бағдарламаны ұлттық тағамдар толықтырып, көптеп келген тұрғындардың көңіліне шуақ, бойларына қуат сыйлады. Қаламызда Ұлыстың ұлы күні әрдайым көз қызығарлық, көңіл тоярлық деңгейде ұйымдастырылады. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін алаңнан табылуының бір себебі осы.

Саран қаласының әкімі Анатолий Шкарупа тұрғындарды құттықтап, Жаңа жыл жарқын бастамаларға, жемісті жетістіктерге толы болсын деген ниетпен үлкен сахнадағы ағашқа түрлі-түсті лента байлады.

Сонымен қатар, Мәдениет үйі алаңында мүмкіншілігі шектеулі жандардың қолымен жасалған түрлі бұйымдардың көрме-сатылымы ұйымдастырылды. Мұнымен қоса, аз қамтылған отбасылар қорына арналған қайырымдылық жәрмеңке-сатылымы да өтті. Бұдан бөлек, тігілген ақ боз үйлердің бірінде қазақ халқының үй жабдықтарынан, тұрмыс-тіршіліген мол ақпар беретін көрсетілім-көрмесі де тұрғындар назарына ұсынылды. Алаң орталығында мемлекеттік мекемелер мен түрлі меншік нысандары кәсіпорындарының ұжымдары әзірлеп, гүлмен безендірген ақ шатырлар бой көтерді. Тұрғындар мерекелік дастарқанға қойылған құрт-ірімшік, бауырсақ тағамдарымен қатар, наурыз көжеден де ауыз тиді.

Өз кезегінде, қаланың шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары театрландырылған қойылым ұсынып, тұрғындарды ән мен жырға, күй мен биге бөледі. Жергілікті артистерден бөлек, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнер майталмандары да мереке ажарын келтіріп, тыңдармандарды өз өнерлерімен таңдандырды.

Арқаның ауа райы бұл күні ызғарын шашып тұрғанымен, ниет білдіргендер қалалық «асық ату» сайысына қатысып, кір көтеріп, арқан тартысты. Ал, тұрғындардың қызығушылығын оятқан – алтыбақан болды. Алтыбақан тебуге кезекке тұрғандар саны қаншама.

Бір сөзбен айтқанда, сарандықтар Наурыз мейрамын барынша көңілді өткізуге тырысты. Жаңа жылдан жаңа бақыт, жаңа арман күткен жерлестеріміз табалдырығымыздан аттаған тауық жылынан мол табыс күтуде.

Надежда ЦХАЙ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button